Өнердің өз перзенті еді…
Кім-кімге де туған жері, өсіп-өнген мекені ыстық қой. Жиын-тойларда, түрлі концерттерде «Ойылым менің — ойдағы елім» деп аталатын әдемі ән орындалған тұста талай жанның жүзі алабұртып, көкіректерін мақтаныш кернеп, өзгеше күйге бөленетіндіктерін сан мәрте байқадық.
Әсіресе:
Ойылым менің — ойдағы елім,
Ғасырын жаңа тойлады елім.
Ойылым — арнам ағысы қатты,
Ойылым — арман жайнаған өмір…деп келетін жүрекке жылы тиетін жолдар тыңдаған жанды тебірентпей қоймайды.
Ал бұл әннің иесі осы өркенді өлкенің өзгеше туған перзенті Жолдыбай Айтқұлов екенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін-ау.
Негізінде, өнер құдіреті кез келген адамның басына қона бермейді. Ол да бақ сияқты. Егер көкірегіңде құдай құйған бір сәуле болмаса, оның соңына түсіп, қайтсем де меңгеріп не игеріп аламын деу ақылға сыя қоймайды.
Жолдыбайдың туған жері — Қаратал деп аталатын ауыл. Бұл — әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің атақонысы.
Халықты әбден титықтатқан соғыстан кейінгі бір мамыражай шақта, 1949 жылы өмір есігін ашқан перзентіне әкесі Айтқұл ерекше бір қуанышпен, үкілі үмітпен қараған сыңайлы. Ескі көздердің айтуынша, өзінің білім меңгеруі онша терең болмағанымен, ақсақалдың дүниені тануы молдау, сана сарайы сыңғырлап тұрса керек. Күнделікті күйбең тіршіліктің соңында сарытап болып біржола беріліп кетпей, жүйрік жаратуды да әдет қылған. Атбегілігінің нәтижесі шығар, талай бәйгеде Айтқұлдың аты бірінші келіпті деген хабарды есту көпшілік үшін тың жаңалық болмай қалған. Ал оның бір ойы сол кездің өзінде өсіп келе жатқан Жолдыбайы да қатарының алды болып, өмір жарысында шашасына шаң жұқпай жүрсе дегенге тіреледі екен.
Сондай жақсы тілектен шығар, әлі үй маңынан ұзап шықпаған балаға бірде домбыра әкеліп беріпті. Енді бірде орысы аралас жаққа сапарға шыққанда ауыл адамдары үшін таңсық көрінетін гармон мен балалайка деген аспаптарды ала келген. Бір қызығы, Жолдыбайы соның қай-қайсысын да жат көрмейді. Басқа бала болса, соларды бірер шертіп, дыңғырлатып көргесін бұрышқа қарай итере салған болар ма еді, қайтер еді, ал бұл болса күнде ояна салысымен үй маңын бір әуенге бөлей бастайды. Бастапқыда түсініксіздеу көрінген саз бірте-бірте үйлесімі молайып, өз әсерімен тыңдаушыларын тарта түседі. Көршілерге түсініксіз бір жай — бұған кім үйретіп жүр деген күдік қана.
Қалай болғанда да ауылдағы көптің бірі саналатын қараша үйдегі әдемі әуеннің өрісі күн өткен сайын кеңейе түседі. Шағын Қаратал елді мекеніндегі сегізжылдық мектептің қара баласы Ойылдағы қазақ орта мектебінің жоғары класына оқуға барғанда ондағы қатарластары ортасына әйгілі өнерпаз келгендей сезінеді.
Бозбала Жолдыбай сызылтып,баян да тартады күмбірлетіп күй де шертеді, әдемілеп ән де айтады. Бұнымен де тоқталмай, жас талаптың басқа да қырлары ашылады. Дене тәрбиесі сабағында әртүрлі қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайды, ұзындыққа секіруден де серпіні қатты екенін көрсетеді. Аудан намысын қорғап сырт жаққа жарыстарға барып, бір жағы ел көріп, жақсы жүлделермен оралып жүреді.
Әдебиеттен сабақ беретін ұстазы Тұрсынбек Қожақовтың тәлімімен өлең өлкесіне де еніп кетеді, көңіліне қозғау салған әсерлермен жыр жаза бастайды. Тіпті қолына қыл қалам ұстап, көзге көрген табиғат құбылыстарына жан бітіріп, сурет салуының өзі құрбыларын тәнті етеді.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы бозбаланың енді ауылда қалып қоймай, алыс армандар жетегімен қияға құлаш сермеуі заңдылық емес пе? Сөйтіп, қатарларымен бірге Алатаудың бауырайындағы әсем қала Алматыға аттанады. Бастапқыда журналист болғысы келеді. Бірақ оны сол кездегі астанада алғаш құрылып жатқан республикалық эстрада-цирк студиясы күтіп тұр еді. Мұнымен қатар «Қазақфильм» жанындағы актерлік шеберхананың дубляж цехында да талантын шыңдай түседі.
Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышова, Ұлықпан Есенов, Рақым Тәжібаев, Шаһмардан Әбілов, Айдос Бектеміров, Гүлжаһан Өсербаева сынды қазақ өнерінің өрінен көрінген таланттармен қатар оқыған Жолдыбай кезінде ол ортада да ешкімнен кем түспеген.
«Қазақфильмде» сол жылдарда түсірілген бірқатар кинофильмде көпшілік көріністерде Жолдыбай Айтқұловтың бейнесінің көрініп қалуы бүгінде аңыз әңгіме сияқты естілетін болуы керек. Ал құрылған бойда даңқы республикаға кеңінен тарап кеткен «Гүлдер» ансамблінің белді мүшесі болуы оның талантының мойындалуы еді десек те, артық болмас.
Ол қазақтың дүлдүл дарабоздары Ғарифолла Құрманғалиевтің, Жүсіпбек Елебековтің алдын көрді, солардың дауыс ырғақтарындағы ешкімге ұқсамайтын сырлы әуендерді көңіл сандығына құя берді.
Эстрада-цирк студиясын қатар бітірген бір өнерлі достарымен Жамбыл облыстық филармониясы құрамындағы жаңадан ашылған «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде артист-орындаушы болып қызмет атқарып, республикамыздың облыстарын аралап, концерт қойғаны оның шығармашылық шыңына көтерілген бір кезеңдер еді.
Бұл кезде жасы ұлғайып келе жатқан Айтқұләке баласының осылай жүре берсе қолға түспесін сезді ме, бір кезде өзі жолға салған өнер өлкесінен елге қайтаруды жөн көрді. Ауылға келгесін, қазақша айтқанда аяқ-қолын матап, күнделікті тіршіліктің қамытын мойнына ілді де жіберді. Бұдан жалынды жігіт Жолдыбай бәрібір ұтылған жоқ еді.
Ауылдың ажарлы бір аруы Бәтимамен шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбіте бастады.
Бұған дейін ел көріп, жер танып, ысылып қалған оған шаруашылықтың комсомол ұйымын басқару аса қиынға түскен жоқ. Қайта жастардың басын біріктіріп, бір жағы өнерге баулып, олардың нағыз ұйытқысына айналады.
Оның комсомолдағы жалынды қызметі енді ұстаздыққа жалғасады. Өз ауылындағы Шығанақ Берсиев атындағы орта мектепте мұғалім бола жүріп, бұрынғы білімінің үстіне Ақтөбе педагогика училищесін, Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтын да бітіріп алады. Сан қырлы өнер иесінің шәкірттері ол жетекшілік ететін қазақ тілі мен әдебиеті, музыкалық үйірмелерге ерекше ынтамен қатысып, білікті ұстаздан дәріс алады.
Кейін аудан орталығына қоныс аударғанда да Ойыл музыка мектебінде шәкірттерге домбырашылық шеберліктерін үйретті.
Нақ осы тұста Ойыл өңірінің мәдени өмірінде ерекше бір өзгерістер болғанын айта кеткен жөн секілді. Соның көпшілігі Жолдыбай Айтқұловтың есімімен байланысты. Ауданда ұлт аспаптар оркестрі құрылып, көп ұзамай оның даңқы облыс көлемінде дүрілдей бастады. Жөкеңнің өзі тағы бір қырын туындатып, айтыстарға шыға бастады. Сол кезеңдерде оның сахна төрінен:
Өнерге өріс ашқан байтақ елмін,
Келеді мақтан етіп айта бергім.
Шернияз, Қызыл, Мұхит, Сәулебайдың,
Өнері ұрпағына тарта бергін, — деп саңқылдап шыққан дауысы тыңдарманының құлақ құрышын талай рет қандырғаны бар.
Оның байғаниндік Өмірхан Мұхтарбаевпен айтысындағы:
Айтысу — заманымның салты бүгін,
Жарыста оза білу — жарқын ырым.
Тел өскен Ойыл мен Жем — екі ауылмыз,
Еңбектің көтерейік жарқын үнін! — деуі оның ақындық бағдарын, азаматтық ұстанымын да білдіргендей еді.
ӨНЕРСҮЙЕР ҚАУЫМНЫҢ ЕСІНЕ!
Алдағы аптада, 19 желтоқсан күні сағат 19.00-де Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде (Жеңіс даңғылы, 31)Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, Ойыл ауданының құрметті азаматы, ақын, әнші, сазгер Жолдыбай Айтқұловтың 75 жасқа толуына орай «Тыңдашы мені…» атты еске алу кеші өтеді.
Кеште Марат Әйтімов, Мұқан Сатыбаев, Орал Байсеңгір, Ләззат Медетова, Арман Төлесінов, Асылан Жұмабаев, Нұргүл Рамазанова, Ермұхамбет Махмедов, Теңел Омаров сынды өнер иелері мен «Наурыз», «Жаңа KZ» топтары жұртшылық алдына шығып, Жолдыбай Айтқұлов туындыларын өз орындауларында тыңдатады.
Сонау сексенінші жылдардың соңында Орқаш өңірінде қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы Құдайберген Жұбановтың туғанына 90 жыл толуына байланысты үлкен жиын өтті. Сонда республиканың әр түкпірінен келген айтыс ақындары Баянғали Әлімжанов, Оңталап Нұрмұханов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Бибігүл Жаппасбаева, Өтепберген Әбдіразақов, Аман Тасжанов, Александр Қауеновтермен бірге Жолдыбай Айтқұлов та сөз сайысына түсіп, шашасына шаң жұқтырмас жүйрік екенін тағы бір мәрте танытқан.
…Өрелі өнер иесін туған жері, ән-жырын тыңдап өскен жерлестері ешқашан да ұмытқан емес. Жетпіске толған шағында арнайы шақырып, «Барқыннан ескен сазды әуен» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Әрине, бұл салтанатты сәт сазгердің «Ойыл вальсі» әнімен ашылатыны ақиқат.
Бір айта кетерлік жайт, Жолдыбай аға — жүрегінен жарып шыққан көптеген әннің авторы. Туып-өскен Қараталын талай мәрте жырға қосты, ән шығарды. Оның «Қаратал таңы» атты туындысы ауыл жастары қосылып шырқайтын әдемі әнұранға айналды. «Берсиевшілер маршы», «Ойылым — ерке өзенім», «Ақтөбе вальсі», «Ағайынды Жұбановтар көшесі», «Арман ауыл — Көптоғай», тағы басқа әндері тыңдарманының жүрек қылын қозғап, оларды елжандылыққа, туған жерді сүюге, патриоттыққа шақырады.
Оның жеңіл оқылатын әзіл-сықақ шумақтары кезінде аудандық газет бетінде жиі жарияланып тұрды. Ол уақытта бұл жанр кемшілікті түзеуші, кері кеткенді мінеуші ретінде қабылданатын. «Тоқтының зары», «Штат қысқарту», «Сазанның мұңы», «Су патшасына хат», «Жол» деп аталатын шымшымалы шумақтары сол бір тұстағы оқырмандарының ойынан шыққан дүниелер еді.
…Жолдыбай аға жетпіс деген белесінің биігіне көтеріле түсіп, бақилық ғұмыр кешіп кете барды. Оған да, міне, үш жылдан асып түсіпті. Бүгінде артында қалған ұрпағы — балалары мен немерелері жақсы әкенің әсем әуенмен әдіптелген өрісті өнегесін бойларына сіңіріп, дамытып келеді.
* * *
Ол қалаға көшіп келген соң облыс орталығы іргесіндегі сол кезде Новый аталатын елді мекенде тұрды. Кейде жайлап басып облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясына келіп-кететіні бар-ды. Ең алдымен жас кезінен бірге өскен, жастықтың жалынды жылдарын көне Көкжарда бірге өткізген Аманқос Орынғалиұлы ағамызды іздейді. Ол кісі іште бола қоймаса, бізге қарай бұрылады.
Бұған дейін Жөкең туралы аңызға бергісіз әңгімелерді талай естігендіктен бе, жанына жақындап, сөйлеткіміз келеді, сыр пернесін тереңірек бассақ дейміз. Сондайда жылы жымиып қойып, «оның бәрі өткен күндер ғой…» дегендей, басқа арнаға түсіп кететін білдіртпей ғана.
Дегенмен бір келгенінде «інім, бір әдемі ән жазғым келеді, жастық шақты, әдемі сезімді ойға оралтқым келеді, сағыныш сазы сезіліп тұратындай болса деймін, сөзін жазып көрші!» — деп өтініш білдірген сыңай танытты.
Аға тапсырмасын қолдан келгенше орындау — парыз, келесі бір оралғанынша Жолдыбай ағаның жүрегіндегі толқындарды өзімше тербетіп, қағазға түсіріп қойдым. Асықпай оқып шықты да, ырза кейіп білдіргендей, күлімсіреп басын изеп, төрт бүктеп, төсқалтасына салып алды. «Хабар өзімнен болады», — деді сосын.
Мен жақсы ағаның көңіліндегі бір тебіреністі сезінгендей болдым. Бұл фәни дүниеден ертерек кеткен өмірлік қосағы Бәтима апайды іздеп жүргендей көрінді бір түрлі.
…Бірақ сол ән бәрібір дүниеге келмеді-ау деймін. Әлі күнге дейін маған оның жүрек түкпірінде қалып қойғандай болады да тұрады.
Үлкендік ауылына енген Жолдыбай аға да, бір ондық шамасында ізін қуып келе жатқан мен де,мүмкін, сол өзіміз іздеген сырлы сезімнен суыңқырап қалған болсақ керек…
Бірақ Ойыл ауданының құрметті азаматы атанған Жолдыбай Айтқұловтың туған жерге деген мәңгілік махаббатының куәсіндей «Ойылым менің — ойдағы елім» атты әдемі әні қазір де жиі шырқалады, келер күндері де жас буынның жүрегін жалындатып айтар әнұраны болып қала беретініне еш күмәніміз жоқ.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.