Ұстаздардың ұстазы еді…
Өнеге
Кім-кім үшін де тәлім берген, болашаққа жол сілтеген ұстаздың орны ерекше.
Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», — деген екен.
Біз үшін ұстаздардың ұстазы бола білген Ниеталы Мырзатаев та сондай адам еді. Ол кісінің сабырлы қалпы, іс-қимылымен-ақ көп жайды ұғындырып, бағыт бере білетін көрегендігі, білімділігі мен біліктілігі — бәрі-бәрі бізге үлгі болатын.
Ол менің ұстаздық қызметімнің бастауына жолдама беріп, өмірдің қыр-сырын білуге, осы жауапты кәсіпті игеруге бейімдеді.
Сонау 1972 жылы Шалқар қаласындағы№496 теміржол мектебіне имене басып, жүрексіне кірген мені көреген басшы Ниеталы Мырзатаев қызметке қабылдай отырып, жауапкершілік пен еңбекқорлықты талап ететіндігін де аңғартқан еді. «Ұстаз болу — өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген сөздің дәнін әр мұғалімнің санасына еккен де, оның жемісін көруге себепкер болған да осы біздің аяулы басшыұстазымыз Ниеталы ағай еді.
Білікті басшы ешқашан бір орында отырмайтын. Себебі мектептің тыныс-тіршілігіне қадағалау жасап, оны мүлтіксіз орындауға бар ынтасымен араласатын. Ұжымның педагогтік жұмыстарын ұйымдастырып, уақыт ағымына қарай жаңашылдық енгізіп, ізденіс үстінде жүретін. Мұғалімнің білімін арттыруға аса мән бере отырып, әр мұғалімнің сабағына қатысып, талдау жасап, жетістігін мақтап, ал жіберген қатесіне тоқталып, оны болдырмау жолдарын қарастырып, тәжірибесі мол ұстаздардан үйренуге, әрі оны үйрету үшін қажетті жағдайларды жасауға ықпал жасаған қамқор басшы бола білді.
Мұғалімнің кәсіби шеберлікке жетіп, өз мамандығының білгіріне айналуы бір күндік емес, өмірлік ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында келетінін біз ағайдан үйрендік, оны өзімізге үлгі ете отырып, сол сара жолда тынбай қызмет ете білдік.
Олай деуіме қырық жылға жуық ұстаздық еңбегімнің еленіп, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуымды мақтанышпен айта аламын. Менің қатарымда осындай жандар, замандастарым аз болған жоқ.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, еңбек жолымда тәрбиелей отыра оқытып, үлкен өмірге қанат қақтырған көптеген шәкірттерім ел мақтанышына айналып, қоғамға пайда әкелген елдің тізгінін ұстаған азаматтар болуы ұстаздық көңілімді шалқытады.
Демек, ұстаз алдын көрген біз«Мұғалімнің ұстазы» бола білген Ниеталы ағайдың шәкірт-мұғалімдері бүгінде құрметті еңбек демалысында жүрміз. Саналы ғұмырымызда ұрпақ тәрбиелеп, оны оқытуда жол көрсеткен ұстаз Ниеталы ағаның жарқын бейнесін әрдайым көңіл төрінде сақтаймыз.
Ниеталы аға 1961 жылы Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, ұстаздық еңбек жолын тың өлкесі — Ақмола облысының Новоалексеевка ауданындағы Толқынкөл орта мектебінде мұғалімдік қызметтен бастаған.
1962-1997 жылдар аралығында Шалқар қаласында мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, №496 қазақ, №39 орыс орта мектептерінің және Шалқар
қалалық сегіз жылдық мектеп-интернатының директоры қызметтерінде болды. Халық ағарту ісінің үздігі атанды.
Ниеталы ағаның өмірлік серігі Балзия Мұратова апай да ұстаз болып еңбек етті. Ол ұзақ жылдар Шалқар қаласында жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген ұстазы атақтарына ие болды.
Балзия апай да ұстаздық еңбек жолын ағамен бірге Ақмола облысында бастап, Шалқарға келгесін №496 орта мектепте, одан кейін бір кездері өзі түлеп ұшқан №1 орта мектепте математика пәнінен дәріс берді.
Олардың өнегелі отбасында Жаңабек, Мұхтар, Ғалымжан, Ғазиза, Ләйла, Ғани есімді ұл-қыздары тәрбиеленіп, бесеуі Мәскеуден жоғары білім алды. Барлығы да бір-бір мамандық игеріп, жақсы азаматтар болып қалыптасты.
Ниеталы ағайдың тағы бір ерекшелігі — қай кезде де газет-журналдарды көптеп алдырып, өзі үзбей оқитын, сондай-ақ бізді де сол дағдыға қалыптастырды.
«Баспасөз — өміріміздің айнасы, барлық жаңалық-өзгерістерді, әріптестеріміздің озық тәжірибесін күнделікті газеттерден аламыз, соны ескеріңіздер», — деп отыратын әрдайым.
Өткен жылы облыстық «Ақтөбе» газетінің алпыс жылдан бергі оқырманы ретінде оған ерекше құрмет көрсетіліп, «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығы Алға қаласындағы «Шипагер» шипажайына жолдама берді.
Өнегелі ұстаз өмірден өткенінше үлкендіктің мол үлгісін көрсете білді, өзі бағдар етіп ұстанған имандылық жолында жарқын жүзбен, сәулелі жүрекпен айналасына шуақ шашып жүрді.
…Ұлағаты мол ұстаз Ниеталы Мырзатаев бүгінде арамыздан алыстап кеткенімен, оның жарқын бейнесі, кісілік келбеті біздің жүрегімізден мәңгілік орын алады. «Жақсының аты өшпейді» деген осы болар, сірә.
Ділдаш БАТЫРҒАРИНА,
ардагер ұстаз.