Тағзым

Соғыс қасіретін бастан кешкен жан

Соғыс атаулының өзі тіл жетпес трагедия — баға жетпес сансыз адам өмірі әп-сәтте жойылып, талай арман-мақсат, тыныс-тіршілік құрдымға жұтылып, бүткіл дүние қанжоса болып қала беретін аса қайғылы құбылыс. Сондай соғыс өртінен тірі қалғандар да өздерін ешқашан басқалардай бақытты сезіне алмас, себебі олардың көкіректеріндегі қатқан жазылмас жарақаттар баяғы көріністерді оңайшылықпен ұмыттыра қоймасы анық. Ал енді сол сұрқы бөлек сұрапыл соғыстан әреңдегенде аман шығып, бейбіт өмірдің ауасын кішкене де болса еркін жұтып, енді-енді ел қатарына қосылған кезде әлдебір жендеттер сол  жеңімпаз майдангер жауынгердің маңдайына қара мылтықты тіреп қойып, ажал оғын тигізуге, өмірін жазықсыз қиюға оқталып жатса, қалай бағалар едіңіз ондай тосын озбырлықты?

Менің баяндамақ болып отырған әңгімемнің желісі сондай жеңімпаз майдангердің өкініштілеу өмір жолына арналмақ, ол  кісі — Байғанин ауданының жергілікті тумасы, оның ішінде қазыналы Жем өңірінде сіңірген еңбегімен, намысшыл мінез-құлқымен, әңгімешілдігімен біршама танымал болған соғыс ардагерлерінің бірі.

Адамның өмірі көк тиынға айналып, құнын жоғалтқан замандар да біздің еліміздің тарихында кезең-кезеңімен қайталанып отырған. Осындай Ұлы Отан соғысының салқынымен тұспа-тұс орын алған кертартпа саясаттың кесепаты менің әкем Қалыбек Нұрмағанбетов сияқты патриот солдаттардың тағдыр-талайын, жастық шақтағы арман-мақсатын аяқасты қылып, үлкендер құлағымызға сіңірген «жазмышты» олардың маңдайына еріксіз жазып берген. Соның арқасында «жазмышына» амалсыз көнген мыңдаған жауынгер Сібір ормандарында, Тайгада, адам қоныс теппеген, климаты суық өлкелерде ұзақ жылдар басқалардан оқшау жағдайда өмір өткізген, тағдыр тауқыметінің құрбаны болған.

«Адам жаны — сірі» демекші, менің әкем бір емес, екі рет «халық жауы» атанып, сол кездегі Қылмыстық кодекстің атышулы 58-бабына ілігіп, ешбір кінәсіз екі мәрте ату жазасына кесілген. Бірақ өмірге құштар жанның жүрегі бәрін көтерген, жарылып кетпеген, заңға қайшы қос бірдей үкімді араға үш жыл салып өз құлағымен ести тұра, қайсарлық танытып, ешкімнің алдына жүгінбеген, кешірім сұрамаған. Олай ету себебі — оған  туған елі мен Отанын ешқашан ешкімге сатпағандығы, ел алдында  ешқандай кінәсіздігі мәлім болатын, тіпті, бәлкім, сұрғылт заман бояуын өзгертіп, күні оңынан туып жатса, түбінде бір ақталатынын да сол алмағайып заманның өзінде сезген  болуы керек…

Екі рет тағайындалған ату жазасы жиырма бес жылға қоршаулы лагерьде жаза өтеуге екі мәрте ауыстырылғанда да, әкем болашақ өмірден күдерін үзбеген, өмірді арпалыс деп бағалап, тіршілік үшін күресті жолы түскен Магадан жерінде де жалғастыра берген.

Осы деректі әңгімемді жазу барысында бұған тақырыптас шолуларды кімдер және қалай жазған екен деген оймен республика көлемінде шығатын газет-журналдарды біршама ақтарып, ізденіс жасадым. Баршылық екен. Және де терең толғап, адам тағдырын өсек-аяңнан, шындығы саяз алыпқашпа  әңгімелерден жоғары қоятындар екен ондайды жазатындар. Солардың ішінде заманымыздың ұлы жазушысы  Мұхтар Мағауиннің «Адырна» әдеби-көпшілік журналында жарық көрген қиқыметті тағдыр иесі, соғыс кезінде тұтқында болған, қазақтан шыққан бірінші скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев туралы соғыс дәуірінің қайғылы статистикасымен қабаттаса өрілген ойлы шығармасын назар аударып оқып, керек жерлерін түртіп алдым.

Әңгімемнің басынан тоқтала кетуім керек, әкем Қалыбек Нұрмағанбетов, 1922 жылы Байғанин ауданында қарапайым адамдардың отбасында дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған. Жалғыз шешесінің қолында өсіп, жастайынан еңбекке араласқан, қиындықпен әбден шыныққан.

Жарқамыс орта мектебінен тоғыз кластық білім алған. Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ, түнерген 1941 жылдың күз айы кезінде өзінің тұстастарымен армия қатарына алынып, басында Орынбор облысында бірнеше ай жауынгерлік дайындықтан өткен. Одан қолына винтовка алып, мұздай қаруланған жауға қарсы қатерлі соғысқа араласып, көрсеткен белсенділігі үшін әртүрлі марапаттауларға  ие болған. Иықтарына автомат асынып, оқ боратқанда жан-жағын азан-қазан  қылатын немістерге қарсы бес оқты винтовкамен-ақ тойтарыс берген солдаттардың арасында  болған екен менің әкем.

Ұлы Отан соғысының басында Кеңес Одағы армиясының қарулану қуаттылығының төмендігі, жетілмегендігі барша жұртқа аян болатын, бірақ, керісінше, отаншылық, патриотизм деген алға итермелеуші күш біздің әскерилердің санасын өрескел билеп, жаудан тайсалдырмаған екен.  «Әскербасылардың талайы арқамнан қағып, «молодец, сары қазақ» деп ризалықтарын білдіретін» деуші еді сондай патриот әкем кейініректе ауылдастарына өз өмірінен сыр шертіп отырған көңілді кездерінде қалжың-шыны аралас. Өз заманының мемлекет қайраткерлері Сталин, Жуков, Рокоссовскийлер туралы да біршама әңгімелер айтатын, оларды шүбәсіз әспеттейтін. Сол айтқандары күні бүгінге дейін ел аузында қалды.

Артынан офицерлік шенге ұсынылып, Сталинград майданындағы 863-полкте взвод  командирінің міндетін атқарып жүргенінде жау оғынан жарақат алған. Содан қарусыз-қамсыз  Калачинск әскери госпиталінде ем алып жатқанында мұздай қаруланған жау әскері 1942 жылдың 25 тамызында ол аймақты түгелдей басып алып, мың сан жауынгермен бірге амалсыздан тұтқынға түскен.

Екі жылдай өмірін фашистік Германияның басып алған жерлеріндегі әртүрлі концлагерлерінде  аса қиыншылықпен өткізген. Титықтататын аштық, азаптаудың сан түрі, қала берді ұшы-қиыры жоқ ауыр жұмыс пен ұйқысыз-демалыссыз өткізген сан күндер, айлар — әкем көрген тозақтың бір парасы ғана. 1944 жылдың орта шенінде әкемді Ортаазиялық тұтқын жауынгерлердің бір тобымен Франция жеріндегі әйгілі Түркістан легионына жауынгерлер дайындайтын, жан-жағы тікенек тормен қоршаулы, қарулы немістер күзететін мекенжайға алып келеді. Бұл кезең фашистік Германияның барлық майданда да әбден шаршап, жүні жығылып қалған уақыты екен. Шамасы ендігі жерде Кеңес үкіметінің территориясында орналасқан мұсылман елдеріне диверсанттар түсіріп, ішінен ірітугежергілікті ұлт адамдарын жіберуді қолға алса керек. Сонымен не керек, әртүрлі концлагерьлерден жиналған мыңдаған адам бірнеше казармаға орналасып, бекітілген тәртіпке сай тіршілік ете бастайды. Бұл жердің тамағы, тұрмыс-тіршілігі қанағаттанарлық жағдайға қойылған екен. Әкем осы жерге жеткізілісімен дәрігерлерге бұрыннан жазылмай жүрген жарақаттарын көрсетіп, сандық реті төртінші казармаға орналасады. Себебі денсаулығы төмен әкем секілді адамдар әлгі жерде ем алып, оңалту жағдайларына бейімделуге тиіс екен. Әкемнің өзі тиістіөкілдер қаншама уәделерін үйіп-төгіп жатса да, Түркістан легионында қызмет етуге әуелден іштей қарсы болған, себебі ой-санасымен екшелеп көргенде бұндай жағдай орын алса, өз Отанының алдында мәңгілік кінәлі болып қалатынын түсінген. Күйе бір жағылса, одан қалған өмірінде тазарудың өте қиын екенін жақсы білген. Және де бұл әскери жүйенің фашистік армиямен бірдей аз уақытта жойылып кететіндігін, ешқандай болашағы жоқтығын  білгендіктен Франция жерінде қанат жайған астыртын күштердің адамдарымен байланысқа шығуды жөн көреді. Сондай ниеттегі кісілер өз казармасының ішінен де табылады. Бәрі сыртпен байланысып, солардан  нұсқау, бұйрық алып отырады. Лагерь басшылығы әкемді аздап оңалғаннан кейін легиондағы есеп жүргізу жұмысына тартады, бірақ  іріктеуші топтардың алдында оның немістердің түпкі тапсырмасын атқаруға жарамайтындығы көрініп қалады. Оған себеп — әкемнің әңгімелерінен өз Отанына, ел-жұртына, елдегі жалғыз шешесінің тағдырына деген алаңдаушылық сезіліп тұрады. Бірақ Кеңес мемлекетінің тылына жіберілетін адамдарды таңдайтындар да бұрынғы күні үшін сондай жолға түскен кеңестік тұтқын командирлер екен, әкемді немістерге ұстатып жібермей, өз іштерінде қалдырады. Сөйтіп жүргенде сырттан бұйрық келіп, легионның ішінде жүрген молдаларды  жазалау жөнінде тапсырма  беріледі. Молдалардың көпшілігі  бұрыннан  елдегі саясатқа қарсы болған, содан соғыс өрті тұтанған кезде Кеңес армиясына шақырылысымен, бірінші мүмкіндікті пайдаланып өз еріктерімен жауға берілген жандар екен. Олар Түркістан легионындағы немістік идеологияны толығымен қолдап, тұтқын мұсылмандарды диверсанттар қатарына кіруге, болмаса француздық партизандарға қарсы соғысқа шығуға белсенді үгіт-насихат жұмысын жүргізіпті. Енді соларды жазалауға тапсырма  алысымен, астыртын топтың мүшелері, ішінде әкем де бар, бір өтірік-шынды себеп тауып, әлгілермен жанжалдасады, аяғында екі үлкен топ болып бір-біріне қол жұмсап, төбелеседі. Төбелеске дайындығы аздау молдалар үлкен соққы алады, аяқ-қолдары сынады.

Соның салдарынан бір топ Ортаазиялық жігіттер, ішінде қазақтары да бар, қамауға алынып, тексеріске ұшырайды. Бірақ оларды қанша қинаса да, төбелестің шын шығу себебі анықталмайды. Төбелес шығарушылардың астыртын ұйыммен байланыстылығы ешбір күдік туғызбай, ақыр аяғы олар өз казармаларына қайтып оралады. Енді молдалар олардан қорқып, бұрынғыдай тұтқындарды еркін билеп-төстей алмайтын жағдайға ұшырайды, сөйтіп, Кеңес үкіметіне қарсы жұмыстарын бәсеңдетуге мәжбүр болады.

Алғашқы жеңіс тұтқын жігіттерді жігерлендіреді, ал Францияның партизандық күштері тарапынан түркістандық азаматтарға деген сенім ұлғая түседі. Әкем де іштей өзінің таңдаған жолының дұрыстығына шүбә келтірмейді, Отанына оралар күн туса, кінәсіздігін дәлелдейтініне сенеді. Бұрынғысынша лагерішілік жұмысынан қол үзбей, есепшілердің тобында жүре береді. Сөйтіп  жүргенде Түкістан легионында көптен командирлік  қызметте жүрген, соғысқұмар, немістік армияның шенін иеленген Таласов деген біреуді өлтіру  жөнінде сырттан бұйрық келеді.

Бұл жауапты тапсырманы орындау, үш қазақ жігітінен тұратын топқа тапсырылады, олардың қатарында әкем де бар. Бұрын да молдаларды жазалау кезінде белсенділігімен көзге түскен үшеуіне  енді осы операцияны ойдағыдай жүзеге асыратын болса, француз партизандарының қатарына қабылдауға уәде беріледі. Олардың күткендері де осындай жағдай екен, партизандардың қатарына өтсе, тағдырларының күле қарағаны емес пе, елге баратын жол да бір табан жақындағандай болып, қанішер Таласовтың көзін жоюға барын сала кіріседі. Бірақ қанша жаужүрек болсаң да, мұздай қаруланған, оның үстіне қайраты тасып жүрген фашистік формадағы әпербақан офицердің көзін жою қайдан оңай болсын, жігіттердің алдынан сан қиындық қылаң береді. Таласовтың өзі легиондағы шен-дәрежесіне сай казармалармен жапсарлас орналасқан бір бөлмелі пәтер тәріздес мекенжайда оңаша тұрады екен. Оған  тікелей шабуыл жасап, күткен нәтижеге қол жеткізу үшін болашақ құрбандықтың күнделікті тұратын жерінің ерекшелігін, ұйықтайтын орнын жақсылап біліп алу керек болады. Ал жігіттер Түркістан легионының құрамында болмағандықтан, Таласовтың тұрағына еркін кірмек түгіл, оның маңайына да жолай алмайды екен. Таласовтың көңілді жүріс-тұрысқа, оның ішінде ақша салып карта ойнауға ерекше құмарлығы жөнінде мәлімет түседі. Және де  карта ойнауға келген ойыншылардың кім екендігі, яғни ол неміс пе, болмаса Түркістан легионері ме, тіпті болмаса әкем секілді қосымша жұмыскерлер ме, ол жағына Таласовтың басы ауырмайды екен. Тек ақшаңның болғаны керек, сенімді адамдарға ілесіп пәтеріне кірсең, ойнай беруіңе болатын сияқты. Астыртын топ  әкеме қажетті мөлшерде неміс ақшасын жинап беріп, Түркістан легионында жүрген өздеріне тілекші офицерге қосып  жібереді. Содан бес-алты адам Таласовтың пәтерінде ұзақ уақыт карта ойнап, әкем ақшасынан ұтылып қалады. Бірақ өзіне жүктелген тапсырманы жақсы орындапты.

Сөйтіп, Таласовтың қай уақытта өз пәтерінде жалғыз қалатындығы, қай жерде ұйықтайтындығы, қару-жарағын қайда ұстайтындығы, пәтерге кірер есіктің қаншалықты беріктігі, қалай ашылатындығы енді астыртын топқа белгілі болады. Арада өткен бірнеше күнгі сырттай бақылаудан кейін жігіттер түн қараңғысында сыртқы есікті темір істікпен сындырып кіріп, тікелей шабуылға шығады. Шырт ұйқыда жатқан Таласовты қолдарымен ұрып есінен тандырады да, оның пистолетімен қаруланып, үшеуі алма-кезек Таласовтың  денесіне бағыттап оқ атып, тез арада іздерін суытады. Ал Таласовтың өзі аса ауыр жарақаттанғанымен, тірі қалады. Немістер оны алып кетіп, орталық госпитальдардың бірінде емдеп, ес жиғызады. Сол жерде екі-үш ай емделгеннен кейін қайтадан лагерьге келеді, тіміскіленіп өзін атқан кінәлілерді іздеуге көмектеседі. Бірақ өзі қараңғыда ештеңе көрмегендіктен шабуыл жасағандарды тап басып көрсете алмайды. Содан денсаулығының әлсіздігіне байланысты бұрынғы командирлік  қызметінен түпкілікті шеттетілуге мәжбүр болады. Баратын жері болмағандықтан, жеңілдетілген жұмыстарға тартылады, бұрынғы белсенділігінен мүлде айырылып, жасып қалады. Дегенмен де екі ай бойы жүргізілген қатаң тексерістен оған кімнің және қандай мақсатпен шабуыл жасағаны, сол күйі анықталмай қалады. Бірақ немістер де, олармен ауыз жаласқан легион басшылары да ақымақ емес, аз ғана уақыттың ішінде орын алған екі бірдей қақтығыстан кейін осы қоршаудың ішіндегі казармаларда  партизандарға тілектес топтың бар екендігі жөнінде қорытындыға келеді. Соның негізінде лагерішілік кең көлемде тазалау жұмыстарын өткізеді, адамдарды сенім-нанымдарына орай топ-топқа бөліп, арнайы тізімдер жасайды.

Нәтижесінде Түркістан легионының қатарына кіргісі келмегендерге екі азапты жолдың бірі ұсынылады, алғашқысы — бұрыннан өздері жаза өтеген фашистік концлагерьлерге қайтару, екіншісі — неміс әскерилері жаттықтыратын диверсанттық мектепке кіру. Бұндай жағдайға ұшыраған астыртын топтың мүшелері сыртпен кеңеседі. Концлагерьлерге қайтатын болса, тікелей ажалға тап келеді, себебі бұл кезеңде өздерінің де тірлігі мәз емес немістерге артық ауыз тұтқындардың мүлде керегі жоқ, сан сылтаумен атып тастайды. Ал диверсанттық мектепке барса, Жеңіс күніне тірі жетуге мүмкіндік пайда болады. Тіпті немістер тарапынан қырағылық азайғандай болып жатса, қашып кетуге, болмаса француз партизандары шабуыл ұйымдастырса, солардың қатарына кіруге жол ашылуы мүмкін. Сондықтан астыртын топтың жетекшілерімен келісе отырып, көп жігіт, ішінде әкем де бар, диверсанттық мектепке баруға мәжбүр болады. Сол жерде екі-үш ай арнайы жаттығулардан өтіп, әбден шынығады. Адам күшін тойтаруға бағытталған әдіс-қимылдарды ерекше ынтамен үйренеді, себебі ондай жаттығулардың кейінгі өмірлерінде аса қажет болатынын олар жақсы біледі. Сөйтіп жүргенде неміс күштері аса әлсіреп, француз партизандары әскери мектепке шабуыл жасайды. Әкем сияқты біраз адам партизан қатарына кіріп, Ұлы Жеңіс күніне дейін фашистерге қарсы  соғысады. Қолдарына қару тигесін ашынған адамдар өжет келеді емес пе, басқалардан қалыспай, жеңіс жолын жақындатуға өз үлестерін қосады.

Әкемдер партизан болған жерлерге Америка Құрама Штаттары, Англия және Франция мемлекеттерінің саясаты  жүріп, бұрынғы әскери тұтқындарға АҚШ жеріне кетуге ұсыныс беріледі. Себебі Кеңес Одағында үстемдік құрған сталиндік жүйе соғыста тұтқында болғандарды сотсыз-тексерусіз атып тастайды екен, болмаса ұзақ жылдар қамауға алады екен деген мәліметтер жан-жақтан түсіп жатады.

Осы жерде Мұхтар ағамыздың жоғарыдағы шолуына сілтеме жасап кетсек, артық болмас, ол кісі «Төрт жылдық совет-герман майданында, жинақтап келгенде, 6 миллион 300 мың совет әскері тұтқынға түскен, 4 миллионға жуығы азапты өлім құшыпты. Аман қалғаны екі миллионның үстінде. Оның ішінде 1 миллион 549 мың 700 кісі елге оралған. Қалғаны әрқилы амалмен сыртта жан сауғалапты. Бұл азып-тозып, аурулы болып, сүйегіне әрең ілініп, әйтеуір, тірі жеткен мүскін жұрттың қаншамасы бірден-ақ Воркутаға, Колыма мен Сібірге айдалып, фашистік қапастан да күшті советтік концлагерьге қамалған, мұнда да аранын ашқан ажал…» деп ашына жазады.

Міне, осындай тозаққа өз еркімен топ өте түсуге тәуекел ете алмаған менің әкем ҚалыбекНұрмағанбетов, неміс тұтқынынан құтылып шыққасын өз еркімен француз партизандарының қатарына кіріп, қолына қару алып, фашистермен соғысып, өзінің сатқын еместігін дәлелдей отыра, соғыс біткесін сталиндік жүйенің қанды құрығынан сескеніп, бір топ тағдырлас кеңестік жауынгерлермен бірге теңіз арқылы Англия портынан Америка Құрама Штаттарына кетуге мәжбүр болыпты. Ол жақта қысым көрмеген, күнкөрісі де жаман болмаған сияқты. Портқа жақын жердегі мекенжайларды қоныстанған, ішкері өтуге рұқсат етілмеген. Ағылшын тілін толық игергенше жеңіл-желпі жұмыстар атқарған,тиесіл айлықтарын алып тұрған. Арнайы мемлекеттік органдар кеңестік тұтқындармен жиі-жиі сөйлесіп, хал-жағдайларын білуге ынталы болған. Қажетті кездерде ақшалай да, азық-түлікпен де көмек көрсеткен, Алайда бірер жылдан кейін бір жағынан туған топырағы мен Отанын сағынған, онымен қабаттас елде қалған жалғыз анасының тағдырына алаң болған патриот азамат бұрынғы Кеңестер Одағы атты алып мемлекеттің құшағына қайта оралған. Міне, «елім деп еңіреген» әкем сияқты мыңдаған кінәсіз жандардың ендігі жерде өздеріне арналған мылтықсыз майданның құрбанына айналып, не үшін  және кімнің алдында жауапкер болғанын түсінбестен  атылғаны атылып, атылмағаны  мойындарына азапты жылдардың құрығын іліп,итжеккенге айдалып кете барғаны осы қилы кезең еді…

Сонау Америка жерінен шаршап-шалдығып жеткен әкем бірден жазалаушылардың қандыауызды қақпанына түспеген екен. Ресей жеріндегі тексеруші органдар өздеріне тән  құйтырқы әдістерін қолданып, күш көрсетумен біресе қатаңдата, біресе  бәсеңдете қаншалықты  жауаптаса да, талайды көрген әкем өз білгенінен жаңылмапты. Өлімнен тайсалмаған ержүрек азамат талайды қақалмастан жұтқан сүзгіден аман өтіпті. Содан уақыт өте келе, олар әкемнің  жауаптарынан тексерістің ақ-қарасын ашқандай бір сәттерінде қайсар жауынгерге «Сіздің кінәңіз жоқ екен» деп елге — Ақтөбе облысының Байғанин ауданына барып, қызмет етуіне рұқсат беріпті. Сонымен қатар сезікті ретінде артынан аңдушы қойылсын деген нұсқау да беріліпті, бұндай шеттету жағдайына душар болған ер-азаматтар ол кезеңде көпшілік  екен.

Негізінде, ел ішінде көп айтылатын, «құлақ» пен «тыңшы» дегендердің сонау байлар мен ауқаттыларды қуғындау заманымен тұстас шығып, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына  дейін өз заманының серкелері болып келгені де, солар атқарған сырттай аңдудың, сөз тасудың, өзіне ұнамағандарды жазықсыз қаралаудың бірден жойылып кетпегендігі де — «жалған мемлекетшілердің» қажеттілігінен туындаған құбылыс. Әлгілерден былайғы жұрт қарадай қорыққан, тіпті олардың кейбір кезеңдерде белең алғандары соншалық — қарапайым адамдар «пәледен машайық қашыпты» дегендей, олардың айтқандарына қарсылық таныта да алмаған екен.

Сағынған туған топырағына аман-есен жетіп, жеті жыл күткен шешесімен, туған-туыстарымен кездесіп, бейбіт өмірдің мөлдір ауасымен тыныстай бастаған әкемнің соңына жоғарыдан бұйрық алған әлгі «тыңшы-құлақтар» бірден түсе кетіпті. Солардың кесірінен «кіммен әңгімелесті, не айтты, не шаруамен айналысты» дегендей, оның күнделікті күнкөріс мәселелері мен жүріс-тұрысы болашақ қылмыстық істің парақтарына осылайша айнала бастаған. Ел іші қонақжай, оның үстіне соғыс салған қайғы-мұңның салқыны толағайым жоғалып кетпесе де, саябырси бастаған тұсы, әкемді қонаққа шақырып, «батыр жауынгер» деп жақсы қарсы алғандар да, «пленнен келген» деп іштей жақтырмағандар да болған.

Әкем тумысынан ашық мінезді, адамдарды жақсы-жаман деп бөлмейтін, ойына келіп тұрғанды жасырмайтын, әңгімешіл адам еді. Басына бұлт үйірілетін кезде сол ақкөңілділігінің, әңгімешілдігінің зардабы көптеу болған.

Сонымен, 1949 жылдың орта шенінде із кесуші органдар мен олардың «тыңшы-құлақтарының»  әкемнің айналасына құрған қақпандары өз «жемістерін» береді. Өтірік-шынды біраз материалдар жинақталып, сол жылдың 30 тамызы күні Әскери прокурордың Қаулысымен бұрынғы Кеңес жауынгері, майдангер Қалыбек Нұрмағанбетов қамауға алынады. Одан кейін Оңтүстік-Орал әскери округінің 1949 жылдың 18 қарашасындағы Үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 бабының «б» тармағымен, 58-10 бабы 1-бөлімімен, яғни «халық жауы» деп айыпталып, әуелі «ату жазасына кесілсін» деген тұжырым жасайды да, артынша мал-мүлкі тәркіленіп, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, түзету-еңбек лагерінде жаза өтеуге үкім шығарылады.  Тағылған айыпта әкемнің Кеңес армиясының құрамындағы жасаған ерлігі, әскери марапаттаулары мүлде көрсетілмей, тек: «Қ.Нұрмағанбетов 1942 жылы жаумен тұтқындалып, «Түркістан легионы» қатарына енген, саботаж-барлау мектебінде оқыған. Кейін француз  партизандарына тұтқынға түскен. КСРО-ға келгесін халық арасында антисоветтік үгіт-насихат жүргізді, саяси жүйе мен кеңестік заманға жала жапты» деп жазылған екен. Әкем үкіммен келіспейді, себебі  жау тұтқынында кілең астыртын ұйымдармен байланыста болған ол  «Түркістан легионында» ешқандай ақылы қызмет атқармапты және олардың әскери  формасын үстіне кимеген екен. Дегенмен қылмыстық істің материалдарында кейбір жерлес азаматтардың өздері анық білмесе де, «біреуден естідік» немесе «сотталушының өзі айтып еді» дейтіндей  жауаптары дәлелдеме қатарына кіріп кетіпті. Ал енді сондай кілең жалаң жорамалдармен өз жауынгерін бейбіт заманда қажетсіз өлімге қиған Кеңес үкіметіне не айтасыз?

Мұхтар Мағауин ағамыздың жоғарыда біз сілтеме жасаған шығармасындағы әкем тағдырлас жандарға қолданған мемлекет саясаты жөніндегі берген бағасы тым ауырлау екен, яғни ол өзінің кейіпкері турасында «Әйтікеш Отанын сатқан жоқ, «Отаны» Әйтікешті сатты. Және бір емес, әлденеше мәрте. Жалғыз Әйтікеш Толғанбаев емес, жүздеген, мыңдаған бақытсыз ұлын, жүз де, мың да емес, әлденеше жүз мың, бірнеше миллион кінәсіз солдатын…» деп түйіндейді. Бұндай ақиқатқа не қоса аласыз, бұрынғы кеңестік жауынгер Қалыбек Нұрмағанбетов сол бейкүнә мыңдар мен миллиондардың арасында өз «Отанының» тағайындаған жазасын арқалап,  суық өлкеге сапар шегеді.

Ол кезде де түрме мен лагерьлердің жағдайы ел шошитындай, аштық пен суық жайлаған, теңсіздік, әлімжеттілік, күш көрсету орын алған, әйтеуір, жаны сірі адамдар жайлаған мекен екен. Әкемнің сол қасіретті мекенге алғаш қалай келіп жеткенін осы әңгімемді жазу барысында әкемнің жақын інілерінің бірі, Байғанин ауданының белгілі азаматы Асау  Алдабергеновтен естідім, ал ол кісі бұрын Байғанин аудандық ауылшаруашылық басқармасында көп жылдар бас бухгалтер болып жұмыс істеген, әкем тағдырлас Бекберді Қайыровтың өз аузынан жазып алған екен.

Ол дерек былай өрістейді: «Сот үкімін алғаннан кейін, көп тұтқын Ресей жеріндегі Бодайбо  деген елді мекендегі лагерьге жеткізілдік. Конвойлар бәрімізді үлкен казармаға кіргізді де, өздері жөндеріне кетті. Ешкім-ешкімге көңіл бөліп жатқан жоқ.

Қақаған қыстың кезі, казарма  іші мұздай суық. Ұйлығып шетте тұрмыз, жылы пештердің қастарында жатқан адамдар келгендерге орын беріп, ығысатын емес. Ол кезде тұтқындар  «саясилар (халық жаулары)» және «ұры-қарылар» деп бөлінетін заман, ал пеш түбінде орналасқандар «ұрылар» екен, саясиларға салқын, жақтырмай қарап,баяғысынша жата берді. Бұлай тұра берсек, суықтан өліп қалатын түріміз бар. Сол кезде Қалыбек шыдамай, «не де болса мыналарды пештен қуып түсіруіміз керек» деп, ашық төбелесті бастап жіберді. Бір-екі мықтысын ұрғасын, қалғандары өре түрегелді. Біз де ашынып тұрған көп адамбыз, әлгілердің быт-шытын шығарып, келесі пештерге қуып тастадық. Содан босаған пеш түбіне жайғасып, тура келген ажалдан тірі қалдық.

Менің балаларым — Қалыбектің балалары ғой, ол батылдық көрсетпесе, өзіміз армандаған бейбіт тұрмысқа орала алмауымыз мүмкін еді» деп айтқан екен.

Әкем содан Магадан жеріндегі алтын өндіретін кеніште есепшінің жұмысын атқарады, шамасы тұтқындар мен лагерь әкімшілігінің алдында азды-көпті беделі болған болуы керек. Оған сенім білдіріліп, сыртқа еркін шығуға рұқсат беріледі. Соны пайдаланған әкем 1951жылы екі латыш жігітімен бірігіп лагерьден қашып кетеді.  Өзі қауіпсіз деп есептеген Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне өтіп, жұмыс жасайды.

Сонда  бір жылдай уақыт өткізіп, туған жеріне келмек болады. Шамасы, елге деген сарғайған сағыныш сезімі оның қырағылығын бәсеңдетіп тастаса керек, соның кесірінен тағы да қолға түседі. Сол баяғы атышулы 58 статьямен бұрынғы қылмыстарына «түрмеден қашқан» деген жаңа айып қосылып, тағы да ату жазасы тағайындалады, онысы тағы да 25 жылдық мерзімге лагерьде жаза өтеуге ауыстырылады.

Сонымен, тағы да  баяғы азапты өмір, тағы да баяғы сұрғылт Магадан жері әкемнің мәңгілік  ажырамас тұрағына айналады. Әкем бірақ мүжілмейді. Орыстың оқымыстыларынан үйреніп, Жоғарғы Сталин билігіне өз кінәсіздігі жөнінде талай арыз жазады, соның жауабын күтеді. Сөйтіп жүргенде «Ұлы көсем» Сталин қайтыс болады. 1955 жыл келіп, 17 қыркүйектегі соғыс тұтқындары туралы жаппай амнистия Заңымен тұтқыннан босап, елге оралады.

1956 жылдан бастап 1980 жылға дейін әкем әуелі Жарқамыста, одан кейін Абай атындағы  совхозда бухгалтер болып қызмет атқарды. Отбасын құрып, жар сүйді, бала тәрбиеледі. Әрине, тұтқында өткізген сан жылдар ізсіз қалған жоқ, қан қысымы жоғары болып, көп уақыт бойы зардап шекті. Ел ішінде оның соңына түсіп, өздері білмесе де сан қилы әңгіме таратқандар да болды. Олар түбінде жеңіліс тапты.

Әкем тұтқыннан босап келгеннен кейін Өмірзақ Тағыбергенов, Кемаладин Қабиев, Жолдыбай Боқтыбаев деген біртуар азаматтар оның өмірдегі өз жолын табуға көмектесіп, «Жем» колхозына жұмысқа шақырды, Коммунистік партия қатарына өтуге кепілдеме берді.

Әкем әуелі «Жем» колхозында, одан Абай атындағы совхозда абыройлы да ұзақ қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. 1980 жылы өмірден өтті. Міне, Отанын сүйген, жүрегі адал нағыз патриоттың өмір жолы осылай тұйықталды.

Мен фашистерде тұтқында болып, астыртын топта ерлік жасаған татар ақыны Мұса Жәлел туралы деректі жақсы білемін. Ол кісі де әуелі халық жауы атанған, ал артынан Кеңестер Одағының Батыры атағын алған аңыз адам.

Менің әкемҚалыбек Нұрмағанбетов те сондай тұлға болғандығын біз, ұрпақтары, мақтан етеміз.

 Назарбек НҰРМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстанның құрметті заңгері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button