Басты жаңалықтар

Баспанаға қол жеткізген бағдарламалар

«Қолжетімді баспана — арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз».

 Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қашанда маңызын жоғалтқан емес. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар да баршылық. Мемлекет үй кезегінде тұрған халықтың табысына, санатына қарай баспаналы болуына барынша мүмкіндік жасап келеді. Енді жаңа жылдан бастап тұрғын үй саясаты  түгелдей реформаланып, үй кезегінде тұрғандардың  баспаналы болуы бұрынғыдан да жеңілдейтін болады. «Отбасы банкінің» қызметі кеңейтіліп, жұмысы жеделдей түспек. Себебі Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға дейін  жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойып отыр.

Облыста тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған қолжетімді баспана жобалары қандай? Өткен жылдың қорытындысы бойынша қанша отбасы баспанаға қол жеткізді? Тұрғын үй саясатына енгізілген өзгерістер мен биылғы жоспар жайлы тарқатпақпыз. Сонымен…

Үкімет отырысының өткен айдағы жиынында Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс индустриясыел экономикасындағы маңызды салалардың бірі екенін, оның тұрғын үймен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес қосымша жобалар да іске аспақ. Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды. Ол баспанамен қамтамасыз етудің ашық әрі түсінікті жүйесін құруға мүмкіндік беретінін және жаңа жеңілдетілген бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артатынын айтты.

1000-нан астам отбасы баспаналы болды

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың мәліметінше, былтыр жыл соңына дейін 13 млрдқа жуық теңгеге 1014 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасымен 225 отбасы баспаналы болса, «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 50-ге жуық адам пәтер кілтін алды. 789 отбасы кезек тәртібімен баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ  аймақта мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден бөлек, нарықтағы үйлер де сатып алынды. Осыған сәйкес Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үй кезегінде тұрған 34 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 120-ға жуық отбасы әлеуметтік осал топтар санатына жатады.

Қала бойынша әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған,баспана кезегінде тұрған 13 мыңға жуық тұрғын бар. Олар — сегіз санат бойынша кезекте тұрғандар. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оған теңестірілгендер, ата-анасының қарауынсыз қалғандар, көпбалалы аналар мен  көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, басқа мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер мен жесірлер жатады.

Одан бөлек өңірде жарияланған төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан зардап шеккен 500 отбасына үй салынса, 513 отбасына нарықтағы дайын үй сатып алынды.

Жалпы, Ақтөбеде баспанаға мұқтаж 28 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр, — деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл. Тұрғындарды үй кезегіне қою  жұмысы 15 күннің ішінде жүзеге асады дейді мамандар. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін болдырмау мақсатында әкімдік жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылады.

Өңірде қолжетімді баспана алу мақсатында аз пайызбен несие рәсімдеу «Отбасы банк» арқылы жүзеге асатыны белгілі. Енді «Отбасы банк» Ұлттық Банк даму институты деген жаңа мәртебеге сай қайта құрылмақ. Барлық өңірдің жүйесі бірыңғай республикалық  электронды базаға көшіріледі. Ол үшін тұрғын үй кезегінде тұрған Қазақстан азаматтары, қандастар туралы мәліметтер жаңа Ұлттық даму институтына жолданатын болады.

2024 жыл Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін үлкен бетбұрыс кезеңі болды.  Мемлекет басшысы «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «бір терезе» қағидаты бойынша баспанаға мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүзеге аспақ. Сондай-ақ 2025 жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй кезегіне тұру барлық тұрғын үшін қолжетімді болады. Ол үшін соңғы бес жылда атына рәсімделген үй болмауы немесе баспанасы тұруға жарамсыз деп танылуы керек. Баспананы бөлу кезінде кезекке тіркелген күн ескеріледі. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар үшін басымдық сақталады, — деді «Отбасы банк» облыстық филиалының өкілі Ертай Жидебаев.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйінің кілтін алған қала тұрғыны Сейтжан Әмрешев баспана кезегіне 15 жыл бұрын тұрған. Ата-анасынан ерте айырылған ақтөбелік екі бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Бұл сәтті ұзақ күттік. Жаңа жылды өз үйімізде қарсы алдық. Бұған дейін жалдамалы пәтерде жүрдік. 15 жыл ұзақ уақыт. Дегенмен армандар орындалатынына сену керек. Жас отбасымыз. Үй өте әдемі, жарық әрі кең, — деді ол.

Мемлекеттік бағдарламаның жемісі

«Отбасы банктің» жергілікті филиалында қызу тірлік. Бұл жергебас сұғатындардың бар мақсаты — баспаналы болу. Үлкен үмітпен келген талай отбасы қуанышқа кенеліп, қоныстойын тойлап жатыр. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» облыстық филиалы бірлесіп, тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған өңірлік бағдарламаның бірі — «Ақтөбе жастары». Бағдарлама аясында облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қаражат бөлінсе, 500 миллионтеңге «Отбасы банк» арқылы тағайындалған.

— Бағдарлама бойынша 18-35 жастағы азаматтар қатысты. Жалпы 1825 азаматтан өтінім түскен болатын. Қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған тәуелсіз конкурстық шешіммен жоғары ұпай жинаған 608 үміткер іріктеліп, «Отбасы банк» облыстық филиалына жолданды. Бүгінде 50-ге жуық отбасы баспана кілтін алды. Өңірде 18-35 жасқа дейінгі 15 мыңнан астам ақтөбелік тұрғын үй қорында кезекте тұрғанын ескерсек, «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жастардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Биыл аталған бағдарламаның 4-кезеңі жыл ортасына дейін жалғасын табатын болады. Өйткені жоспар бойынша 70 жас ақтөбелікті баспанамен қамту қарастырылған болатын, — деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов.

Аталған бағдарламамен баспаналы болған Ару Тілеубаева 2016 жылдан бері мемлекеттік қызметкер санаты бойынша үй кезегінде тұрған.

2018 жылы «Отбасы банк» арқылы жеке шотымды ашып, қаражат жинай бастадым. 2024 жылдың тамыз айында «Ақтөбе жастары» бағдарламасы туралы естіп, құжаттарымды дайындап, рәсімдедім. Екі айдан кейін банктен конкурстан өткенім туралы хабарлама алдым. Дереу барып, әрі қарай жасалатын қадамдардан өтіп, үй таңдауға кірістік. Екінші нарықтағы үйді таңдау мүмкіндігіміз барын ескертті. Жеке шотымызда алатын үйдің алғашқы жарнасы ретінде 10 пайызы болды. Бұл — бағдарламада көрсетілген басты шарттың бірі еді. Бізге үй таңдау қиынға соқты. Дегенмен бір ай уақыт ішінде Алтын Орда шағын ауданынан үйімізді таңдап, 6 пайыздық несиемен сатып алдық. Жастарға осындай мүмкіндік берген өңір басшылығына алғыс айтамын,— деді Қызылжар орта мектебінің мұғалімі.

Облыста 975 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

Мемлекет басшысы жылына 10 мың адам жалға берілетін тұрғын үймен қамтылуға тиіс деген болатын. Облыста былтыр бұл бағытта баспана кезегінде тұрғандарға арнап 800-ге жуық үй салынып, облыс орталығында 630 пәтер қолданысқа берілген. 170 баспана аудан орталықтарында үлестірілді.

 Ырғыз, Әйтеке би, Мәртөк, Байғанин аудандарының тұрғындарына жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап,кілттерін табыстадық. Биыл Шалқар, Ойыл, Алға аудандарына жалдамалы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары тұр. Облыста баспана кезегінде тұрған 30 мыңға жуық тұрғын бар. Баспанаға мұқтаж адамдардың саны азаймай тұр. Осыған сәйкес биыл мыңға жуық отбасына баспана кілтін табыстау жоспарланды. Сондай-ақ жергілікті билік алдағы 7 жыл ішінде 9 миллион шаршы метр үй салуды көздеп отыр, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Сондай-ақ үй кезегінде тұрғандарға «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары арқылы да пәтер алуға болады. Алғашында бастапқы жарна көрсеткіші жоғары — 20 пайыз болса, биыл 10 пайызға төмендеді.

Аталған бағдарлама наурыз айынан бастап іске қосылады. Мәселен, «Наурыз» бағдарламасы шеңберінде жаңадан салынған үйді жөндеусіз ала беруге болады. Алғашқы жарна да 10 пайызға төмендеді. Бірақ тіркелген тұрғынның жеке шотында кемінде 2 миллион теңге болуы керек. Үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін «Отау» бағдарламасының мөлшерлемесі 9 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. Ай сайынғы салым жинақтау мерзіміне еш шектеу жоқ. Қарыз алушы бағдарламаға өтініш берер кезде депозит аша алады. Ал бұрын жеке жинақ шотына 1,5 жыл бойы қаражат жинау талап етілетін. Сондай-ақ несие сомасы өңір тұрғындары үшін 18 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін артты. «Наурыз» бағдарламасында қандай көрсеткіштерге балл берілсе, сол көрсеткіштер бойынша «Отау» бағдарламасында да берілетін болады. Жалпы ұпайлар отбасылы болуына, бала санына байланысты қойылады. Сонымен қоса белгілі бір санат бойынша кезекте тұрған болса, оған тағы қосымша ұпай беріледі. Аталған екі бағдарлама үшін алғашқы жарна 20 пайыздан басталады. Несие мерзімі — 19 жылға дейін.

Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады, — деді “Отбасы банк” облыстық филиалының өкілі Ертай Жидебаев.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button