Басты жаңалықтар

Оқырманы көп басылым — өміршең

Ұлу жылы редакциямыз үшін берекелі, мерекелі жыл болды. Жыл бойы облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Газетіміздің оқырманы 15 мыңға жақындады!Күзде, яғни 2025 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталған кездеоқырман арасында бәйге ұйымдастырылған болатын. Жаңа жылдың қарсаңында сол бәйгенің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

Салтанатты іс-шараға облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы және  Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан келген оқырмандар қатысты.

Іс-шарада облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншинсөз сөйлеп, мерейтой жылына қысқаша шолу жасады.

— Облыстық басылымдарды үнемі қолдап жүретін облыс әкімі Асхат Шахаровқа, қоян-қолтық жұмыс істейтін аудан әкімдеріне,барша оқырмандарымызға алғысымыз шексіз. Оқырманын тапқан газет өміршең болады жазылу науқанын да ойдағыдай өткіздік. Қазіргі таңда «Ақтөбе» газетінің таралымы 15 мың данаға, ал «Актюбинский вестник» газетінің таралымы 5 мың данаға жуықтады. Аудандардың арасындаоблыстық басылымды көп оқитын  — Шалқар, Мұғалжар,Ойыл,Байғанин, Ырғыз аудандары.Оқырманымыз көбейе берсін!

Күзде баспасөзге жазылу науқаны басталғанда жазылушыларымыздың арасында бәйге жариялаған болатынбыз. 11 оқырманнан 12 айға толық жазылғанын растайтын түбіртегін қоса жолдаған хат келді.Белсенді жазылушыларымызға бәйге жүлделерін тапсыру үшін марапаттау рәсіміне шақырдық, — деді Раукен Отыншин.

Одан соң «Ақтөбе Медиа» директоры аудандардан келген белсенді әрі тұрақты жазылушыларымызды Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Баспасөзге жазылудағы белсенділігі үшінҚобда ауданынан еңбек ардагеріЖауғашты Жұмағалиев, Шалқар ауданынан Жүсіпбек Қоянбаев, Серік Тілеубай, Байғанин ауданынанСергей Жанабергенге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Марапаттау рәсімінде Қобда ауданынан келген ақсақал Жауғашты Жұмағалиев сөз сөйлеп, тілегін айтты.

— Жүзжылдық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің байырғы  оқырманының бірімін. 1965 жылдан бері облыстық «Ақтөбе» газетіне, басқа да газеттерге арнайы байланыс бөліміне барып жазыламын. Осы газет арқылы ауданымызда, облысымызда, жалпы елдеболып жатқан жаңалықтарды біліп отырамын. Газеттердің әр санын асыға күтіп, басынан аяғына дейін оқып шығатыным бар. Ал тартымды, еске сақтайтындай тарихи мақалалар, өмірден өткен бабаларымыз, халық батырлары, шежіре жайлы жазылған мақалалар, материалдар кездессе, міндетті түрде қиып алып, сақтап қоямын, бұл — мен үшін баға жетпес қымбат қазына. Осындай мақалалар жеке архивімде сақтаулы. Мақтанғаным емес, бұған қоса үйімде мың жарымнан астам көркем әдебиет кітаптарым бар. Мен кешегі кеңес заманында өмір сүріп, еңбек еткен адаммын. Ол уақытта бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде газет-журналдың беделі өте жоғары болатын. Мерзімді басылымдарды оқымайтын адамның таным көкжиегі тар болады деп ойлаймын. Іздеген адам газет-журналдан керегінің бәрін табады. Рухани азық дегеніміз, міне — осы.

Ғасыр тойын атап өткен «Ақтөбе» газетінің ғұмыры ұзақ болсын! Ұжымдағы қыз-жігіттерге шығармашылық табыс тілеймін. Табалдырықтан аттағалы тұрған 2025 жыл құтты болсын! — деді Жауғашты Жұмағалиев.

Апта сайын газеттің әр нөмірін асыға күтетін тұрақты оқырманымыздың бірі — еңбек ардагері, Шалқар ауданының тұрғыны Жүсіпбек Қонысбаев. Бұл іс-шараға ауылдан өзі жете алмай, қаладағы қызы мен жиенін жіберіпті.

— Бала кезімізде үйде газет-журнал көп болатын. Қолымызға түскенін қарап, қызық жерін оқып өстік. Әкем көп оқиды, әсіресе ауыл кітапханасындағы танымал жазушылардың біраз еңбегін тауысты деуге болады. Әкеміз ауданға кәсіби фотограф ретінде танымал. Анам екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бала кезімізде әкем «Зенит», «Фет» фотоаппараттарын арқалап, аудандық іс-шараларды түсіріп жүрді. Соңғы онжылдықта әкем сканфорд, кроссворд құрастыруды әдетке айналдырды. Сканвордтары облыстық «Ақтөбе» газетінде, «Жұлдыздар отбасы» журналында жарияланып тұрады. Сосын оны мерзімді басылымдарға жолдайды, егер шықса, бізге, балаларына сол газетті алып, оқыңдар, сканвордымды шешіңдер деп отырады. Осылайша ұрпағын газет-журнал оқуға тәрбиелейді, — деді Светлана Қонысбаева.

Бір жылға бірден жазылған тұрақты оқырманның дені еңбек ардагерлері екен.  Ақтөбе қаласында тұратын Салтанат Жарылғасова, Молдағазы Байменшин, Төлеген Ізбай, Нәзия Шаяхметова, Әбдісағи Мүтәлі баспасөзге жазылудағы белсенділіктері үшін Алғыс хаттармен марапатталып, сыйлық алды.

— «Ақтөбе» газетіноқушы кезімнен оқимын. Ол кезде «Коммунизм жолы» атауымен шығатын. Газетке жыл сайын жазыламын. 

Қазір зейнеттемін. Бұрын Шалқар ауданындағы Аққайтым ауылдық округінде бас дәрігер болдым. Әйелім Алмажан Бүркітбаева  — физика-математика пәнінің  мұғалімі. Екеуміз 6 бала тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде балалардың бәрі бір-бір үй болды.

Облыстық басылым өңірдегі маңызды мәселелерге мән беріп, шындықты жазады, тарихи-танымдық мақалалар, очерктер жариялайды. Бір ғасыр бойы облыстың жылнамасын жазып келе жатқан «Ақтөбе» газетінің100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ұжымдағы қызметкерлерге денсаулық, еңбекте табыс тілеймін, — деді медицина саласының үздігі Молдағазы Байменше.

Тұрақты оқырманымыз әрі авторымыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбдісағи Мүтәлі «Ақтөбе» газетін жарты ғасырдан астам уақыт оқып келе жатқанын айтты. Ақтөбе қаласында тұратын байғаниндік Салтанат Жарылғасоваредакциядан мұндай марапат күтпегенін айтып, ақ тілегін жаудырды.

— «Ақтөбе» газетімен бала кезімнен таныспын. Ес білгелі тұрақты оқырманымын, жыл сайын баспасөзге жазылу науқанында пошта бөлімшесіне арнайы барып, бірден бір жылға жазыламын. Газет-журнал оқығанды ұнатамын. Зейнетақымның 30 мың теңгеден астамын мерзімді басылымдарға жазылуға арнаймын. Өңірдің тыныс-тіршілігін сөзі салмақты облыстық басылымнан оқып білгенге не жетсін? Қазір ғаламторда әлеуметтік желілер көп, бәрі де жарыса жазып жатыр, бірақ ол жердегі ақпараттың шын-өтірігін ажырату қиын. Ғасыр жасаған «Ақтөбемнің» оқырманы көп болсын! Тілшілердің қаламы ұштала берсін! Қызметкерлердің еңбегі бағалана берсін. Жаңа Жылан жылы ырыс-несібесімен келіп, әр шаңырақта тек той болсын! — деді жасы жетпістен асқан еңбек ардагері Салтанат Жарылғасова.

Газет пен оқырман — егіз ұғым. Бірінсіз бірінің күні жоқ.«Ақтөбе» газетінің ұжымы үшін 15 мыңға жуық оқырманның әрбірі қадірлі. Әр пікір, әр ұсыныс редакция үшін құнды.

Алдағы жылы да газет қызметкерлері, басылымның әрбір саны оқырманның сұранысына жауап беру үшін барын салмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button