Жаңалықтар

Күдікті қамауға алынды

Қылмыс

13 қаңтарда кешкілік Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі жеке үйлердің бірінде қылмыстық оқиға болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтің мәлімдеуінше, 13 қаңтарда сағат 20.00 шамасында Жедел басқару орталығына Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үйден бір адамныңкепілге алынғандығы туралы хабарлама түскен.

Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда күдіктімен бұрын таныс болған бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды. Күдікті ешқандай талап қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөзден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция кезінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе әлгі әйелдің  пышақ жарақатын алған егде жастағы ата-анасы табылды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі ауруханаға апара жатқан жолда, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетуде, — деді департамент бастығы.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. «Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады», — деді Абай Жүсіпов.

Оқиға қаланың Мәскеу ауданында болған. Қылмыс болған үйдің аумағында тұратын тұрғындар, сол күні кешкі сағат сегіздің шамасында маңайда полиция көлігінің қаптағанын жеткізді. Көп ұзамай жедел жәрдем көлігі де жеткен. Аталған ауданның жұртшылығы сол  түнді ұйқысыз өткізгендерін айтады. Қанды қылмысты естіп есеңгіреп қалған. «Айдың-күннің аманында мұндай жайттың болуы зәре-құтымызды қашырды», — дейді тұрғындар. Ал марқұмдармен көше тұрғындары етене араласпаған екен. Алайда бұл үйден бұрын-соңды ұрыс-керіс болғанын естімедік деседі.

— Кешкі асты ішкен соң, тамақ тарқатайын деп далаға шыққанмын. Айналада полиция қызметкерлері толып жүр. Шынымды айтсам, қорқып кеттім. Бірінен не болып жатқанын  сұрадым. «Апа, қорықпаңыз, аманшылық, үйіңізге кіріңіз» деді. Үйдің есігін іліп алып отырдық. Түнімен көз ілмедік. Есік алдындағы машинаны аулаға кіргізіп қойдық, — дейді сол жердің тұрғыны Маржан Тәжікенова.

Сол аумақта тұратын Сәмет Шүйіншалиев те қылмыс болған түні үрейленіп, ұйықтай алмай шыққанын айтты.

— Үйде кішкентай немерелеріміз бар. Жантүршігерлік оқиғаны естігенде есеңгіреп қалдық. Сол түні айналада полиция қызметкерлері қаптап жүрді. Не болғанын білмедік, — дейді.

Облыстық полиция департаментінің  мәліметінше, күдікті мен кепілдегі әйел бір-бірімен жақсы таныс болған. Ұсталған 40 жастағы күдіктінің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге айтылмады. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында белгілі болмақ.

Ал облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышевтің айтуынша,  ауруханада жатқан 1984 жылғы келіншек дәрігерлердің бақылауында.

Түнде сағат 12 жарымда облыстық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен екі адамды алып келді. Біреуі 1984 жылы туған әйел адам. Оның миы шайқалған, бетінен жарақат алған. Келген бойда жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір жағдайы қалыпты, —  деді дәрігер.

Ал облыс әкімдігі марқұмдардың жерлеу рәсіміне қажетті көмекті көрсетпек. Бұл туралы аймақ басшысы Асхат Шахаров мәлімдеді.

— Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқықтық бағасын құзырлы органдар беретін болады.

Қазіргі уақытта зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетілуде. Ал марқұм болған азаматтарды жерлеу рәсіміне қажетті көмек ұйымдастырылады. Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қауіпсіздікшараларыбақылауымда, — деді өңір басшысы.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button