Басты жаңалықтар

Жылан жылы жылылық сыйласын

Жаңа 2025 жылшығыс күнтізбесі бойынша Жылан жылы. Бұл жыл жұмбаққа толы тылсымның, даналық пен интуиция тереңдігі символы ретінде танылған жыланның қасиеттеріне толы болмақ.

Жыл санауы бойынша ұлудан кейін келетін жыланның біз үшін қандай мәні бар? Бауырымен жорғалаушылар класына жататын жыланның біз біле бермейтін, көбіне аңғарылмайтын ерекше қасиеттерін тереңірек зерттеп көрейік.

Тілі — ұзын, ұшы — айыр

Ұзындығы 8 сантиметрден 12 метрге дейін жететін жыландардың денесі мүйізді қалқаншалар мен қабыршақтармен жабылған. Олардың арқасындағы қабыршақтар ромбы тәрізді болып, денесі ұзына бойына қатарлас орналасқан. Бауырының ірі қалқаншалары жұмсақ тері қатпарларымен жалғасады. Бұл қатпарлар жемтікті жұтқанда терінің созылып, жеңіл жұтылуына мүмкіндік береді.

Жыландардың көзінде қозғалмалы қабақтар жоқ, олар мөлдір қабықпен жабылған. Күндіз белсенді тіршілік ететін жыландардың көз қарашығы — дөңгелек, ал түнде белсенді болып, ымыртта тіршілік ететіндерінде тік саңылау тәрізді.

Жыландардың сыртқы құлақ тесігі мен дабыл жарғағы болмайды, сондықтан олар ауадағы дыбысты естімейді. Олардың ұзын тілінің ұшы айыр келеді, ол сезу қызметін атқарады.

Ал тістері — жіңішке әрі өткір болады және артқа қарай иіліп тұрады. Усыз түрлерінде тіс жемтігін ұстайтын қызмет атқарады. Ал улы жыландардың тістері қозғалмалы келеді әрі  үстіңгі жағында у ағатын өзекшесі болады. Жақ сүйектері серпімді сіңірмен байланысқан, бұл аузын кең ашып, ірі жемтіктерді тұтастай жұтуға мүмкіндік береді.

Бауырымен жорғалайтын жыландарда аяқ болмайды, алайда тек кейбір түрлерінде ғана жамбас белдеуі мен артқы аяқтарының тырнақ тәрізді жұрнақтары болады. Мұндай ерекшеліктер ұршық тәрізді жыландар, соқыр жыландар және бүрме ауызды жыландарда кездеседі.

Жыландардың омыртқа жотасы, иық және жамбас белдеулерінің болмауына байланыстыбөлімдерге анық бөлінбеген. Қысқа және жуан жыландарда омыртқалардың саны — 141 болса, ұзын әрі жіңішке жыландарда 435-ке дейін жетеді екен.

Жылан терісі жылына 2-4 рет түлейді. Түлегенде олардың эпидермис қабығы тұтастай түседі. Тіршілік ететін ортасына байланысты жыландардың реңі әртүрлі болып өзгеріп отырады.

Айыр тілділерде өкпе біреу, ал қуығы болмайды екен. Аталықтарының копулятивтік мүшесі құйрығының түбінде тері астына орналасқан. Жылына бір рет көбейеді. Қарашұбар жыландар мен гюрзалар жұмыртқа салады, ал сұржыландар мен бозша жыландар тірі туып көбейеді.

Жеке дара немесе топтанып қыстайды. Мәселен, сұржыландар топ боп жүреді. Топтанып қыстайтын түрлерін халық «ордалы жыландар» деп атайды.

Жылан зиянды кеміргіштер, моллюскілер және жәндіктермен қоректеніп, табиғатқа пайда да келтіреді. Кейбір түрлерінің терісі әсемдік бұйымдар, еті тамақ жасау үшін бағалы саналады, ал уы медицинада дәрі-дәрмек жасауға қолданылады.

Жыландар Жер шарында кең тараған, тек Антарктидада ғана кездеспейді. Жалпы, жыланның 3 мыңға жуық түрі белгілі. Олар 12 тұқымдасқа бірігеді. Ең көбі — сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі бар. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататынсоқырлар тұқымдасы, айдаhарлар тұқымдасы, сарыбас жыландартәрізділер, сұржыландар, бозша жыландардың18 түрі белгілі. Жыландардың дені құрлықта, әдетте, қалың шөп өскен жерлерде, ағаш басында, шөлді аймақтарда, кейбір түрлері тұщы сулар мен теңіз-мұхиттарда тіршілік етеді.

60 түрі ТМД елдерінің аумағында кездеседі. 16 түрі КСРО Қызыл кітабына енгізілген. Түрлерге байланысты жыландар 4 жылдан 30 жылға дейін өмір сүреді.

Уы да шипа

Мысырлықтар жылан уынан түрлі дәрі-дәрмек жасауды ерте кезден білген. Қазіргі уақытта Мысырдағы Суэцк университетінде ұзақ, қажырлы еңбекпен жылан уының химиялық құрамы зерттеліп, таңғаларлық жаңалықтар ашылды. Жылан уынан жасалған дәрімен ракты, белсіздіктіқант диабетін емдеуге, қан тоқтатуға, қан қысымын қалыпқа келтіруге болады екен.

Жылан уы көзінің артқы жағындағы арнайы бездері арқылы өндіріледі. Ақшыл сары не көкшіл түсті сұйықтың құрамы негізінен ақуыздар, амин қышқылдары, май қышқылдары мен ферменттерден тұрады.

Удың қасиеті жыланның түріне байланысты бөлінеді екен. Сұр жылан уында қанға әсер ететін геморрагин, көзілдірікті жылан уында жүйке жүйесіне әсер ететін нейротоксин болады. Жылан уынан кезінде кеңес медицинасы да май, сұйық түрінде дәрілер дайындаған. Ол дәрілер дәрігердің рұқсатымен қолқа демікпесін, ревматизм, артрит сияқты көптеген ауруларды емдеуге қолданады. Бір ескертетін жағдай, жылан уынан дайындалған дәрілерді туберкулез, бүйрек, бауыр аурулары бар адамдардың қолдануына болмайды.

Жылан уының емдік қасиеті ХVII ғасырда белгілі болды. Франческо Реди деген адам мұны алғаш ашқан деген мәлімет бар. Ал жүз жылдан соң тағы бір италиялық ғалым Фелисе Фонтане удың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, адам ағзасына әсер ету механизмін түсіндірген. Бүгінгі медицинаның басты белгісі болған символ — тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. Бұл символды кеңес елі де 1924 жылы түпкілікті мақұлдаған.

Жылан уына қатысты тағы бір жағымды жаңалық бар. Осыдан бірер жыл бұрын Новосибирскінің дәрігер-ғалымдары ішімдік десе елең ететінде рүшін баламалы сусын жасауды қолға алыпты. Кәдімгі ішімдікке жыланның уын қосады екен. Оның кереметі сонда, алкоголь адам ағзасына қауіп төндіретін қасиетінен айырылып қалады. Алайда бұл сусыннан адреналинді қоздыратын қуатқа еш залал келмейтін көрінеді.

Жақсылықтың белгісі

Жылан — шығыс мәдениетінде ерекше құрметке ие жануар. Ол ақыл мен рухани күштің, даналықтың, өзгеріс пен жаңғырудың символы. Ежелден-ақ өмір мен өлімнің, жаңғыру мен мәңгіліктің символы ретінде көрініс тапқан. Мәселен, Қытай мифологиясында жылан даналық пен өзгеріс әкелуші ретінде бейнеленеді.

Жылан — қазақ ұғымында ерекше жаратылыс. Ол сақтық пен шапшаңдықтың бейнесі ғана емес, құт-береке, ырыс пен байлықтың нышаны саналған. Егер үйге немесе қораға жылан кірсе, оны жақсылықтың белгісі деп санаған.

Қазақта үйге кірген жыланды басына ақ құйып шығаратын әдет бар. Яғни жылан үйге кірсе, қазақтар оны сабырмен шығарып салуға тырысқан. Оның басына сүт не айран секілді ағарған құйып, «құт әкелдің» деп алғыс айтып, ренжітпей, табиғи мекеніне жіберген. Ақ — қазақта киелі, адалдық пен амандықтың белгісі. Жақсылық тілеу мақсатында жасалған рәсім барысында: «Құтты орныңа бар, амандық әкел, жамандықтан аулақ бол!» деген игі тілектер айтылған.

Жыланның басына ақ құю дәстүрі халқымыздың даналығын, табиғатқа деген сый-құрметін айқын көрсетеді. Бұл дәстүр арқылы біз тек жыланға емес, жалпы қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйренеміз. Ал Жылан жылы келгенде, осы дәстүрді ұстанып, оны аман-есен шығарып салу — құт-берекені, амандықты тілеудің белгісі.

Сонымен қатар ел арасында жыланға қатыстыбіраз мақал-мәтел де бар. Мәселен, «Қазына бар жерде жылан бар». Мұнда ордалы жылан орналасқан жерде алтын қоры болатынын меңзеген деседі. Сондай-ақ «Жыланның жауы — ләйлек» деген де бар. Яғни бұл құс жыланның етіне құмар екен деген әңгіме бар.

Біреудің сөзінен не қарғысынан тітіркенген кезде де «Жағыңа жылан жұмыртқаласын» деп жатады үлкендер.

Қызықты деректер

  • Ең ірі жылан— питондар мен анакондалар. Олардың ұзындығы 7 метрден асуы мүмкін. Әлемдегі ең кішкентай жылан— ұзындығы 10 сантиметрден аспайтын Leptotyphlopscarlae.
  • Әлемдегі ең улы жылан тайпан Маккоя деп есептеледі. Осындай бір жыланнаналынған удың 100 адамды өлтіретіндей күші бар. Оның уы кобраның уынан 180 есе күшті.
  • Жыландар қолайсыз жағдайдада ұйқыға кетуі мүмкін.
  • 2017 жылғы мәлімет бойынша,ғылымда жыландардың 3631 түрі белгілі.
  • Жыландарда қуық жоқ. Несеп жолындағы зәр тікелей қатпаршаққа түседі.
  • Ең ірі улы жылан— патша кобрасы. Адам осы жыланға жақын келіп қалса, онда ол бұл кобрамен көз деңгейінде теңесіп, қозғалыссыз, оған тыпыршымай қарап тұруы керек деп есептеледі. Сонда бірнеше минуттан кейін кобра адамды зиянсыз нысан деп қабылдап, кетіп қалады.
  • Ғылымға белгілі барлық жыландар— жыртқыштар.
  • Жыландарда сыртқы және ортаңғы құлақ, сондай-ақ құлақ жарғағы жоқ. Бірақ олар тербеліске (вибрация) өте сезімтал. Сондықтан жыландар жер арқылы өтетін дыбыстық толқындарды жақсы қабылдайды.

Әзірлеген А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button