Электронды сауданы дамыту мәселесі қаралды
Жиын
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында электронды сауда нарығын дамыту мәселесі қаралды. Мәселені талқылау барысында облыс әкімі Асхат Шахаров отандық өнімді әлемдік нарықта өткізу үшін қосымша табыс көзі ретінде электронды сауданы пайдалану қажеттігін атап өтті.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, облыста 36 мыңнан астам ШОБ субъектісі тіркелген. Оның ішінде 4726 кәсіпкерлік субъектісі интернет желісімен тапсырыс беру арқылы бөлшек саудамен айналысады.
Кәсіпкерлер өз бизнестерін кеңейту үшін интернет-дүкендер мен әлеуметтік медиа сияқты әртүрлі платформаларды белсенді пайдаланады. Көптеген туристік агенттіктер мен қонақүйлер өз қызметтерін онлайн платформалар арқылы да ұсынады. Тұрғындар қажетті тауарларға қолжетімді баға және маркетплейстер арқылы кең көлемде тапсырыс бере алады.
Халық арасында ең танымал интернет-дүкендер мен маркетплейстер: Kaspi, Wildberries, Ozon және тағы да басқалары.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электронды коммерцияның (маркетплейстерді қоса алғанда) үлесі 12,7% болды. Ақтөбе облысында электронды коммерция көлемі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7,9 млрд теңгеге жетті (Қазақстан бойынша 6-орын). Болжам бойынша 2024 жылы бұл көрсеткіш 9,0 млрд теңге болған.
Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық маркетплейстердің ұсыныстарын ескере отырып, электронды коммерция кәсіпкерлерін оқыту курстарын іске қосты. Былтыр 9 оқыту семинары өткізілді, оның 7-еуі онлайн форматта.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директоры Динара Хасанғалиева атап өткендей, «Қазпошта» Қазақстанның барлық аумағында тауарларға халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, инфрақұрылымдық алаң ретінде электронды сауданы дамытуға ықпал етеді.
— Біз компанияның экожүйесін дамытып жатырмыз, Keden, Keruen қызметтері іскерлік серіктестікті дамытудың негізгі қызметтерінің біріне айналды. Бүгінде АҚШ, Германия, ҚХР, Оңтүстік Кореяның әлемдік электронды алаңдарында тапсырыс берген клиенттер өз тауарларын Қазақстанда көрсетілген мекенжайға дейін ала алады. Qazpost Keruen сервисін жетілдіру және Ұлыбритания, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерді қосу жоспарланып отыр, — деді Динара Хасанғалиева.
Облыс әкімі сауда саласындағы процестерді цифрландыруды жеделдетуді және озық IT-шешімдерді енгізуді, отандық онлайн-дүкендерді дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол үшін төлем жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және курьерлік қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру керек.
М.ТАБЫН.