Ардагерлер орталыққа барды
Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарымен кездесті. Қариялардың жағдайымен танысып, жатын орындарын, асхана, демалыс бөлмелерін аралады.
Бүгінде Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернатта 232 адам тұрады. Кездесу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов орталық тұрғындарын мерекемен құттықтап, облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан теледидар мен көркем әдебиет кітаптарын табыстады. Іс-шарада ардагерлер кеңесінің жұмысы туралы баяндама жасалды.
— Қазіргі уақытта облыс аумағында барлығы 95 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Өңірдегі ардагерлер кеңесі олардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырып, белсенділіктерін арттыруды, денсаулықтарын нығайтуға қамқорлық жасауды үнемі назарда ұстайды. Ардагерлер кеңесінің негізгі бағыттарының бірі — ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, жастарға патриоттық тәрбие беру мен олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру, кәсіптік бағдар көрсету.
Қазіргі таңда облыста 2890 тыл ардагері, Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 1886 адам тұрады. Соғыста қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлері 253 болса, жалғызілікті қария саны — 1871. Облыстық ардагерлер ұйымы құрылымы жағынан 1 облыстық, 1 қалалық, 2 қалалық аудандық, 12 аудандық, 309 бастауыш ұйымнан тұрады. Сонымен қатар облыс көлемінде халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерден құрылған 16 салалық ардагерлер ұйымы бар, — деді ол.
Мерекелік іс-шарада С.Шаңғұтов ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Орталық тұрғындары ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:
— Қыста ауланың қарын тазалаймыз, жазда гүл егіп, абаттандыруға атсалысамыз. Бос уақытымда кітап оқып, спортпен шұғылданамын. Интернаттың қоғамдық іс-шараларынан қалыс қалмауға тырысамын. Мұндағы қызметкерлерге ризамын. Олар қамқорлық танытып, барлық жағдайымызды жасайды. Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, дәрі-дәрмегін береді. Тамағымыз дайын, киіміміз жуулы. Жаңа жылда құттықтап келген облыстық ардагерлер кеңесінің ұжымына алғысым шексіз. Халқымыз аман болып, еліміз өркендей берсін, — деді орталық тұрғыны Тен-Чинхай Диндуза.
Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты. Халықтық «Атамекен-Асылым» ардагер аталар мен аналар ән ансамблі замандастарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.