Тағзым

Теміржолшылар әулетінің басы еді…

Патша заманында өмір есігін ашып, кеңестік кезеңде теміржол саласында қазақ жастарының арасынан алғашқылардың қатарында осы бір қиын да күрделі мамандықты игерген Хами Есбосынов есімі Шалқар өңірінде кеңінен танымал. Өйткені оның ұзақ жылдар тепловоз машинисі болып, өзі үздік еңбегімен биіктен көрінуі, көптеген ізбасарларын тәрбиелеп, қатарға қосуы айтуға ғана оңай. Әйтпесе осы қырық жылдай жанкешті еңбек жылдарында оның қаншама маңдай тері төгілгенін кім есептеп шығарды дейсің?! 

Хами Есбосынұлы 1916 жылы Арал теңізі жағалауындағы Жалаңаш атты елді мекенде дүниеге келген. Әкесі Есбосын, анасы Балжарқын қарапайым шаруа адамдар. Сол кезде мал бағып, егін салып, балық аулап, өз тіршіліктерін жасаған жандар. Олар отбасында төрт ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиелеген.

Отызыншы жылдардың ашаршылығы оларды да айналып өтпеген. Теңіз суы төмендеп, балық аулаудың мәні кете бастаған тұстар болған. Сол уақытта басқа кәсіп іздеп, Шалқар жаққа қоныс аударады. Бұл 1935 жыл мезгілі екен.

Бастапқыда Шалқар қаласына таяу Аралши колхозына орналасып, бір жылды артқа тастап, шаһар тұрғыны атанады. Осында саманнан үй тұрғызып алады. Ол кезде мұнда негізгі жұмыс көзі теміржолдың айналасында болады.

Қаланың жұмысшылар қалашығы деп аталатын беткейінде теміржол мекемелері, түрлі бөлімшелері, паровоз, вагон деполары орналасқан.

Есбосынның екі үлкен баласы Нәби мен Хами осы теміржол жұмысына кіруге талаптанады. Нәби — вагон депосының жөндеу шеберханасына, Хами паровоз депосына қарапайым жұмысшы болып орналасады. Екеуі де заман талабына сай сауат ашу мектебіне кіріп, әріп танып, кітап оқитын дәрежеге жетеді, аз-кем орыс тілін меңгереді.

Хами бір жылдан кейін паровозда кочегарлық жұмысқа ауысып, 1938 жылдан паровоз машинисінің көмекшісі, енді екі жыл еңбек еткен соң паровоз машинисі болып шыға келеді. Осы жұмысты үзбестен отыз алты жыл атқарған.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін теміржол саласында да әскери тәртіп күшейтіледі. Майданға әскер апару, оқ-дәрі, басқа да құрал-жабдықтарды жеткізу теміржол арқылы жүзеге асырылатын болғандықтан, осында жұмыс істейтін мамандар ерекше тәртіппен орындарында қалдырылған. Олардың да тірлігі оңай емес, мылтықсыз майданда жүргендей күй кешкен.

Мен 1937 жылы дүниеге келгендіктен, соғыс жылдарында болмағаныммен, одан кейінгі тұстарда теміржолшылардың еңбегінің қадір-қасиетін түсіне бастадым.

Хами ағамды көке дейтінмін. Менің байқауымша пойыздар үздіксіз, күні-түні тоқтамай жүріп жатуы тиіс. Сондықтан да паровоз да, вагондар да жарақты күйде тұруы керек. Ал паровоз жүргізушісі ерекше есепте тұрады. Оларды кез келген уақытта жұмысқа шақырады, содан үш-төрт тәулік сапарда жүреді.

Есімді біле келе байқағаным, Хами көкем үшін Шалқардан ары қарай Сексеуілге, бері қарай Ембіге дейін құрама вагондарды жеткізу тапсырмасы беріледі екен. Алайда жағдайға байланысты ол көбіне бір шеті Қазалыға, мына жағы Қандыағашқа дейін де баратын болып шықты. Ол уақытта басшылар айтты ма, соны еш сылтаусыз орындауға тиіссің.

Үш тәулік жүріп келгеннен кейінгі демалысы он сағаттан аз ғана асатын. Содан кейін қайта жұмысқа шығады. Ол кезде байланыс жасаушы — жаяу адам. Жұмысқа шығардан екі-үш сағат бұрын келіп, хабарлайды. Айтылған уақыттан бір минут та кешігуге болмайды. Тәртіп солай.

Соғыс жылдарында көкем ұйықтап қалмасын деп анамыз ояу отырады екен.

Әкеміз Есбосын 1942 жылы наурыз айында өмірден өтті. Содан бес ұл мен екі қыздың өсіп-өнуі, жапырақ жайып, жетілуі анамыздың мойнында болды.

Хами көкем соғыс аяқталғаннан кейін, 1946 жылы ғана үйленді. Оған дейінгі барлық мақсаты тынбастан жұмыс істеу, анамызға көмектесу еді. Екі апамның күйеулері ел қорғауға аттанып, содан оралмады. Олар да анамыздың қамқорлығында, ағаларының карточкамен әкелген нандарымен қоректеніп, күн кешті.

Көкем шаңырақ көтергеннен кейін анамның жұмысы жеңілденіп, үй тіршілігі тізгінін келінінің қолына ұстатты.

1952 жылы паровоз орнына соляркамен жүретін тепловоз пайдаланыла бастады. Көкем Қазалыдағы тепловоз машинистерін даярлайтын үш айлық курста оқып, жаңа сатыға көтерілді. Ол 1955 жылдан жүк пойызын жүргізуден жолаушылар тасымалы машинисіне ауыстырылды. Себебі бұл салаға тәжірибесі мол, жол ырғағын білетін машинист қажеттігі ескерілді.

Ол өз мамандығын соншалықты жақсы көретін. «Біздің Қазақстан пойызының вагондары жол бойында жүріп келе жатқанда көз салсаң, ақ шағалаға ұқсайды» — деп мақтаныш сезімін білдіріп отыратын.

Көкем машинист болған жылдарында талай жас буынды өзіне әуелі көмекші етіп алып, тәрбиелеп шығарды. Солардың қатарынан мықты машинистер тобы өсіп шықты. Бір атап өтерлігі, көкем осы жұмысқа тұрғанда Шалқар паровоз депосындағы машинист болған екінші қазақ екен.

Бұл кезде теміржол мекемелерінің басшылары да, қосшылары да бірыңғай орыс ұлтының өкілдері болатын, көпшілігі Ресей жерінен келген.

Шалқар паровоз депосын басқаруға 1947 жылы бұрын Орынбор жақта машинист болып еңбек еткен Анатолий Саднев деген азамат келді. Осында жиырма жеті жыл басшы болған оны өз жұмысына берілген, байсалды теміржолшы деп мақтайтын еді.

Кейін локомотив депосы атанған осы ұжымда мыңнан астам адам еңбек етті. Депода жөндеу цехы, пайдалану бөлімі жұмыс істеді. Пойыздардың мезгілімен жүріп-тұруы осы цех жұмысшы-қызметкерлерінің жұмысына тәуелді. Сол кезде Орынбор теміржол басқармасы бойынша да алдыңғы қатарда көрінген локомотив депосында үздіктер аз емес-ті. Менің көкемнің де еңбегі бағаланып, 1942 жылдың өзінде Коммунистік партия қатарына қабылданған.

Айтар кетерлігі, ол жоғары басшылықтар тарапынан талай марапаттарға ие болды. «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын алды. Хами көкем Қазақстан Компартиясы он үшінші съезіне ауданнан сайланған екі делегаттың бірі болды.

Съезге бірге барған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеу Алдияров көкемнен сапар барысында: «Саған «Құрметті теміржолшы» атағын осы уақытқа дейін неге бермеген?» — деп сұрапты. Сонда ол: «Орыс ағайындардан ауыспай жатыр ғой», — депті. Шынында да, заман ақиқаты сондай еді…

Сол уақытта Шалқардағы депо бастығы А.Саднев, партия комитетінің хатшысы А.Смирнов, кәсіподақ ұйымының жетекшісі Урбанский деген… Марапат туралы сөз болғанда олардың аузына қазақтар оңайлықпен іліге қоймайтын.

Кеңестер одағы кезінде Қазақстандағы ең жоғары марапат — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, Мақтау грамотасы. Үздік еңбек етіп жүрген біздің көкемізге сол уақытта осының екіншісі бұйырды. Кейін Батыс Қазақстан басқармасына қарасты депо аумағына ескерткіш-бюст орнатылғаны, Шалқардан есіміне бір көше берілгені еңбегінің бағалануы деп білеміз.

Ал әкесі алмаған «Құрметті теміржолшы» атағы баласы Әбужан Есбосыновқа тиесілі болып шықты. Ол да әке жолын қуып, теміржол бойында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта осы саладағы құрылыс салу-жөндеу жұмысымен шұғылданатын мекемені басқарады. Осы жұмысына қатысты құрметті құрылысшы атағы және бар.

Хами көкем Есбосыновтар теміржолшылар әулетінің негізін қалаушы болды.Бір өкінішті жағдай — өзінің ізінен ерген екі інісі де теміржолда бірі — вагон құрастырушысы, екіншісі пойызды қалпына келтіру бөлімшесінде жұмыс істеп жүргенінде қайғылы жағдайда қаза болды.

Ал өзінің алты ұлының бесеуі — теміржолшы, қазірде сол саланың бөлімдерінде еңбек етеді. Бұлардан басқа жалпы Есбосын әулетінен сегіз немере, он шөбере осы мамандықтың туын көтерушілер қатарында. Олар Жаңа Қазақстанның экономикасының өсіп, ілгері дамуына өз үлестерін қосу жолында адал еңбек етуде. Жалпы Есбосыновтардың теміржол саласындағы жиынтық өтілі 200 жылдан асады.

Есбосынның кенже ұлы, мен, негізінен, ауылшаруашылық бағытында қызмет атқардым. Дегенмен аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған сегіз жыл ішінде теміржол жұмысына қатысты күрделі мәселелерді, түйінді жайларды шешуге, оларды үйлестіруге белсене араластым. Сол сегіз жылда теміржолшылар мерекесіне байланысты өткізілген салтанатты жиындарда алты рет баяндама жасаппын. Осылайша атқарған қызметіме байланысты теміржол мекемелерінің жұмыс ырғағын біліп, солармен қатар тыныстаған уақыттарым болған.

Хами ағам теміржол саласының адал ардагері болуымен қатар, үлкен әулеттің басшысы да еді. Ең алдымен өзінің он баласын өсірді, тәрбиеледі, оқытты, ел қатарына жеткізді. Бүгінде олардың балаларының өзі, яғни ол кісінің немерелерінің өзі ұлан-ғайыр ел болды. Артына осындай сәулетті, дәулетті ұрпақ қалдырып, адал еңбегімен абыройға бөленген адамды қалай мақтаса да, қалай мадақтаса да лайық деп санаймын.

Оның дүниеден өткеніне қырық жыл өтсе де, ерен еңбегі, абзал қасиеттері, үлкендік үлгісі біздің жадымызда жаңғырып тұра береді.

 Саудағазы ЕСБОСЫНОВ,

еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button