Әлеумет

Жаңаөзенде жағдай тұрақты

16 желтоқсан:

Маңғыстау өңірінде орын алған жағдайға ел тұрғындары түгел алаңдаулы.

16 желтоқсан күні жер-жерде Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған торқалы той өткізіліп жатқан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздік орын алып, қаланың орталық алаңындағы мерекелік шаралар тоқтатылып, Тәуелсіздік күніне орай қойылған киіз үйлер мен көшірмелі сахналар қиратылды. Екі полиция қызметкері жарақаттанды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз мәлімдемелерінде айтылғандай, құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттердің жолын кесу жөніндегі барлық шараларды алды. Жаппай тәртіпсіздіктер фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрінің басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылды.

Осы күні Бас прокуратурада Жаңаөзен қаласындағы оқиғалар бойынша кезектен тыс брифинг өткізіледі. Бұл басқосуда ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаев ресми мәлімдеме жасады.

— Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеуге орталық алаңға жиналған бейбіт тұрғындар бұзақылық жасаушы адамдар тобының шабуылына ұшырады.

Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық бұзушылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған, жаңа жылдық шыршаны құлатып тастаған, мейрамға орай құрылған сахна мен киіз үйді бұзған және полиция автобусын өртеп жіберген.

Бұзақылық жасаушы адамдар тобы бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, алаңның маңындағы автокөліктерді сындыра бастаған.

Құқық қорғау органдарының құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату туралы талаптарына бұзақылық топ қаруды алып қою мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Сонымен қатар бұзақылық жасаушы элементтер атыс және суық қарулар қолданған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 10 адам қаза болған, жараланғандар бар, олардың арасында полиция қызметкерлері де бар.

Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды, — деді ол.

ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, тәртіпсіздіктер басталған уақытта алаңда 800-ге жақын адам болған, ал қоғамдық тәртіп жалпы қарусыз 120 полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Қару тек олардың командирінде болған.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, әуелгіде бұзақылық топтың тарапынан құқық бұзушылық әрекеттер мен араңдатушылықтың нақты белгілері болғанына қарамастан полиция қандай да бір мәжбүрлеу шараларын қолданбаған.

Шабуылға тап болған полиция қызметкерлері осындай жағдайларда да қанды қақтығыстар мен ақталмаған құрбандарды болдырмау үшін қару мен арнайы құралдарды қолданбай, қалалық Ішкі істер басқармасына қарай жылжып, ауаға атумен шектелген.

— Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған қақтығыс барысында құқық қорғау органдарының арандатқаны туралы, олардың бұзақыларды тәртіпке мәжбүр ету мақсатында қару, түтіндету құтылары және басқа арнайы құралдар қолданғандығы туралы, сондай-ақ полицейлік «УАЗ» көлігі митингіге шыққан мұнайшылар тобына әдейі барып соқтығысқаны туралы ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді және анық жалған хабар болып табылады, — деді Н.Сүйіндіков. Ол бұзақылардың «Өзенмұнайгаз» компаниясы ғимаратына шабуыл жасап, оны тонауға ұшыратып, өртеп жібергенін, дәл осындай әрекеттердің «Ару-ана» қонақ үйінде, әкімдік ғимаратында орын алғанын, банкоматтар тоналғанын айтты.

—  Басып алынған ғимаратта қалып қойған бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында, полицияның жиынтық жасағы құрылып жіберілгенімен, олар бастырмалатқан тас шабуылына ұшыраған, тәртіпсіздіктерге қатысушылар тарапынан атыс қару қолданылған. Ескерту атыстарына қарамай бұзақы топ полиция қызметкерлеріне шабуылды жалғастырғанын ескере отырып, басып алынған әкімдік жұмысшылары мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, яғни бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қаруды бұзақылардың қолына түсуді болдырмау үшін полицейлер табельді қаруды қолдануға мәжбүр болған, — деді ол.

Осы күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық әрекеттердің жолын кесу, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау және жазалау, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың жетекшілігімен жедел-тергеу тобы Жаңаөзен қаласына барды.

Бас прокуратура тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды олардың заң алдындағы жауапкершіліктері туралы ескертіп, құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуға шақырды.

 

17 желтоқсан:

 

Маңғыстау облысында орналасқан Шетпе теміржол стансасында бір топ адам Маңғышлақ-Ақтөбе қатынасындағы №309 жолаушылар пойызының қозғалысын бөгеді. Пойыз ішінде 300-ден аса жолаушылар болған.

Теміржол желілерін бөгеу нәтижесінде көліктің қалыпты жұмысы бұзылып, 7 жолаушылар және 3 жүк тасымалдау пойызы тоқтатылған.

50 шақты бұзақы полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсетіп, жүк тасымалдау пойызының тепловозын өртеп жіберіп, вагондарды жанғыш сұйық қоспасы бар бөтелкелермен атқылаған.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұзақылар

Шетпе кентіндегі жаңа жыл шыршасын өртеп, дүкендердің көрмелерін, автокөліктердің терезелерін сындырған.

— Қоғамдық тәртіпті күзету үшін келген полиция қызметкерлерін әкелген автобустарына да тас және жанғыш қоспалары бар бөтелкелер лақтырылған.

Алаңға мемлекеттік нөмірі жоқ «УАЗ» автокөлігі бірнеше рет келіп, одан белгісіз тұлғалар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне атыс қаруынан атқылаған.

Осы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын және күйіктерін алды.

Бұзақылардың әрекеттері бейбіт тұрғындардың және полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына айқын қауіп төндіріп тұрғанын ескере отырып, полицейлер бірнеше рет ескерту атыстарынан кейін амалсыздан қару қолдануға мәжбүр болған. Бұл ретте атыстар негізінен ауаға және бұзақылық жасаушы топтың аяқтарына қарай атылғанын ерекше атап көрсеткен жөн, олардың тарапынан зардап шеккендердің 12-нің 8-і аяқтарынан жарақаттанған, 5 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды, 6-ы ауруханаға жатқызылды, 1-еуі қайтыс болды, — деді Р.Сүйіндіков.

Бұзақылар кеш бата Сай-Өтес бекетінде олар теміржол жұмысшыларына шабуыл жасап, шабуылшылар бес теміржолшыны байлап, қамап тастаған және теміржол бұйымдарын ұрлап кеткен. Кейіннен оларды пайдалана отырып, Сай-Өтес — №9 Разъезд аралығындағы 180-ші километрдегі теміржолды бұзған.

Желтоқсанның 17-сінен 18-іне қараған түні бұзақы топ Шетпе кенті маңында тағы бірқатар заттарды өртеп, рельстерді бұзған.

Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.

 

***

Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл түрде Астанада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді (Н.Назарбаевтың осы оқиғаға қатысты сөзін газетіміздің 2-бетінен оқи аласыздар). Елбасының Жарлығымен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 2012 жылдың 5 қаңтарына дейін Төтенше жағдай мен 07.00-23.00 аралығында коменданттық сағат енгізілді.

18 желтоқсан:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобы оқиға орнында дереу іске кірісіп кетті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, қоғамдық тәртіпті орнату және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалаға ішкі әскерлер мен полицияның қосымша құрылымдары тартылды. 19 бақылау-өткізу бекеті құрылды, соның ішінде жетеуі – қалаға кіре берісте.

—  Қабылданған шаралардың нәтижесінде желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен талаушылардың 70-і ұсталды, олардың 8-і қамауға алынды.

Төтенше жағдай режімін енгізу және кезек күттірмейтін шараларды қабылдау құқық қорғау органдарына қылмыстың жүгенсіздігін тоқтатуға мүмкіндік берді

Құрбан болғандар мен зардап шеккендерге қатысты айтатын болсақ, соңғы мәліметтерге қарағанда тәртіпсіздіктер салдарынан 86 адам зардап шеккен, 13 адам қаза болған. Бұл адамдардың кейбіреулері құқық бұзушылардың әрекеттері салдарынан қаза болған, — деді Н.Сүйіндіков.

ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Жаңаөзен қаласындағы және Шетпе поселкесіндегі жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқанын айтты.

— Соңғы тәулікте Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратын басып алу, сондай-ақ жекелеген талаушылық және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасау әрекеттерінің жолы кесілді.

Дей тұрғанмен, жаппай қантөгістер туралы қауесеттер ешқандай негізсіз, анық жалған ақпарат болып табылады және арандатушылық мақсатта таратылуда.

Соңғы тәулікте тәртіп сақтау органдарымен Жаңаөзен қаласында атыс қаруын қолданудың бір де бір фактісіне жол берілген жоқ, — деді ол.

 

19 желтоқсан:

Жаңаөзендегі жағдай тұрақталды. Жаңаөзен қаласының комендатурасы мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп заңдылықты және құқықтық тәртіпті толықтай қалпына келтіру жөніндегі барлық қажетті шаралар қолданылуда.

Қалада ешқандай құқық бұзушылық туралы деректер тіркелген жоқ.

Бірінші Вице-Премьер Ө.Шөкеевтің жетекшілігімен үкіметтік комиссияның, сондай-ақ Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобының Жаңаөзен қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктердің барлық мән-жайларын анықтау жөніндегі жұмысы жалғасын тапты.

 

20 желтоқсан:

Жаңаөзен қаласының комендатурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп аталаған елді мекенде ҚР Президенті енгізген төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуде.

Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Шетпе кентінде де және жалпы аймақта да жедел жағдай қалыпты және құқық қорғау органдарының бақылауында тұр.

Жаңаөзен қаласында және Шетпе кентінде өткен тәулік ішінде бірде бір қылмыс жасау фактісі тіркелген жоқ.

Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және басқа да проблемаларды шешу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысын жалғастыруда.

ҚР Бас прокуратурасының сайтында Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде қаза болған 11 адамның аты-жөндері жарияланды. Олардың ішінде 16-58 жастағы адамдар бар.

Осы күні БАҚ өкілдеріне арналған кезектен тыс брифинг өткізілді.

— Желтоқсанның 16-сынан қазіргі уақытқа дейін Жаңаөзен қаласында түрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке 38 адам тартылды, қылмыс жасады деген күдікпен 10 адам ұсталды, оның 8-і соттың санкциясымен қамауға алынды.

Қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және ұрланған заттарды табу мақсатында үйлердің жертөлелері мен шатырларын тексеру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінге 90-нан аса үй тексеріліп, олардың кейбіреулерінде жанғыш қоспасы бар канистралар, ұрланған заттар табылды.

Тергеу нәтижесінде Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан қаза болғандардың нақты саны анықталды, олар — бұрын хабарланғандай, 14 адам. Олардың жеке бастарын анықтау жөніндегі жұмыс аяқталды.

Жаппай қантөгіс туралы өсектердің ешқандай негізі жоқ, анық жалған ақпарат екендігін және арандату мақсатында таратылып жатқанын тағы да атап өтеміз.

Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай режімі кезінде құқықтық тәртіп органдары тарапынан бір де бір қару пайдалану фактісіне жол берілген жоқ, — деді ҚР  Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

21 желтоқсан:

Жалпы Маңғыстау облысындағы жағдай қалыпты, барлық орындар құқық қорғау органдарының бақылауында тұр.

Премьер-Министрдің орынбасары, Жаңаөзен қаласы мәселелері бойынша үкіметтік комиссияның төрағасы Өмірзақ Шөкеев жұмыстың алғашқы нәтижелерімен таныстырды.

Оның айтуынша, комиссия қаладағы бүлінген әкімшілік және азаматтық ғимараттарды қалпына келтіруге әзір. Бұл тізімге 41 нысан енгізілген. Бұларды қайта қалпына келтіруге шамамен 2 млрд теңге қажет.

Қираған ғимараттардағы жылу және сумен қамту ақаулары жойылды. Барлық инженерлік инфрақұрылым нысандары өз кестесінде жұмыс жасап жатыр. Жаңаөзен қаласы әкімдігін телефон байланысымен қамту жұмыстары да аяқталуға жақын. Екінші деңгейлі банктер жұмысы жанданды.
Қалалық комендатура қала аумақтарын жинап тазалау, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік-мәдени және басқа да қала тұрғындарының тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектілерінің жұмыстарын қайта іске қосу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық мемлекеттік органдар, сайлау комиссиясы жұмыс жасауда, азық-түлік дүкендері, дәріханалар іске қосылды, орталық базар ашылды.

2011 жылдың 21 желтоқсанында «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компанияларының жұмысшылары түгелдей жұмысқа шықты.

 

P.S. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің материалдары негізінде дайындалды.

16 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында болған оқиға жұртшылықтың қатты алаңдаушылығын туғызып отыр. Қазір редакциямызға жеке адамдар мен ұжымдардан хаттар ағылып келіп жатыр. Біз төменде солардың бірсыпырасын жариялап отырмыз.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің

ҮНДЕУІ

Қымбатты қазақстандықтар!

 

Жаңаөзендегі қайғылы жағдай бүкіл қазақстандықтардың жүрегіне ауыртпалық әкелді. Басбұзарлар тобы еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге дақ түсіргісі келді. Бұл — Қазақстанның барлық азаматтарына дөрекі қыр көрсету болды.

Бұл қаланың еңбекші тұрғындары ел тыныштығы мен бейбіт тірішілігін бұзғысы келген басбұзарлардың қолжаулығына айналғанын да білеміз.

Біздер, «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері барлық қазақстандықтарды тыныштық сақтауға және кез келген мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырамыз. Арандатуға ермей қалған Жаңаөзен тұрғындарына терең құрмет сезімімізді білдіргіміз келеді.

Бұл алаңдатарлық ахуал барлық ел азаматтарын Ұлт көшбасшысы, «Нұр Отан» ХДП төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне бұрынғыдан да гөрі біріктіре түсті. Біздің тәуелсіздігімізді көре алмайтындардың ештеңеге де қолдары жеткен жоқ.

Біз әрбір үйде, әрбір ауылда, әр қалада бейбітшілік пен тыныштық болғанын қалаймыз. Біз гүлденген Қазақстанды бірге құрамыз. Біздің күшіміз — бірлікте!

 

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесі.

 

Жауапкершілікті ұмытпайық

Жаңаөзен оқиғасы мені қатты толқытты. Әрине, Тәуелсіздік мерекесіне жиылған жұрттың үрейін ұшырып,  мұндай  жағдайдың орын алуы өкінішті. Өздері тұратын қаладағы көрнекті нысандарды  өртеп, тонауға барған адамдардың әрекетін ақтау қиын. Ешбір заңға сыймайды. Оның үстіне ата-балаларымыз армандап өткен ел Тәуелсіздігіне сол 16 желтоқсан күні 20 жыл толып еді ғой. Тойымыздың шырқы неге бұзылды?

Бірақ бұл бүліктің артында Қазақстанның  еңселі ел болғанын, жеткен жетістіктерін көре алмайтын   арандатушылар тұрғанын түсінуге болады. Жұмысшылардың жоғын жоқтаған болып, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырды. Сонда да «Осы оқиғаға қатысушылардың  өз Отаны мен отбасы алдындағы жауапкершілігін  естен шығарып алғаны қалай?» деген ойға кетесің.

Атақты Рим жазушысы,  саяси қайраткері Цицерон  былай деген: «Бізге туған баламыз, ата-анамыз, жақын-жуықтарымыз қаншалықты қымбат болса, Отанымыз да соншалықты қымбат». Сол айтпақшы, біз үшін  еліміздің бүтіндігі, амандығы қымбат. Ешбір отбасының қасірет шеккенін қаламаймыз. Жаңаөзен оқиғасы кезінде біраз адам көз жұмды, талай адам жарақат алды, талай отбасына ауыртпалық  түсті. Күллі қазақстандықтарды  қатты  алаңдатқан жай болды.

Мен  қазақ боп туғаныма мақтанамын. Менің елім — Тәуелсіз Қазақстан. Мен елімнің  шаңырағы шайқалмай, көк байрағы желбіреп, болашаққа нық қадаммен алға баса беретініне сенімдімін.

Біздер, қазақстандықтар, Жаңаөзеннің болашағына да үлкен сеніммен қараймыз. Бұл күндер де өтер. Жаңаөзеннің  шеткері аймақтағы транзитті өңірге айналары хақ. Мемлекет жергілікті жердегі халықтың  жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне қатысты кешенді бағдарлама қабылдап, шаралар алып жатыр.

Аманжол ҚОРҒАНБАЕВ,

№34 мектеп директоры,

ҚР білім беру ісінің үздігі,

Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері.

.

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері:

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек?..

 

— Жаңаөзендегі, одан кейін Шетпе станциясы мен оның төңірегінде болған оқиға, Ақтау қаласындағы ереуіл халқымызды түгел ойландырып отыр.

Ең қиыны, жанымызға батқаны — қайғылы оқиға салдарынан жазықсыз адамдардың қапияда қаза болуы.

Қауіпсіздік кеңесі шұғыл шешім қабылдады, әсіресе Жаңаөзен қаласында коменданттық сағат енгізіліп, болған оқиғаның себептерін талдау мәселесіне орай үкіметтік комиссия құрылды. Мұның барлығы, әрине, өте қажет. Ең алдымен осы аймақта мемлекеттік тәртіп орнатуымыз керек. Содан кейін бұл оқиғаның себеп-салдарына талдау жасап, осындай жағдайлардың алдын алудың жолын іздестіруіміз қажет.

Бұл оқиғаға жайбарақат қарауға болмайды. Басқа өңірлерде оның жалғасы болуы мүмкін, жаңа қақтығыстар да болуы мүмкін. Сондықтан біздің мемлекетіміздің басты міндеті осы оқиғаларды терең зерттеу болуға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарын талдап көрсек, кейбір жағдайда болған оқиғаларға бұзақыларды кінәлап жатыр. Әрине, мұндай деректің бар екендігі белгілі. Адамдар қақтығысқан жерде оларға бұзақылардың қосылып, елдің мазасын алуы қай заманда да болған. Екінші біреулер бұл оқиғаның себебін сырттан іздеуде. Бұл да дұрыс пікір. Өйткені біздің шетелге қашып кеткен бұрынғы Қазақстан азаматтарының кейбірі елімізде тыныштықтың, береке-бірліктің болғанын жақсы көрмейді, қалайда Қазақстанда болған жағдайды күндеп, табалап баға беріп жатыр. Ол фактор да бар. Үшінші, әрине, меніңше, басты фактор — экономикалық-әлеуметтік жағдай.

Біз бұл оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек?

Біріншіден, «жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегендей, елімізде мәңгі тыныштық болады деп біз өз-өзімізді жұбатпайық. Қоғам бар жерде, ішкі, сыртқы қайшылықтар бар жерде әр уақытта  да текетірестер болуы мүмкін. Сол себепті біздің сүттей ұйып тұрған қоғамбыз, біздің елде ештеңе болмайды деп жайбарақат жүруіміз дұрыс болмайды. Сондықтан әр ауданның, әр қаланың, әр облыстың, жалпы түгел елдің ахуалын зерттеп, тамырын басып, қай жерде қандай жағдай болуы мүмкіндігін болжап және оның шешу жолдарын табу, ел-халықпен ақылдасу, пікірлесу қажет. Олай етпейінше, яғни атқарушы органдар халықтың талабымен санаса білмесе, күрделі мәселелердің шешуін кейінге қалдыра берсе, бұл қиын жағдайларға соқтыруы мүмкін. Қоғам бар жерде шиеленіс болмауы мүмкін емес. Бірақ ол шиеленіс үлкен қақтығысқа, жанжалға айналмауы үшін оның себебін білуіміз керек. ХІХ ғасырдағы француз жазушысы Виктор Гюго: «Қайшылық, кедейшілік революцияға әкеледі, революция қайыршылық, кедейшілікке әкеледі», — деген. Яғни, бүлік, төңкеріс, революция, елді тонау — ешуақытта да жақсылыққа әкелмейді, керісінше, жағдайды одан сайын күрделендіреді. Мысалы, Жаңаөзенде болған оқиғада қаланың іші қирады, көптеген тонау орын алды, бұл пәлен миллион доллар шығынға алып келді. Бұл жерде ешкім де ұтқан жоқ, халық ұтылды. Осыны біздің халық түсінуі керек, түсінеді де. Сондықтан байсалды болу, әр уақытта да ұстамды болу, төзімді болу керек, екінші жағынан мемлекеттік органдар халықтың ұстамдылығын, төзімділігін, байсалдылығын сынамай, қолдан келсе, мәселелерді тезірек шешуге ұмтылуы қажет. Бұл елдің береке-бірлігін, тұтастығын сақтайды деп ойлаймын.

 

Жазып алған М.САТАЕВА.

Арандатушылардың лаңы

Ел құлағын елең еткізген Жаңаөзеннің жан түршігерлік оқиғасы жүрегімізді қан жылатқаны рас. Бабаларымыздың аңсаған арманы Тәуелсіздігіміздің көк туы күннен-күнге асқақтап, халқымыз мамыражай күй кешіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап, ел мәз-мейрам болып жатқанда, Жаңаөзеннен тараған бұл сұмдық хабар, қазақ елінің атына ұят болды.  Біздің еліміздің ауызбіршілікте,  мамыражай күн кешіп отырғанын көре алмайтын, көр соқыр имансыз арандатушы топтың ылаңы болуы да ықтимал бұл.

Әрине екі адам ұрысса, бір жақтан емес, екі жақтан да болатыны бар.  Мемлекеттік комиссия осы текетіресті бір жақты қарамай, мұқият зерделеп, зерттеп, керек болса, Елбасы айтқандай, қоғамдық халықаралық комиссияны қосып шешкені абзалырақ. Кейде алдымызда болайын деп отырған сайлауды болдырмаудың жолын іздеп жүрген арандатушы топтардың ел ортасына іріткі салып, елдің тыныштығын бұзып отырғаны емес пе екен деп те ойлайсың. Әрине арандатушы топтар жүрген жерде бәрі де бүлінетіні белгілі.

Сондықтан бұл арандатушы топты аяудың керегі жоқ.

Базарбай ИМАН,

«Руханият» партиясының

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

 

Сабыр сақтайық

Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар кеңесі  Жаңаөзен қаласындағы адам өліміне алып келген жүгенсіздікке қатты алаңдап отыр.

Еңбек ұжымдары мен кәсіподақ мүшелері конституцияға қарсы, заңға қайшы әрекеттерге қатысқан жоқ.

Тіпті жұмыссыздық жағадан алып, айлап, жылдап еңбекақы мен зейнетақы алмаған кезде де кәсіподақтар мен жұмысшылар бұндай тосын әрекетке барған жоқ. Өз проблемаларын заң аясында, келіссөздер жүргізе отырып шешті.

Жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдары һәм кәсіподақ мүшелері  әртүрлі қаңқу сөздерге, негізсіз ақпараттар мен жел сөзге, жауапкершілігі жоқ «көшбасшылардың»  аймақтағы тұрақтылық пен тыныштықты бұзуға бағытталған үндеулері мен уәделеріне құлақ аспай, сабыр сақтағаны абзал.

Жұмыс берушілер еңбек заңдылығын және облыстық үш жақты келісімшарттарда көрсетілген міндеттемелерді һәм ұжымдық келісімшарттарды сақтауы тиіс. Келіссөздерден қашпай, жұмысшылардың проблемаларын дер кезінде аңғарып, шешіп отыруы керек. Сонда кез келген оқиғаның алдын алуға болады!

 

Түрікпенбай АЙЖАРЫҚОВ,

облыстық Кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы.

 

Металлургтер өткізген митинг

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары Жаңаөзен қаласындағы оқиғаға қарсы наразылық білдіріп, митинг өткізді. Онда ақтөбелік металлургтер жаңаөзендіктердің қайғысына ортақтасып, оларды сабырға шақырған ой-пікірлерін ортаға салып, үндеу жариялады.

Сапарғали Мұқашев, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің шебері:

— Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы күні көршілес Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орын алған қайғылы оқиға бізді, яғни металлургтерді де алаңдатпай қоймады. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздіктің тұғырын биікке көтеру жолында қазақ елі онсыз да қиын кезеңдерді бастан өткергені белгілі. Дегенмен, Тәуелсіздіктің торқалы тойында мұндай заң бұзушылықтардың орын алғаны өкінішті-ақ. Қақтығыс кезінде жазықсыз жандар жапа шегіп, орны толмас қателіктер орын алды.   «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді халық даналығы. Мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшылары атынан жаңаөзендік замандастарымды төзімділік пен сабырға шақырамын.

 

Құттыбай Мұхамбетов, №1 балқыту цехының балқытушысы:

— Мен — қарапайым жұмысшымын. Жаңаөзенде орын алған келеңсіз жай жүрегіме ауыр тиді. Қаланы ойран етіп, жазықсыз жандарға қатер төндірген бұзақылар мен арандатушылар тиісті жазасын алуы қажет. Халықты ымыраға шақырып, Жаңаөзеннің шырайын келтіретін игілікті істердің орын алуына тілектеспін.

Тәуелсіздік күнінде Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздіктің орын алуы — елдігімізге сын. Бізге Тәуелсіздікпен келген тыныштық қымбат. Соның қадір-қасиетін бағалап, құндылығымызды сақтаудан басқа мақсат жоқ.

 

Шыңғыс Ахметов, жастар кеңесінің төрағасы:

— Бүгінгі жастар Қазақстанның болашағы үшін жауапты. Дегенмен, Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғалар жастардың қолымен жасалғаны өкінішті-ақ.

Қай кезде де жастар — мемлекеттің қозғаушы күші. Олар — қоғамның айнасы және әлеуметтік белсенді бөлігі болып қала бермек.

Ата-бабамыз ежелден тәуелсіздікті аңсады. Сол Тәуелсіздік тойын мерекелеу кезінде Жаңаөзен қаласында тәртіпсіздік оқиғаларының орын алуы — ел тұрғындарын қатты қынжылтты. Біз, ақтөбелік металлург жастар, ел Тәуелсіздігінің берік болуы жолында тер төккен халқымыздың өшпес ерлігін жас ұрпақтың жан-жүрегімен сезінгенін қалаймыз.

 

Жиында металлургтер: «Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын қолдаймыз. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы жолындағы әрбір игі бастамаларға қолдау танытамыз. Ақтөбелік металлургтер ертеңгі күніне зор сеніммен қарайды», — деп үндеу қабылдады.

Ұлтуар АСАНОВА.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button