Тағзым

Үлкендіктің үлгісі еді…

 Ғибратты ғұмырын, өнегелі өмірін атамекеннен алыс өткізгенімен, өзіне тән қайтпас қайсар жігерімен азаматтық тұғырын берік ұстап, біліктілігін танытып, айналасындағы кейінгі буынға үлгі бола білген Мүсіран Қиынбаев еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға көшіп келіп, туған топырақта өзгеше жоғары көңіл күймен тіршілік кешті.

Шүкір, қазақтың қайсар азаматы үш-төрт жылы кем ғасырға жуық ғұмыр кешті. Өзінің өр еңсесін биік ұстады, елдік пен ерлік тағылымдарын шамасы келгенінше жан-жағына таратып отырды.

Ол 1928 жылы 12 қаңтарда ҚарақалпақстанРеспубликасы Кегейлі ауданында дүниеге келген.

Бір қызығы, құжатында кіндік кескен жері Кегейлі деп жазылғанымен, негізінде дүниеге келген құтты мекені Үстірт бойындағы Шөмішкөл деген жер екендігін ақсақал әңгіме арасында айтып қалғаны бар-ды.

Беріректегі бір сөзінде елге қарай бүйрегі бұра беруінің бір сыры балаларын атамекенге жақындатуда екенін де білдірген. Елдің егемендік алуы осы ойының жүзеге асуына мүмкіндік беріпті.

1992 жылы қыркүйек айында Ақтөбе жерінде Есет батыр Көкіұлына арналған ас берілуі ол үшін тағдыр сыйы іспетті болды. Осы үлкен шараға Қарақалпақстаннан келген делегацияның құрамында болған ол атамекенде аз күн болса да аунап-қунап қайтты.

Арада көп уақыт өтпей, Үстірт жайлауында Барақ батырға арнап ас берілді. Оған да арнайы келіп қатысты. Осының бәрі оның елге оралуын тездете түскендей еді.

Мүсіран ағамыздың ұлтжандылығы туралы онымен араласып жүрген көпшілік жақсы біледі. Мәселен, ол 1991 жылы Қарақалпақстандағы қазақтардың бірінші конференциясын өткізудің бастамашысы болды. Сол алқалы жиында оған қатысушылардың қалауымен Қазақ ұйымы басшысының орынбасары болып сайланды.

Бұдан кейін 1992 жылы Алматы қаласында өткен Бүкіл дүниежүзілік қазақтардың бірінші құрылтайына да қуанышпен қатысты.

Мүсіран ағамыз өзінің өткен жолын, балалық шағын үнемі еске алып отыратын.

«Біздің ата-бабаларымыз өмір бойы Үстіртте, Доңызтауда — кең жазық далада мал бағумен шұғылданған.

Қарақалпақ жерінде «Обком» деп аталатын колхозға әкем Қиынбай, шешем Назден, үлкен ағам Мұсағали мүше болып кірді. Барлығы да мақта бригадасында еңбек етті. Мен 1936 жылы мектепке бардым. Оқудан келген Қуанышбай ағам қой бағады, мен қозы-лақты өрістетемін. Осылайша бәріміз де шамамыз келгенше жұмыс істеп, күнімізді көрдік», — деп әңгімесін тереңнен қозғайтын ол.

Өмір бойы кең далада, еркіндікте мал бағып өскен адамдар үшін бастапқыда колхозға мүше болып, байлаулы баспақтың күйін кешу оңайға түспегенге ұқсайды. Өгіз арбамен мақта атызына тыңайтқыш жеткізіп, оны керекті жеріне төгу қыр баласы үшін үйреншікті жұмыс емес қой. Сонда да бұлар бар ынтамен атқарып, берілген тапсырманы мұқият орындап, игеріп кетеді.

Мұсағали ел қорғауға аттанып, майдан даласынан оралмай қалады. Елдегі бауыр-туыс, ағайындар бұл қасіретті де көтереді.Қуанышбай соғыстан соң елге келіп, біраз жыл жемісті еңбек етті.

Мүсіран ағамыз кезінде Ташкент қаржы-экономикалық институтын бітірген, кейін еңбек ете жүріп ғылыммен де шұғылданады, сөйтіп,экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғайды.

Ол он жеті жасынан қызметке араласып, 1947-1952 жылдары Кегейлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушы-бухгалтері болып еңбек етеді. Оданкейін Қарақалпақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің колхоздарбөлімінің нұсқаушы-бухгалтері қызметіне алынады. Бірте-бірте одан да жауапты қызметтерге көтеріле бастайды. 1957-1970 жылдары совхоздар тресінің бас ревизоры, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарады.

Ал осындай жауапты қызметтерде білікті басшы, тәжірибелі маман ретінде танылып, беделі биіктей түскен тұста, яғни 1970 жылы Қарақалпақ АКСР Министрлер Кеңесі Төрағасыныңбірінші орынбасары — Агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы болыптағайындалады. Бұл қай жерде де ауыл шаруашылығын дамытуға көбірек көңіл бөлініп, аталған саланы өнеркәсіптік негізде өркендету бағыты алға ұсталған кез еді. Сондықтан жаңа талаптарға сай ізденістер жасалып, ірі бағдарламалар қабылданды. Осы кезеңде көптеген оңды шаруа тындырылды. Сол ауқымда мақта өндіру көлемі артып, күріш өсіруге ден қойылды. Мүсіран ағамыз өнім жинау кезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовпен байланыс орнатып, сол жақтан қосымша комбайндар жеткізгені де есімізде. Сол тұста Тақтакөпір ауданы шаруалары жайлаудан қиыншылық көріп, оны да Қызылорда өңірі басшылығының көмегімен шешті. Ол жаққа да қарыздар болып қалмай, Мүсіран аға Шиелі ауданының шаруашылықтарына науқандық шаруаларды атқару кезінде көлік күшімен жәрдемдесу ретін қарастырды.

Құрылысқа ағаш жетіспеген кезде ол сонау Кемерово облысына барып, өңір басшысы Аман Төлеевтің өзіне жолығып, ол жақтан бөренелермен бірге көмір алып қайтқанын да жұршылық жақсы біледі.

Ағамыздың азаматтығын, білікті басшылығын, жан дүниесінің кеңдігін талай рет көрдім. Мен сонау жетпісінші жылдардың басында Әмудария ауданының Хорезм колхозында еңбек еттім. Ауданның жеті колхозы мен екі совхозының малын Әмудария өзенінің жағалауында қыстаттық. Сол жақтан 1975 жылы мені «Порлытау» совхозына басшылыққа жіберді. Жағдай қиын еді. Жол жоқ, электр желісі тартылмаған, қора жетіспейді, қамыстан салған үйлер ғана бар. 1977 жылы қыс ауыр болып, дайындаған шөбіміз малға жетпей қалды. Мал шығыны бір мың басқа жетті. Сол кезде республикадан Мүсіран Қиынбаев аға бастаған комиссия келді. Жағдайды әбден зерделеп, бізге түсіністікпен қарады. Үлкен жиналыс өткізіп, алдағы тірлік жайын ұғындырды. Комиссия мүшелерін сабырлылыққа шақырып, бізге малдың ең болмағанда жартысын түгендеу жайын айтты. Қалған малды министрлікпен, аудан басшылығымен келісіп, есептен шығаруға ықпал жасап көретіндігін білдірді. Осылайша бір тұйықтан шығып, ағамыздың бізге істеген жақсылығына, қамқорлығына бір рақметімізді айтқанбыз.

Онымен де тоқтамай, басқа да өнеркәсіптік ірі құрылымдар басшыларымен тіл табысып, ауыл шаруашылығын дамытудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырды. Оған ағамыздың дипломатиялық таланты, адамдармен тілдесе білуі, біліктілігі көп көмегін тигізді.

Ол 1987-1990 жылдары Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімшесінің Жаратылыстану ғылымдары кешенді институтының аға ғылыми қызметкері,

1990-1997 жылдары Қарақалпақ жеке және қосалқы, фермерлік шаруашылықтар иелері қауымдастығының төрағасы тізгінінұстады.

Бес рет Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланыпты. Қалибек Камалов, Ережеп Айтмұратов, Наурыз Жапақов секілді ел басқарған азаматтармен бірге қоян-қолтық еңбек етті.

1967 жылы Алматыда Қазақтың Мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде «Қарақалпақстан кеңшарларында мақта шаруашылығын жетілдіруде экономикалық пайданы арттыру» деген тақырыптағы ғылыми жұмысымен экономика ғылымдарының кандидаттығын қорғап шықты.

Ол ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан соң өзінің жүрек түкпіріндегі адастырмас арманы — атамекенге, Ақтөбе өңіріне қоныс аударды. Мұнда келген соң да қарап отырған жоқ. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экономика кафедрасының оқытушысы болып біраз жыл еңбек етті.Ол қоғамдық жұмыстарға, елдік шаруаларға да белсене қатысты, қандай отырыс-жиын болмасын үлкендік ақыл-кеңесін айтып, жастарға жол көрсетіп отырды.

Ақтөбе қаласының Бауырластар елді мекеніндегі Қайырқожа мешітін көтерудегі игілікті істердің бастамашысы болды.

Оның жемісті еңбегі Үкімет тарапынан лайықты бағаланды: кеңестік кезеңде үш мәрте Еңбек Қызыл Ту,сондай-ақ «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды.

Ол қазақ шежіресін түгендеу, тарихты жаңғырту бағытындағыкөптеген еңбектің, экономика тақырыбындағы мақалалардың авторы болды.

Мүсіран ағамыз қазақтан шыққан, ел басқарған көрнекті азаматтар тұлғасын ылғи да дәріптеп, олардың жақсы есімдерін көпшілік арасында насихаттап отыратын. Мысалы, облыстық «Ақтөбе» газетінде осыдан он шақты жыл бұрын «Өз заманының перзенті» деген мақаласы жарық көргені жадымызда. Бұл мақала еліміз үшін күрделі де қиын кезеңдерде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы, Шымкент облыстары атқару комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, экономика ғылымдарының докторы Нұрдәулет Күзембаев туралы жазылған зерделі зерттеу іспетті еді. Байғанин ауданындағы Доңызтау жерінде орта шаруа Күзембайдың отбасында дүниеге келген Нұрдәулет Темірдегі орыс-қазақ мектебінде оқып, жас кезінен білім өріне талпынады. Қуғын-сүргін салдарынан Доңызтаудан үдере көшкен елмен бірге 1928 жылы  Қарақалпақстанға табан тірейді. Кейін Ленинградтағы қаржы институтына оқуға түседі.

Міне, елге тұтқа болған аға буынның көрнекті өкілін ол кейінгі жастарға үлгі ретінде көрсетті. Ағамыздың мұндай бағыттағы мақалалары аз емес-ті.

Қаншама адал еңбек етіп, жан-тәнімен мемлекеттік істердің шынайы жанашыры болып жүргеніне қарамастан, ол «қайта құру» деп аталатын түсініксіз кезеңнің құрбаны болып шыға келгенін де білеміз.

1986 жылдың желтоқсаны айында Мәскеуден келген Бас прокуратураның қызметкерлері Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары — Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Мүсіран Қиынбаевты тергеуге алып, баяғы замандағыдай «халық жауы» етіп шығару ниетін ұстанғаны тіпті сұмдық жағдай емес пе…

Ұзақ жыл ел үшін қызмет етіп, өмірінің алпысыншы асуына бет бұрған адамды қаншалықты қылмыскер ету талабы туындағанымен, жазалаушылардың жолы болмады. Рас, олар азаматтың абыройына нұқсан келтіруге тырысты, көңілге қаяу, жүрекке жүк түсірді. Үш-төрт жылға созылған тергеу азабы, соған қатысты қызметінен босатылғаны, міне, осының бәрі бұл әулет үшін оңайға соққан жоқ. Сол ауыр кезеңде өмірлік жары, қырық жылғы қосағы Тәтті апай дүниеден өтті.

Одан кейін ол кісінің артын жақсылап күтіп, барлық кәделерін жасағаннан кейін аз-кем уақыт өткізіп, екінші рет Ілия Жолдасовамен отбасын құрды. Ол кісі де ғылым адамы, биология ғылымдарының кандидаты, Қарақалпақ Ғылым академиясында лаборатория басқарды.

Мүсіран ағаның балалары Қаржаубай, Сәлима, Нұржаубай, Мырзабай, Ғабит — бәрі де отбасылы болып, бәйтеректің қаулап өскен бұтағындай немере, шөберелер қызығын көрсетті әкелеріне.

Жетпіске жақындаған жасында қажылық сапарына барып келді. Жас кезінен ата-баба салған сара жол — имандылықты үлгі тұтып өскен ол осы қадамын өз өміріндегі ең бір бақытты шақтарының бірі деп есептейтін.

…Мүсіран аға өзінің ұзақ та ғибратты ғұмырында адалдық жолынан айныған жоқ. Адамгершілігімен, азаматтығымен танылды қалың елге. Қай тұста да қазағым деген ақ көкірек қалпын берік ұстанды. Сонысымен де ұлтына қадірлі, айналасына сыйлы болды.

Үлкендіктің үлгісін көрсете білген мұндай адамдардың жарқын жолы қашанда кейінгі ұрпаққа үлгі екендігі ақиқат.

 Шапай ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алға ауданы филиалының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button