Әлеумет

«Қайтеміз… бәрі де өзіміздің балалар ғой»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

«Қайтеміз… бәрі де өзіміздің балалар ғой»

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар,  Сәулетшілер одақтарының мүшесі.

 

Айдың-күн­нің аманында 20 жыл­ғы еңбегінің жемісін той­ла­мақ болып алаңға жиналған жаңа­­өзен­діктер басына кенеттен қара бұлт үйірілді. Бауырлар, қан­дас­тар, отандастар бір-біріне тас атты, оқ атты, соққыға жықты. Оннан астам адам опат болды.

Не дейміз?

Ендігі қолымыздан келері — қазалы болған шаңырақтарға көңіл айту, Алла тағаладан қаза болғандарға бұ тірлікте біліп, білмей істеген күнәлары мен кемшіліктеріне кешірім өтіну ғана…

Біздің жас жетпістен асты. Жан бар жерде қаза бар. Осы жылдар ішінде талай оқиғаға кездескенбіз. Алматыда автобус пойызға жол бермей жайрап қалған жиырмадан астам өлікті көзіміз көріп, жанымыз ауырған. Өзен мен Жетібай ортасында екі машина соғысып, он­шақ­ты кісінің мерт болғанының үстінен шыққан­быз. Бірақ мына қаза біздің жанымызды түр­шіктірді. Бұл оқиға тек қана жанды қинап қоймай, бізді рухани азапқа түсіріп кетті…

…Отаны бір, мақсаты бір, қаны бір бау­ыр­лар бір-біріне тас атыпты, қару жұмсапты. Өз шаңырақтарына өздері от қойыпты. Бәрін қа­зақ­тар істепті. Осы бейбастақтықты ұйым­дас­тыр­ғандар өздерінше мақсатына жеткендей болып жатқан болар. Олар жазасын Жаратқаннан ала­ды әлі.

Біздер ел тіршілігіне ора­лалық…

Қазақ халқында кемеңгерлігі елді ел еткен ел басшылары, жа­ра­тылысынан ұлы боп жараты­лып, ұлылығы ұлықталған ұлы тұлғалар, білімі мен білігі мойындалған данышпандар жетерлік. Ұлы Жаратушы мұндай тұлғаларды әр ұлтқа кезегі келгенде жіберіп тұратын секілді.

Қазіргі қазақ халқының еншісіне тиген, біздің заманымызға сәйкес келген осындай бір топ тұлғалардың басында дара тұрғаны Нұр­сұлтан Назарбаев екені даусыз. Нұрсұлтан Әбішұлының беделді саясаткерлігі, көрнекті қайраткерлігі арқасында еліміз қиын кезең­дерден аман-есен өтіп қана қойған жоқ, үдемелі қарқын алып өркендей түсуде.

Бейбіт өмірге бой үйреніп қалған.

Жауымыз жоқ деп ойлайтынбыз. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегендей, жау бар болып шықты.

Жаңаөзен оқиғасы тентектік әсерінен болған басбұзарлық емес. Бұл шаруа ұзақ дайындалып, әбден пісіріп барып қолға алған еліміздің жауларының қастандық жұмысының қорытындысы болса керек.

Жаңаөзен оқиғасы қалаға біраз материал­дық шығындар келтіріп, баршамызға біраз моральдық күйзеліс туғызды.

Бірақ дұшпандардың ойлағаны болмады.

Елімді ел етемін деген Қазақстан азамат­тары байтағымыздың түкпір-түкпірінен ха­лықты бірлік-берекеге шақыруда болды. Бұл үдеріс халық басын біріктіре түсті.

Солтүстік Қазақстанның егіншілері, Қарағандының көміршілері, спортшылар мен әртістер, теңізшілер мен теміржолшылар, студенттер мен оқушылар, аталар мен аналар – бәрі-бәрі бір ауыздан елімізге бірлік қажет екенін, бейбіт еңбек қажет екенін бір кісідей боп, сезімдерін жан-жүрегінен суыра айтып жатты.

Бұл хабар маған да ерекше ауыр соқты. Өйткені…

Жаңаөзен қаласы — мен үшін тым ыстық, тым сүйікті мекен. 1992-1994 жылдары осы жерде жүргізуші болып қызмет атқардым. Ол кезде Ескіөзен деген атау да, Жаңаөзен деген қала да жоқ болатын. Қазалсай аталатын жаңбыр қарғыны жүрер сайдың оңтүстік бетінен тереңдігі бір метр жер қазып, оны биіктігі бір метр қотыр таспен биіктете қалап, алғаш­қы жертөле қоржын үйлерге кіріп тойлап, қуанышқа бөленіп жататын кезіміз еді.

1962 жылы «Өзен мұнайгаз барлау экс­педициясы» атты жаңа мекеме құрылды да, бастығы Үсенов Дүйсен аға мені ГАЗ-69 мә­шинесінің жүргізушісі етіп алды. Халила Махамбетов экспедицияның бас геологы бола­тын. Екеуі де нағыз өз жұмыстарына берілген мамандар еді.

Сол жылы Халила Махамбетов құрылыс­шыларға болашақ қала салынатын жерде бірінші кезекте берілуге тиіс алғашқы алты жатақхананың орнын көрсеткен кезде (қазіргі Жаңаөзен) мен қолыма балға алып, болашақ іргетас бұрыштарына қазық қаққан адам едім. Күн салқындау, желкем-тін. Қолымды тоңдыра жүріп болашақ іргетастар орнына қазық қаққанда сол жұмысымның өзімнің болашақта мақтанышыма айналатынын кім білген.

Содан бері елу жылдай уақыт өтіпті.

Маған деген тағдыр сыйлығы болар, Алма­ты­да Шаһмардан Есенов ағаның көршісі бол­дым. Ол кісі Жаңаөзен өндірісі, Маңғыстау мұнайы туралы біраз әңгімелер айтатын. Шәкең Түрікменстандағы қазақ мұнайшы­лары­мен ке­ліс­сөз жүргізіп, оларды өкімет қаржысымен көшіріп алғалы жатқанда, Москва бұл іске қарсы болыпты. Шақырып алып оған Түрікменстаннан бір қазақ мұнайшы алатын болсаң, партбилетті тапсырасың деген қатты сөз айтыпты. Содан барып Москва шешімімен Маңғыстауға Баку мұнайшыларын, Кавказ халқын қаптатыпты. Соның кесірінен Түрікменстандағы қазақтар мемлекеттің көме­гінсіз жаяу-жалпы Маңғыс­тауға өздері қоныс аударған болатын. Шаға­дамға, Алтыншыға, Бекдашыға барып өзіміз де біраз үйлерді көші­рісіп келген едік.

Мен құрылысшы маман ретінде 1975-1980 жылдары Жаңаөзен қаласының РСУ «Ман­гыш­лакнефть» мекемесінде жұмыс жасап, іргетасы отырып кеткен 29 үйдің іргетасын көтерген инженер едім. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласында 2009-1910 жылдары «Даңқ» аллея­сын салып шыққан сәулетшімін. Сол аллеяда Маңғыстау мұнайшылары мен тарихи тұлғалар аттары гранит тасқа қашалып жазылды.

Біз бұларды не үшін еске түсіріп отырмыз? Қазіргі Жаңаөзен қаласының, жаңаөзендік­тердің тағдыры мен үшін өгей тақырып емес. Жаңаөзен – менің өмірім. Әке-шешем ұзақ жыл­дар сол жерде тұрып, мәңгі мекеніне сол жерден аттанды. Өзім шаңырағымды да осы жерде көтердім. Барлық бауырларым да Жаңаөзенде тұрды. Содан да болар, Жаңаөзен туралы қуанышты хабар естігенде жүрегіміз қалай дүр етсе, жағымсыз хабарға солай дір ете қалады.

Бұл жолғы Жаңаөзен туралы хабар бізді қатты шошындырды. Тек қана бір жұбаныш – бейбастақтыққа негізгі мұнайшылар жазықты емес екен. Оған сол жерде тұратын ағайын­дармен сөйлесе келе көзіміз анық жетті. Бірақ біздің әртүрлі еңбек тәртібін бұзуға құмар­ларға, заңға қарсы талаптар қойып, ереуілшіл болып алған мұнайшыларға айтар өкпеміз де бар.

Қалайша сіздің балаларыңыз, біздің мектептерде тәрбие алған білімді жастарымыз ата-анасының, мекеме басшыларының сөзінен елімізге жаулық әрекет жасауға бағыт алған жау кісінің азғыруын артық көреді?

Қалайша өз отанының еңбек­қор ұлдары бір жат пиғылды жан­ның арбауына түсіп, әлі күнге қате пікірден арыла алмай келеді?

Қалайша өз аналарының, өз әкелерінің қолымен, маңдай терімен тұрғызған қаласы мен өн­ді­рісін жат талапайына қия алады?

Аға да айтып көрді, әке де айтып көрді. Бірақ дау шешімі ұзақ уақыт табылмады.

Осындай өкпені біз үкіметке де айтамыз…

Бұл мәселемен ел басқарып отырған жоғары лауазымды басшылардың бәрі де айналысты. Олардың қолдарында заңы мен ережесі, қаржысы мен билігі бар адамдар еді. Зор билік иелері болатын. Бірақ мұны шешілмейтін мәселеге айналдырып, бетін жылы жау­ып, жұрт назарынан жасыра салды. Шешімін дұрыс іздемегендіктен жеті ай бойы сағыз­дай шайналған нәрсе, ақыры ел дұшпан­да­ры­ның өз пайдасына пайдаланып кетуіне соқтырды.

Жаңаөзен оқиғасына ереуілші мұнайшы­лардың қаншалықты кінәсі болса, біз үкімет пен мұнай өндірісін басқаратындардың кінәсі екі есе артық дегіміз келеді.

Осы мәселеде, мұнайшылар мен мұнай өндірісі басшыларының арасындағы, басшы мен бағыныштының арасындағы даудың шешімі жоқ мәселе секілді болып көріне бастап еді…

Дегенмен, шешімі бар болып шықты…

Ол шешімді Елбасымыз айтты.

Нұрекең бабаларымыздың «Біреу сені таспен ұрса, сен оны аспен ұр» қағидасын пайдалануды ұсынды.

Нұрекең оларға ереуілші деп қарама, оларды өзіңдей адам, еңбекқор жан деп қара деді.

Бұл ұзаққа созылған дау – адамға адам деп қарамаудан тұтанатын, түсінбейтіндерге түсі­нік айтпаудан, тентектерге кешірім көрсетпеу­ден туындайтын түйткіл екен. Қате қадам басқан жастарды ағалық қамқорлық, әкелік мейірімнен құр қалдырудан туындайтын өкпе болып шықты.

Біз мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның аузынан шыққан бір сөйлемнен кейін ба­рып түсіндік.

Нұрекең қаланы өртеп, тәртіп сақшыларын соққыға жығып, амалсыз өздеріне қарсы қару қолдануға мәжбүр еткен тентектер қылығына ренжи отырып: «Қайтеміз енді, болар іс болды. Бірақ олар да өзіміздің балалар ғой. Олар да қазақ баласы!» деді…

Қазақ болмысынан нәр алып, қазақ кең­шілігін бойына сіңіріп өскен жанның, Елбасы атанып, сол қасиеттерімен ел билер жанның осындай кезеңде баршаға бағытталған сөзі болса осындай-ақ болар…

Аталарымыз «қарғайын десем жалғызым­сың, қарғамайын десем жалмауызымсың» дегенде осындай жағдайға душар болып, бастан кешкесін айтпады деймісің…

Адамдар қандай теріс қылық көрсетіп басбұзарлық қылықтарға барса да «олардың өзіміздің адамдар» екенін ұмытпауымыз керек екен. Біз Нұрекеңнің сөзінен соны ұқтық. Заң қызметкерлері де солай ұқса дейміз.

Мойындағанымыз дұрыс болар, біздер, аға буын, осы ұзаққа созылған дау кезінде пара­саттық сезімдерді басшылыққа алу орнына, ең­бек заңының тармақтарын көбірек қаузап кетіппіз.

Ақыры осындай оқиғаға ұрындық.

Жүздеген адамдардың сол күнгі іс-әрекеті тексеріліп жатыр. Бәрі бірдей жазықты ма?..

«Біреу қыз алып қашады, біреу қызығына қашады!» депті данышпан аталарымыз.

Жаңаөзен жастары «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтыладының» кейпін киіп қалды.

Жаңаөзен оқиғасы нақ осы мәтелдердегі қазақ данышпандығымен бейнеленеді. Ұйым­дас­тырушылар жастарды еліктіріп әкеліп аран­ға жықты да, өздері тайып тұрды. Шетте жатқан Шетпеден бір-ақ шықты.

Бірақ көңілге медеу бір нәрсе, ол Елбасымыз айтқан: «Бәрі де өзіміздің балалар!» Мүмкін осы бір ауыз сөз сол жастардың ендігі тағдырына, ендігі өміріне ықпалын тигізер. Балалар қамқор атаның сезімін бойына сіңірер. Ендігі жерде қате қадам баспас.

Мүмкін осы бір ауыз сөз тергеу орын­дарының қызметкерлеріне тезірек жұмысын аяқтап, үйіне қайтуды мақсат тұттырмай, айран ішкендер мен шелек жалағандар арасын дәл ажыратуға көмектесер…

Мәселенің күрделілігі соншалық, Елбасы 22 желтоқсанда Маңғыстауға ұшып келді. Мақ­саты талайға созылған даудың түйілген тұсын табу, түйінін шешу екен.

Елбасы түйткілді де тапты. Түйінді де шеш­ті. Оның барлығы бір ауыз сөзге сыйғызылды.

Облыс адамдарымен кездесуде, жоғарыда айтып өткендей, Елбасы: «Қайтеміз, болар іс болды. Бірақ олар да өзіміздің балалар ғой. Олар да қазақ баласы»,  деген болатын.

Біршама ұзаққа созылған осы даудың шешім таппауы біздің Жаңаөзен мұнайындағы билікті азаматтарымыздың мінезінде осы сезім мен осы бауырмалдықтың кем соғып жатқа­нынан болған секілді.

Бес жыл институтта оқып, отыз жыл мұнай өндірісінде өмір тәжірибесін жинақтаған ма­ман­ның өмірге деген, өндіріске деген пайымын 20 жастағы жас бала қайдан біле қойсын.

Жастар өздерінің қасында жүріп жылы сөйлеген кісінің, өзін адам санаған кісінің ойын бойына сіңіреді. Сол арқылы өмірге өз көзқарасын қалып­тас­ты­рады. Міне біздің қатеміз, осыны іске асы­ра алмағанымызда, жастарға қажет кезде (барлық уақытта да) аға бола алмағанды­ғы­мыз­да жатқан секілді.

Қазағымыз айтқан­дай «Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен?» деп аталарымыз кешірім бергендей, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Олар да өзіміздің балалар емес пе!» дегендей сезіммен қарағанда ғана, адам мен адам арасындағы түсініспеушілік, бастық пен бағыныштының арасындағы кикілжің шешімі жеңілдей түспек.

Сонда ғана әкенің бала алдындағы, бас­тықтың бағынышты алдындағы беделі өспек.

Елбасының әлгі сөзі біздерді ойлануға итермелейді.

Ойланып қарасақ, мемлекет тарапынан да, Жаңаөзендегі билік тарапынан да, аға буын тарапынан да кемшіліктер кеткен секілді.

Сонда біз қай жерде, қандай түрде кемшілік жібердік?

Өмір – күрес. Біз егемендік алған күннен бастап, басымызды ноқтадан босатқанмен, миымызды күрестен босатуға тиіс емес екенбіз. Жоғарғы биліктен дәмелілер біздерді алдап-сулап байып алды да, билік тізгініне жармасты. Сол армандарын жүзеге асырмақ болып әлі жанталас үстінде.

Олар біздердің ойымыз бен ақылымыздың осал тұсына, жігеріміз бен отансүйгіштік сезі­міміздің жіңішкерген жеріне мықтап жар­ма­сады. Айтақталуға жарайтындарды айтақтай­ды. Сойыл соғуға құмарларға сойыл соқты­рады.

Егемендік алып ел болдық. Егемендік алып келген бостандық, демократия деген ұғым­дарды әркім әртүрлі пайдаланып, біразы берекені кетіре бастады. Олар демократия ұғымын елімізге қарсы пайдаланады. Қолдарында газет, журнал, телерадио құралдары барлар барды жоққа айналдыра, жоқты барға айналдыра желсөз айқайға кірісті. Көкірегіне қызғаныш пен жалқаулық орнағандар, айтақшының ай­қайына ерді. Еркін сезініп елеурегені сонша, елге де, ел басшыларына тіл тигізіп жатты. Бірі қазақ халқы жеке ел бола алмайды десе, екіншісі қазақтың тілі қойшының тілі деп кемітті. Өкінішті бір нәрсе: алғашқы кезде оларға қой деп айтар заң да болмады, адам да болмады. Енді заң есін жинап, адам етегін қымтап, тәртіпсізге қой дейтіндей жобаға жеткен кезде олардың біразы өз елінде тұра алмай жат құшағынан жылы орын тапты.

Солардың бір тобы іштей де, сырттай да Қазақ еліне жаулық жасауда. Олар жат жерде жүріп те, бірге өмір сүре жүріп те қолдарынан келгенше қазақ абыройына кір жұқтырумен келеді.

Солардың бірі кешегі Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырса, енді бірі өз елінде жүріп, әйел басымен (қазақ әйелі) тыр жалаңаш шешініп теледидарға түсіп, бар қазақ баласының абы­ройын төкті. «Жел көтермесе, қол көтермеген» деп мақтанатын нағыз қазақы тәрбие алған аналар сезіміне, қыздар мақтанышына күл сепкендей әсер етті.

Демократия деген еркіндікті пайдаланып біраз қазақстандықтар аузына не түссе соны айтатын болып алды. «Қой дер қожа, әй дер ажа» болмады.

Соларды көрген жай халық ішіндегі жалғыз-жарым пенделер бұзақы қылық пен бұру сөздің дәмдеріне үйрене бастады. Жастар, әсіресе өтпелі кезеңдегі жастар тентектікке, оғаш қылықтарға құмар келеді. Осындай жағ­дай­ларды билік тағына отыруды арман­даушылар өз пайдасына шеше бастады.

Ойлана келе, біз жастар тәрбиесі деген шаруаның дәрежесі мен пайдасы, ел ты­ныш­тығы мен ел байлығына қосар үлесі мұнай шығару атты шаруадан бір елі де кем емес деген тоқтамға келдік.

Біз осы 20 жылда шеті жоқ қыруар ша­руа­ны тындыра жүріп, елімізді әлемге танымал дәрежеге жеткізе алғанда, маңызы солардың барлығынан да кем емес жастар тәрбиесі деген жұмыста кемшілік жіберген секілдіміз.

Дәлірек айтсақ, біз жастар деп оқушылар мен студенттерді көбірек қамтып, жұмысшы жастар туралы аз ойланғанбыз ба, қалай?..

Жастарға қалай болғанда да ұстаз керек екені белгілі еді.

Қазақта «ораза, намаз — тоқтықта» дейтін мақал бар.

Қарын тойды. Енді кедейдің байға жетемін дейтін шағы туған болар.

Осындай кезде бір жат ойлы әйел адам жастар ортасына алауыздықтың ұрығын себе алды. Ал жастар болса жауының соңына ерді. Отбасының ырысын, ел берекесін тәрк етуден тайынбады. Сонда олар не ойлайды екен?

Неге жастарымыз бір жау әйелді ұстаз тұтуда?

Кейбіреулері әлі күнге сол қылмыскер адам басына бостандық сұрауда…

Біз осы жерден қайтадан өз ойымыз не дейді, соған жүгініп көрелік.

Ойлап қарасақ, бәрі ап-анық көзге елестейді.

Әлемдік үрдіске еріп, біз де демократия деген ұран тастаппыз. Бірақ шексіз демократия болмайтынын елге түсіндірмеппіз.

Тіл бостандығы деген ұран тастаппыз. Бірақ «таяқ еттен өтерін, сөз сүйектен өтерін» ойламаппыз.

Аталарымыздың «Малым — жанымның сада­ға­сы, жаным — арымның садағасы» атты дана­лығын жастарға ұран ете алмаппыз.

Жастарымыздың рухани күштерін өз отанының пайдасына жұмсау жағына қам жемеппіз.

Осы кемшілікті жат пиғылдылар тамаша пайдаланған. Газеттер, теледидар каналдары, ауызша үгіт жүргізушілер біздердің назары­мыздан тыс қалған жастардың жанына жа­ғарлық ой айта алған. Жалпы адам баласының бірінші естігенін ақиқатқа санайтын қасиеті басым болады. Біреуден екі-үш рет естіген сөзін енді өз ойым деп қабылдай береді.

Біз осыларды ойлай келе, кейбір жағ­дайларда, әсіресе жас жұмысшы жастардың санасы үшін күресте қарсыластарымыздан ұтылып қалғанымызды байқағандай боламыз. Өйткені біз жұмысшы жастар арасына барған жоқпыз, ағалық ақыл айтқан жоқпыз. Бірге жүрмедік, өмірді бірге қызықтамадық. Бірге билемедік. Өйткені ондай жұмыстармен айна­лысатын ұйым жоқ болатын.

«Жастар» аталатын мекемелердің екі-үш адамы ондай шаруаны тындыруы мүмкін де емес еді. Шынын айтқанда, олардың жоғарыға өтірік ақпарат беруден қолы да босамайды.

Ал қарсыластарымыз тәрбиеден бос қалған балаларға үгітін жүргізе алды, айтқанын тыңдата білді. Өйткені олар сол жастардың қасында болды, орталарында жүріп үгіт айтты, өз пікірлерін жастар санасына сіңдіре білді. Соның арқасында олар діни түсінікте де, экстремистік әрекеттерде де жастар арасынан жақтастар табуда.

Біраз кісілер мешітке азар барады. Өйткені олар сақалын сапситып, бұтын талтайып тұрған жат бейнелерді көргісі келмейді.

Біздердің тағы бір қате түсінігіміз, жастар дегенде біз көбіне студент жастарды айтамыз. Ал студент жастардың жұмысшы немесе жұмыста жоқ жастардың оннан бірі ғана екенін естен шығарамыз. Олар арасындағы үгіт-насихат жұмыстар жоққа жуық.

Жұмысшы жастар тұрмысы туралы да көп ойлана бермейміз. Жастар отау тігіп жатады. Қатарынан қалғысы келмейді. Олар да мәшине мінгісі келеді. Өз алдына, түндігін ашып, ошағына от тұтатып қызықтағысы келеді. Содан барып қолдағысын банк атты жалмауызға кепілдікке беріп, бар еңбегін банк алпауыт­тарын асырауға сарп етеді.

Екі балалы болған жас шаңыраққа мемлекет тарапынан жеңілдіктер туғызылса, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға да, адам санын көбейтуге де ықпал етер еді.

Мемлекеттің бес балалы анаға ойланбастан зейнетақы тағайындауға жағдайы жетеді деп ойлаймыз.

Жұмысшы жастардың тұрмысымен қоса рухани тіршілігі туралы да ойлану артық болмас еді.

Көрнекті тұлғалармен кездесуге, партия жиындарына, күнделікті өтіп жататын саяси шараларға залдағы орындықты толтыру үшін ылғи кеңсе қызметкерлері мен студенттерді алып келеміз. Елге еңбек етуге тиіс алтын уақыттар желге ұшып жатады.

Осындай кемшіліктер қырсығынан жұмыс­шы немесе жұмыста жоқ жастар түгелімен қарсыластар ықпалында қалады. Олар әлемдік инвестиция, әлемдік интеграция заңдылықта­ры туралы жастар білімінің аздығын пайда­ланып, кей-кейде: «Ойбай, орысқа беріп қойды, орыс кетсін! Ойбай, Қытайға беріп қойды, қытайлықтар кетсін!» секілді сөздерді жастар аузымен айттыруға тырысады.

Әлем халықтарының өркендеу құбылыс­тары­нан хабары аздау жандар осындай арандатушылыққа сеніп те қалуы мүмкін. Осы жағдайлар туралы тағы да ойланып көрелік. Соңғы 300 жылға жуық тәуелді өмір кешкен жылдарымызда осы байлықтар үстінде отырып иініміз көйлекке жарымай, төсеуге текемет таппай, мінетін көлікке жарымай ғұмыр кешпеп пе едік. Немесе егемендіктің алғашқы он шақты жылын еске түсіріп көрелік. «Ала қап» арқалаған заманды әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол кезде шетжерлік инвестиция арқылы біз табанымыздың астында жатқан байлықты игере бастадық. Міне, енді солардың арқасын­да «ала қап» заманы артта қалып, «алтын қалта» заманынан дәметерлік жағдайға жеттік. Қазір қарқынымыз жақсы. Әлі де болса игеріліп, ел мұратына іске қосуға тиісті талай байлықтарымыз бар. Бірақ барлық шаруаны ақша тындырады. Біз сол туралы ойлана бермейміз.

Бір мысал келтірелік. Қазақстанның егін аймақтарын жеке азаматтарымызға бөліп беріп еді. Дұрыс секілді боп көрінген. Бірақ өнім­ділігі зор техникаларды алуға қаражаты жоқ адамдар жерден өнім ала алмады. Қате түзетіліп, енді оларды біріккен ұйымдарға біріктіре бастап еді. Нәтиже соншалық, енді өндірілген астықтарды сақтайтын қойма таппай жатырмыз.

Мұнай өндіру мәселесі де сондай. Арандатушылардың айтақтағанына еріп, орыс кетсін деп одыраңдасақ, қытай кетсін деп қиыс тартсақ, мен мұнай өндіруші едім, маған бәрінен артық жағдай жаса деген түсінікке бет алсақ, онда Пушкин ертегісіндегідей баяғы тесік астау қасына қайта жайғасамыз.

Дұрыс саясат арқасында қазір Маңғыс­тауды бүкіл әлем болып көркейтіп жатыр. Ақылы бүтін кісі бұған қалай қарсы тұрады…

Тағы бір сұраққа жауап беруге тырысалық.

Саналы зердемен ойланып көрген кісі Ұлы даламызда болып жатқан барлық құбылысқа өзін жауапты сезінер еді. Өйткені Қазақ елінде болып жатқан бар жақсылықта да, жамандықта да бар қазақтың үлесі бар. Бар қазақтың еншісі бар.

Өйткені осы қазақ даласын сақтап, бізге жеткізу үшін ата-бабасы атсалыспаған, ата-бабасының қаны төгілмеген бірде-бір ша­ңырақ таппайсың.

Сондықтан да Қазақ байтағында өскен әр түйір дәнде бүгінгі қазақ баласының үлесі бар.

Сондықтан да бар қазақтың бүгінгі ошағына жылу беріп жатқан Қарағанды көмі­рінде, көже боп қарын тойғызып жатқан Са­рыарқа астығында, бензин боп құйылып жат­қан Маңғыстау мұнайында бар қазақ еншісі бар.

«Әзір астың атасы, біткен істің қожасы» бола кетуге тырысу – надандық пен өзім­шіл­діктің қорытпасы. Маңғыстауды игеруге СССР-дың 200 ұлты түгел атсалысқан болатын. Маңғыстаулықтардың қазіргі мініп жүрген машинасында да, жеп жүрген нанында да олардың үлесі бар екенін сезіну қажет болар.

Міне, бұл күндері өтіп жатқан келеңсіз жағдайлар осындай тарихи жағдайлар мен адами қасиеттер туралы ой қозғамағаннан да туындап жатуы да мүмкін.

Еліміздің тәуелсіздігімен менің тілім де еркіндікке жетті. Мен қолыма қалам алдым, ел тәуелсіздігін жырладым. Жас ұрпақ тәрбиесіне қуанышты сөзіммен атсалыстым, мүмкін­шілігім жеткенше көмек көрсеттім. Сондықтан да осындай ойларды айтуға еркім бар.

Сол кезден, 1991 жылдан бастап тілім секілді қолым да азат болды. Мен қолыма қалақ алдым. Құрылысшы, шебер, сәулетші ретінде қолымнан келетін барлық істі елдің рухани жаңаруына жұмсадым.

Қолыма қалам мен қалақ ұстағалы сол асыл құралдарды мен әуелі өзім мен отбасымның қамы үшін деп, сосын жас ұрпақ пен қазақ халқы үшін деп пайдаландым.

Бүгін ел алдында айрықша мақтаныш тұтатыным – мен сол асыл құралдарды арам байлық табу жолына жұмсамаппын. Дүнияға қызықпаппын.

Еліміз егемендік алып, Қазақстан бай­лығын бөліске салғанда менің еншіме бір қалам мен бір қалақ тиіпті.

Елу жасымда өлең жазып бастап, алғашқы өлеңдерімнің бір шумағында былайша сыр ашқан екенмін:

Байлығына қызықпадым,

Қолды кірге малдырар деп.

Билігіне қызықпадым,

Арды ортаға салдырар деп…

Жұрт жанталаса дүние таласына түскен кезде менің осы мағыналы шумақ жазуға парасатым жетіпті. Соны жазуға жас шағымда елімнен алған рухани тәрбием, азаматтық кредом көмектесіпті.

Содан бері 20 жыл өтіпті. Жас жетпісте.

Еліміз еркін, ұлтымыз ұлық, азаматымыз ардақты!

Бізге уайым-қайғы шегуге себеп жоқ секілді еді…

Дегенмен «уайым — ердің қорғаны» деген екен аталарымыз.

Бір уайым бар, ол – біздің барлығымыз жабыла жамандап жататын Кеңес өкіметінің бізге берген тәрбиесін, рухани күшін бұ заман жастарына, бұ заман қазақтарының болмысына қалай сіңіруге болады?

Бір қорқыныш бар, ол – біз «болашақ ел иесі» деп атайтын жастар тәрбиесін қанша­лық­ты қамтамасыз ете алдық? Біз олардың ұлттық рухына, азаматтық парасатына сенімді бола аламыз ба?

Бір күмән бар, ол – біз (аға ұрпақ пен билік басындағылар) жақында болып өткен жастар бейбастақтығына олар қаншалықты кінәлі болса, олардың алдында, ата-баба аруағының алдында біздердің (аға ұрпақ пен билік басындағылар) соншалықты күнәлі екенімізді сезінеміз бе? Өйткені оларды біз тәрбиеледік. Оларды біз өсірдік.

Нұрекең айтқандай: «Қайтеміз, болар іс болды. Бірақ олар да өзіміздің балалар ғой. Олар да қазақ баласы»…

«Өткен істің жақсысы — үлгі, жаманы — сабақ» қағидасы дәл осы жерде пайдаға асырар ақыл.

Болған істен қорытынды шығару – біздің міндетіміз.

Ендігі жерде жастар тәрбиесі мәселе­сіндегі (мемлекеттің де, ата-ананың да) мо­й­нын­дағы міндеттер заңмен қамтамасыз етілсе… Олардың жалпы қоғам болып атқарар қызметі жастарымызды Отан алдында кінәлі сезінбейтіндей дәрежеге жеткізе алса…

Сонда ғана сүйікті Отанымыз озық елдер санатына тек қана өнді­ріс өнімдерімен емес, адам бой­ындағы рухани байлығымен де жетер еді.

АҚТАУ.

«Егемен Қазақстан газеті», 28 желтоқсан 2011 жыл.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button