Жаңалықтар

Батыр қызға тағзым

Әлия — 100

14 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 81 жыл толды. Осыған орай сейсенбі күні ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованы еске алып, рухына тағзым етті.

Патриоттық іс-шараға Әлияның туыстары, облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары мен депутаттары, ардагерлер, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, әскери бөлімдердің, жергілікті жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Алдымен батырдың мемориалды ескерткіш кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров батырдың есімі мен ерлігі халық жадында мәңгі сақталатынын айтты.

Биыл батыр апамыздың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай өңірде ауқымды ісшаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биыл  Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше назар аударылатынын, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өшпес ерліктерін, жауынгерлеріміздің ерлігі мен есімдерін ұлықтауға арналған зерттеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Аты аңызға айналған жерлесіміздің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілетін іс-шаралар республикалық салтанатты іс-шаралар тізіміне енгізілді. Облыстық деңгейде батырдың 100 жылдығына арналған 100-ден астам іс-шараны қамтитын жоспар бекітілді.

Отан үшін от кешкен жерлесіміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әлия Молдағұлованың ерлігі мен Отанға деген адалдығы туралы естеліктер болашақ ұрпаққа тәлім болар құнды қазына, — деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында облыс әкімі Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеу аясында облыста өткізілетін іс-шаралар туралы айтты. Батырды еске алуға арналған байқаулар, гала-концерттер, спектакльдер, танымдық кештер өткізу жоспарланған. Атап айтсақ,  «Ғасырларға жалғасқан ерлік» халықаралық форумы, «Әлия гүлінің» достары балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының X халықаралық фестивалі, «Ұмытылмас бейне» республикалық суретшілер мен мүсіншілер байқауының көрмесі, қыздар арасында пневматикалық қарудан ату бойынша «Мерген ару — 2025» республикалық байқауы, «Әлия — ән. Әлия — жыр. Әлия — дастан» республикалық ақындар айтысы, сондай-ақ «Әлия» мюзиклі премьерасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының «Әлия» музыкалық-драмалық перфомансы өтеді.

Іс-шара барысында Әлия Молдағұлованың туыстары да сөз сөйледі:

1941 жылы мамыр айында Ленинградта өмірге келдім. Ол уақытта Әлия — 16 жасқа толмаған бала. Мені перзентханадан өзі көтеріп алып шыққан. Осының өзінен-ақ Әлияның қайсар қыз болғанын көруге болады, — деді Сапар Молдағұлов.

Сол күні Ақтөбе қаласындағы Шернияз көшесі бойында орналасқан Әлия Молдағұлованың ескерткіш-бюсті маңында батыр қызды еске алу іс-шарасына қала тұрғындары көп жиналды. Жиналғандар алдында он тоғыз жасында ел қорғау жолында өмірден өткен Әлияның өмір жолы, ерлік істері туралы баяндалды. Кезінде батыр қыз туралы дастан жазған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев ерлік пен елдік, патриоттық сезім туралы әсерлі әңгіме айтты, биыл туғанына жүз жыл толғалы отырған Әлия ерлігінің жүректерде мәңгі алау болып жанып тұратындығын жеткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Қоғамдық» келісім мекемесінің қызметкерлері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, білім беру, мәдени-ағарту саласының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары батыр рухына тағзым етіп, оның ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойды.

Жас өрендер Әлия апаларына арналған жыр шумақтарын оқыды.

Сонымен қатар 100 жылдыққа дайындық аясында Қобда ауданы Әлия ауылдық клубында, «Әлия» патриоттық орталығында және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды мұражайында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде Ақтөбе қаласында «Әлия» заманауи мәдени-патриоттық орталығын салу, сондай-ақ мемориалды мұражай ашу жұмыстары басталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button