Басты жаңалықтарСпорт

Елдің атын шығарған спортшылар

2024 жыл жанкүйерлерді елеңдеткен спорттық жарыстарға толы болды. 26 шілде мен 11 тамызда — Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары, одан соң қыркүйек айында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткенін еске алсақ та жеткілікті.

Тарих қойнауына біржола сіңіп бара жатқан жылда қазақ спортшылары бізді қандай жетістіктермен қуантты? Негізгі оқиғаларға тағы бір шолу жасағанды жөн көрдік…

Алтынсыз оралған жоқ

Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Ойындарда Елдос Сметов үш мәрте Олимпиада жүлдегері атанды.

Сәл шегініс жасасақ, жазғы Олимпиадаларда бізді үнемі алтын жүлдемен қуантатын спортшыларымыз 2020 жылға жоспарланғанымен, пандемияға байланысты 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасын 8 қола жүлдемен аяқтаған еді. Еліміздің еншісіне бірде-бір алтын не күміс жүлде бұйырмады. Сондықтан биылғы Олимпиада жақындаған сайын жанкүйерлерді тағы да сол сәтсіздік қайталанбай ма деген күдік мазалаған болатын. Алайда алғашқы жарыс күнінде-ақ Қазақстан алтын жүлдеге қол жеткізді: бұрын екі Олимпиадаға қатысып, алғашында (Рио-де-Жанейро-2016) — күміс, одан соң (Токио-2020) қола медаль жеңіп алған дзюдошы Елдос Сметов бұл жолы үлкен ерлік жасады.

32 жастағы тәжірибелі қазақ дзюдошысы 60 кг салмақ дәрежесі бойынша финалға дейінгі жолда Нидерландтың үміті Торнике Чакадуаны, Украинаның атынан шыққан Ділшот Халматовты, тайбейлік Юнг-Вей Янды және испан дзюдошысы Франсиско Гарригосты жеңді. Бұлардың әрқайсысы өте қауіпті қарсылас еді. Мысалы, Украина туы астында шыққан Ділшот Халматов алғашқы белдесуінде өзінің бұрынғы отандасы, өзбекстандық Рузиевті жеңді, яғни қайткенде де жүлдеге қол жеткізуге барын салды. Ал Франсиско Гарригос 2023 жылы әлем чемпионы атанып, осы салмақта рейтингте бірінші тұрған спортшы болатын. Юнг-Вей Ян — 2023 жылғы Азия ойындарында топ жарған, оның алдында Токио Олимпиадасында күміс жүлде алған дзюдошы. Осындай мықтылардың арасынан жарып шыққан Елдос Олимпиаданың ақтық сынында Токио Олимпиадасының тағы бір жүлдегері, Еуропа чемпионы Лука Мхеидземен бетпе-бет келді. Ең қауіптісі, Мхеидзе алаң қожайыны болатын. Алаң қожайынына қашанда төреші атаулының бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Оның үстіне Франция президенті Эммануэль Макрон бұл белдесуді өзі келіп тамашалап отырды. Елдостың қарсыласы үшін бұл, әрине, үлкен қолдау еді. Соған қарамастан, Елдос мықтылығын дәлелдей білді. Ол финалда алаң қожайынынан жеңісті жұлып алып, Париж Олимпиадасының чемпионы атанды.

Айта кетейік, Елдос — ел тарихында жазғы Олимпиадалар бойынша үш мәрте жүлдегер атанған тұңғыш спортшы. Ал оған дейін қысқы Ойындар бойынша төрт мәрте жүлдегер атанған спортшымыз бар: шаңғышы Владимир Смирнов.

Сондай-ақ Париж Ойындарында Қазақстан тұңғыш рет спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдесіне ие болды. Атап айтқанда, Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда ақтық сынға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесінде Демеу Жадыраев та күміс жүлде иеленді. Ал боксшылар арасынан 80 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрбек Оралбайдың бағы жанып, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Олардан бөлек мергендер Ислам Сәтбаев пен Александра Ле (аралас жұптық сайыс); боксшы Назым Қызайбай (50 кг), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг),  Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Ресми емес жалпыкомандалық есепте Қазақстан 43-орынды иеленді. Парижде Олимпиададан кейін іле-шала өткен Паралимпиада ойындарында біздің спортшылар 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте ұлттық құрама 39-орынға тұрақтады. Пауэрлифтингтен Давид Дегтяров (54 кг) екі мәрте Паралимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін ол Токиодада топ жарған болатын.

Дзюдошы Ақмарал Науатбек (48 кг) те Парижде алтын жүлде иеленді. Сонымен, биыл қазақ дзюдошылары екі бірдей Олимпиада алтынын жеңіп алды. Басқа жүлдегерлеріміз: дзюдошылар Ерғали Шамей, Жұрқамырза Шүкірбеков, Даяна Федосова және Зарина Райфова; мерген Еркін Ғаббасов; жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали және жеңіл атлетші Дастан Мұқашбеков.

Олимпиада тақырыбын аяқтамас бұрын, 2024 жылдың басында — 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында — Корей Республикасының Канвон аймағында өткен жасөспірімдер арасындағы ІV қысқы Олимпиаданың қорытындыларына да тоқтала кеткен жөн. Бұл додада біздің жас спортшыларымыз үш жүлде алды: Илья Мизерных шаңғымен тұғырдан секіруден алтын медаль иеленсе, хоккей (3х3) құрамасы мен шорт-трекші Полина Омельчук қола медаль жеңіп алды.

Илья Мизерных — жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадаларда чемпион атанған тұңғыш қазақстандық спортшы.

Осылайша биылғы үш Олимпиаданың үшеуінен де отандастарымыз алтынсыз қайтқан жоқ.

Көшпенділер ойындарында көш бастады

8-13 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Ойындар аясында спорттың 21 түрінен сайыстар ұйымдастырылуымен қатар, мәдени және ғылыми іс-шаралар да бағдарламаға енгізілді. Биылғы Көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2,5 мың адам қатысты.

Алты күнге созылған жарыс барысында 100 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыесептік кестеде барлығы 112 жүлдемен Қазақстан құрамасы көш бастады. Бұл жүлделердің 43-і — алтын, 32-сі — күміс және 37-сі — қола.

Екінші орынды — Қырғызстан, үшінші орынды Ресей құрамасы алды.

Үш мәрте чемпион

Қазақ балуаны Ризабек Айтмұқан 2023 жылы қыркүйекте Сербия астанасында өткен әлем чемпионатында 92 кг салмақ дәрежесінде топ жарып, еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған еді.

Биыл Ризабек салмақ ауыстырып, 97 кг салмақ дәрежесінде тағы екі әлем чемпионатына қатысып, екеуінде де алтын медаль иеленді. Атап айтқанда, қыркүйекте ол Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ал қазан айында Албанияда өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатынан жеңімпаз болып оралды.

Осылайша ол 1 жыл 2 ай мерзімнің ішінде үш түрлі жас категориясында әлем чемпионы атанып үлгерді. Біздің балуанның бұл жетістігін күрес түрлері бойынша халықаралық федерация саналатын Біріккен күрес әлемі (UWW) де атап өтті. 20 жастағы Ризабек әлемдегі ең мықты балуандардың өзі санасатын шебер ретінде танылды.

Жалпы, кейінгі жылдармен салыстырғанда, қазақ балуандары 2024 жылды бірқатар табыстармен аяқтады. Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті жүлдемен 4-орын алды. Мұнда Ризабекпен қатар, грек-рим күресінен Ислам Евлоев (82 кг) чемпион атанды. Ал 28-31 қазанда Албания астанасы Тирана қаласында олимпиадалық емес салмақтар бойынша өткен әлем чемпионатында біздің құрама жалпы есепте 3-орын алды. Бұл жарыста еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов (70 кг) чемпион атанса, грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын (63 кг) — күміс; әйелдер күресінен Жәмила Бекбергенова (72 кг) да күміс медаль иеленді. Ержет сәуір айында Бішкекте өткен Азия чемпионатында алтын жүлде алған болатын.

Жыл қорытындысы бойынша UWW рейтингінде Ержет өз салмағында көш бастаса, Нұрқожа мен Жәмила екінші орында тұр. Сонымен бірге Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев пен биылғы Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков (86 кг) те өз салмағында әлемдегі ең үздік бес балуанның қатарына қосылды.

 Жас боксшылар — әлемнің үздігі

Черногорияның Будве қаласында 22 қазан мен 3 қараша аралығында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық жас боксшылар 17 медаль алып, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді. Алтын жүлде иегерлері: Боранбек Бексұлтан (51 кг); Төрехан Сабырхан (67 кг); Өнер Сейілхан (71 кг); Санжар-Әли Бегалиев (75 кг); Елянұр Тұрғанова (50 кг) және Аружан Зейноллаева (81 кг). Жас чемпиондар арасынан Төрехан Сабырхан жуырда өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, ересектер арасында ел үздігі атанды.

Жас боксшыларымыз әлемде үздік боп танылса, бокстан әйелдер құрамасы Азия құрлығының үздігі атанды. Қарашаның 28-і мен желтоқсанның 12-сі аралығында Тайландтың Чиаңмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында қыздарымыз 5 алтын, 5 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 1-орын алды. Құрлық жеңімпаздары: В. Графеева (60 кг), А.Әбікеева (63 кг), Н.Богданова (70 кг), Г.Ержан (81 кг) және Е.Тәліпова (+81 кг).

Сондай-ақ осы Азия чемпионатында ерлер құрамасы да өте жақсы өнер көрсетті. Олар 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде алтын медаль иегерлері: М.Сабырхан (54 кг), А. Жүсіпов (71 кг), Б.Нұрдәулетов (86 кг), С.Тоғамбай (92 кг) және А.Оралбай (+92 кг).

Жалпы алғанда, қазақстандық боксшылар 10 алтын медаль иеленді. Бұл — ең үздік нәтиже.

Үздік үштікке енді

Желтоқсан айының басында Бахрейннің Манаме қаласында ауыр атлетикадан 89-рет әлем чемпионаты өтті. Ауыр атлетика тарихында Қазақстанның жетістіктері жоғары, мысалы, барлық әлем чемпионаттарының қорытынды нәтижесі бойынша біздің еліміз бүгінгі күні 12-орында тұр.

Алайда соңғы онжылдықта бұл спорт түрінде допингке байланысты даулар көбейіп, соның салдарынан бірқатар елдердің, оның ішінде Қазақстанның да спортшылары көптеген жарыстардан шеттетілгені белгілі.

Биылғы әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлетшілер 2 алтын, 1 күміс медаль иеленді: Нұрғиса Әділетұлы (96 кг) мен Артем Антропов (102 кг) алтын алса, ал Алексей Чуркин күміс жүлде иегері атанды.

Ал жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама3-орынға қол жеткізді. Осылайша Қазақстан біраз үзілістен кейін ауыр атлетикадан үздіктер қатарына қайта қосылды.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button