Ақтөбелік оқушылардың жеңісі
Волейбол
Қызылордада 4-11 қаңтар күндері волейболдан Қазақстан чемпионаты өтті. Облыстың намысын қорғауға Ақтөбедегі №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2012-2013 жылғы жасөспірімдер құрамасы қатысты. Финалдық кездесуде қарсылас командаға есе жіберген волейболшылар ІІ орынды иеленді.
Еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан чемпионатының қысқы кездесу ойындары өтіп жатыр. Төрт маусымға жоспарланған чемпионаттың алғашқы екі кезеңінде жеңімпаз атанған волейболшылар 3:1 есебімен Павлодар командасына есе жіберді. 16 команданың ішінен ақтық сынға жетіп, жеребе бойынша Павлодар құрамасымен ойын көрсеткен жерлестер енді көктемгі чемпионатқа дайындалмақ.
— Бұл құраманың құрылғанына 3 жылдан аса уақыт болды. Ойыншылар сапында 14 оқушы бар. Чемпионат алдында іріктеуден жарыс өтті. Іріктеуден өткен балалар Ақтөбе құрамасына енді. Ойыншылардың дені — Ақтөбе қаласының және Байғанин, Алға, Ойыл аудандарының оқушылары. Барлығы волейболдан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды. Былтыр біздің ойыншылар Түркістан облысы Түлкібас ауданында өткен жазғы чемпионатта І орын, Павлодар қаласында өткен күзгі чемпионатта да І орын алып, екі дүркін чемпион атанды. Осы жолы қарсыласқа есе жіберіп алдық. Дегенмен біз дайындықты тоқтатпаймыз. Аптаның алты күнін де жаттығуға арнаймыз. Оқушыларымның Азия чемпионатына қатысуға деген мақсаттары бар. Егер алдағы чемпионатта тағы да сәтті ойын көрсетсек,Азияға жолдама алуымыз бек мүмкін, — дейді №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебініңжаттықтырушысы Арнұр Жүнкебеков. Арнайы жаттығу мен техниканың қыр-сырын үйреніп жүрген жас спортшыларға тәлімгерлік жасайтын екі жаттықтырушы бар. Балалардың тұтынатын ас мәзірі, ұйықтау режимі жаттықтырушылар қойған талапқа сай болуы керек екен. Үйірмеге қызығушылықпен келген балалар қазір чемпион атанып, Қазақстанды аралап, Ақтөбенің намысын қорғап жүр.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.