Ақтөбеде 6 мыңнан астам отбасы баспаналы болды
Тұрғын үй
2024 жылы «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ақтөбеліктерге 950 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспар артығымен орындалып, өткен жылы 6 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіалаңында өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев айтып берді.
Оның айтуынша, өткен жылы баспана кезегінде тұрғандарға арнап 800-ге жуық үй салынған. Облыс орталығынан 630 пәтер қолданысқа берілген болса, аудан тұрғындарына 170 баспана кілті табысталған.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2024 жылы облыста 964 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің үлесі 425,7 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үй — 538,3 мың шаршы метр. Өткен жылы облигациялық қарыздар есебінен салынған Қарғалы тұрғын үй алабында 5 жобаның құрылыс жұмыстары аяқталды. Ол 2023 жылы бастау алған болатын. Бұдан бөлек үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған жалпы ауданы 18,3 мың шаршы метр болатын 298 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық 7 тұрғын үй салынды,— деді А.Жарасбаев.
Басқарма өкілі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары және көпбалалы отбасылар санаттары үшін дайын пәтерлерді сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Бұл бағытта облысқа республикалық бюджеттен 2024 жылы 140 млн теңгеден астам дайын 12 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінген.
Айта кетейік, пәтерлер Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында сатып алынды. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары және көпбалалы отбасылар үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы есебінен өткен жылдың аяғында 57,6 мың шаршы метр болатын 872 пәтер сатып алған.
Айдана АЛТЫБАЕВА.