Математика пәнінің білгірі
Өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың алғашқы жылдарын мектепте бірге еңбек еткен аға буын ұстаздардың бейнелері әлі күнге көз алдымда тұрады. Солардың бірі Кішіқұмның төл перзенті, Тоғыз орта мектебінде ұзақ жылдар бойы математика пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз Ыбырайым Ысқақов болатын.
Ағамыз 1950 жылы 25 ақпанда Шалқар ауданының Шеңді ауылында (75-разъезд) теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1956-1957 жылы №429 бастауыш мектебіне 1-сыныпқа барып, 7-8 сыныпты Жаңақоныс ауылында жалғастырып, 9-10 сыныптарды Шалқар қаласындағы №1-ші қазақ орта мектебінен аяқтады. 1966-1967 жылдары №75 разъезінде теміржол саласында еңбек етті. Кейін Ақтөбе пединститутында оқып, математика пәні мұғалімі мамандығын алып шықты. Шалқар ауданы Шетырғыз кеңшарының Қаратоғай ауылындағы К.Маркс атындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастады. Ал 1973 жылдан 2015 жыл аралығында Шалқар ауданы Шілікті ауылындағы Тоғыз орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Білім беру саласында 48 жыл үздіксіз қызмет етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», аудан әкімінің қаржылай сыйлығымен, облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Математика пәні — ең қиын пәндердің бірі. Жоғары сыныпта үздік оқушылардың өздері де қиналатыны бар. Осындайда Ыбекең олармен ерінбей көбірек жұмыстар жүргізетін. Мұғалімдер бөлмесінде отырғанда түрлі есептерді шешудің әртүрлі жолдарын тауып, қосымша ізденіп отыратын.
Арасында аудандық білім бөліміндегі өткізілетін оқушылардың пәндік олимпиадасына және аудан мектептерін аттестациялау комиссияларының алқа мүшесі болып қатысқан сәттерінде білім саласының мамандары ағамызға «Математика пәнінің алыбы» деп, білікті математик екендігін жоғары бағалайтын! Жасында ғылым жолына түскенде бәлкім үлкен ғалымда боларма еді… Бірақ ұстаз ауылда қалып, абыройлы еңбек етті, зор құрметке ие болды!
Ағамыз өте зерек, есте сақтау қабілеті өте жоғары еді. Сонау артта қалған жылдардағы оқиғаларды ұмытпай айтып отыратын. Шахматты жақсы ойнады. Аудандық жарыстарда жүлдеге ие болған кездері де болды.
Зайыбы Бақытылы апамызбен бірге Тұрсын, Дархан, Еркебұлан есімді балаларын оқытып, тәрбиелеп өсірді.
Соңғы 2-3 жылда денсаулығы сыр бере бастады.
Кішіқұм өңірінің білім беру саласының дамуына өз үлесін қосқан абзал азамат биыл 22 қазанда өмірден озды. Математика пәнінің алыбы болған Ыбырай ағамыздың есімі оны білетіндердің және шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады!
Аққайыр ОРАЗБАЕВ
«Кішіқұм» ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы, ардагер ұстаз.
Шалқар ауданы Шілікті ауылы.