Басты жаңалықтарДенсаулық

Трансплантация: үміт пен күдік

Биыл Ақтөбеде ең алғашқы трансплантация — адамның ішкі ағзаларын ауыстыру операциясының өткеніне 10 жыл толды. Осы аралықта өңірде мұндай 90 ота жасалған. Әлі де донорды қажет етіп, өз кезегін күтіп жатқан жерлестердің саны 300-ден асады… Өкінішке қарай, жыл сайын аталған топтағы 10-15 науқас соған жетпей, көз жұмады екен. Бұл статистиканың кемімеуінің бірнеше себебі бар.

Трансплантация мәселесіне қатысты қоғамда сан түрлі пікір айтылады. Шетелде бұны бизнес көзіне айналдырғандар да бар деседі.  Ал біздегі жағдай қалай? Осыны білу үшін Ақтөбе медицина орталығының дәрігер-трансплантологі Жанәділ Әлмырзаұлымен сұхбаттастық. Сондай-ақ трансплантацияны сәтті өткерген және соны күтіп жатқан ақтөбеліктерді әңгімеге тартқан едік…

— Ең алдымен өңірдегі трансплантация мәселесіне қатысты жағдайға тоқталсаңыз.

— Қазіргі таңда облыста 300-ден астам адам «күту парағында» тұр. Олардың жүрек, бауыр, бүйрек сынды ағзаларын ауыстыруды қажет етіп отыр. Дені — бүйрегі сыр бергендер. Науқастардың жасы әртүрлі, негізінен, 25 жастан асқандар көп тіркеледі.

— Ресми статистикаға жүгінсек, жылма-жыл мұндай отаға мұқтаж адамдардың саны артып отыр. Бұның себебі неде?

— Иә, осыдан он жыл бұрын 100-ден аса науқас болса, қазір олардың саны әлдеқайда артты. Жыл сайын Ақтөбеде орташа есеппен алғанда донорды күткен 10-15 адам операцияға жетпей бақилық болады.

Ағза мүшесін ауыстыруға дейін жеткізетін себептер баршылық. Адамның өмір сүру салты, экологиялық жағдай, инфекциялар әсер етеді. Әр науқасқа жолдаманы өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген емхана дәрігері береді. Әдетте бұл адам ағзасы ешқандай ем түріне көнбей, ақырғы амал трансплантация болғанда ғана жүзеге асырылады. Онда да түрлі мамандардан құралған комиссия талқысы ұйымдастырылады.

— Бізде бұл бойынша бірталай операцияның жүргізілгенін білеміз. Қайсысы есте қалды?

— Ағза ауыстыру еліміздің Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының ауруханаларында жасалады. Соның ішінде Қазақстанның батыс өңірі бойынша тек бізде ғана болғандықтан, көршілес облыстардан келетіндер аз емес. 2014 жылдан бері Ақтөбеде 80-нен астам трансплантация жасалған болса, соның бәріне де қатыстым.

Операциялардың көбі бүйрекке жасалады. Бауыр тек 13 рет ауыстырылыпты. Бүйрек, бауыр операцияларын ауыр, жеңіл деп бөлетін ештеңесі жоқ, басқа ағзаның органын жалғағасын өте күрделі. 9 сағатқа дейін скальпель қолымыздан түспеген кездер болды.

Техникасы жағынан бауырға жасалатын операция ауыр. Қанша жерден ота сәтті шықты десек те, науқас 3 ай біздің толық бақылауымызда болады. Сөйте тұра, ағза арада бірнеше ай, тіпті жыл өтсе де, басқа адамның мүшесін «қабылдамауы» мүмкін. Қарапайым дене қызуы, тұмаудың өзі кері әсер ететін жағдайлар кездеседі…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Трансплантация (ортағасырлық лат. transplantatіo – ауыстырып салу) — адам дене мүшесі мен тіндерді ауыстырып салу дегенді білдіреді. 

Бір мәйіттік донор 7-8 адамның денсаулығының түзеліп кетуіне жарай алады. Қазақстанда, атап айтсақ, жүрек, бүйрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі, көз сияқты органдардың трансплантациясы жүргізіледі.

— Ал донор болуға ниетті адамдар көп пе?

— Жоқтың қасы. Елімізде операция жасалатын адамға тек туысы ғана донор бола алады, бөгде кісілерге рұқсат етілмейді. Соның өзінде науқасқа туған бауыры қол ұшын созамын десе де, денсаулық жағдайына байланысты, болмаса екеуінің генетикасы сәйкес келмеуі ықтимал. Бұл — өте қиын процесс. Ал қайтыс болған адамның дене мүшесін алуға, яғни мәйіттік донорлыққа көбіне-көп туыстары қарсылық білдіреді. Ақтөбеде трансплантацияға мұқтаж адамдардың санының артуы сондықтан.

— Мәйіттік донорлыққа келісетіндер туралы айтсаңыз. Қайтыс болған адамның туыстары бұған келісім бермесе, ота жасалмай ма?

— Тірі адамдар да, қайтыс болғандардың арасында да донорлыққа рұқсат беретіндер саусақпен санарлық. Бүгінге дейін Ақтөбе медицина орталығында мәйіттік донордың арқасында 9 трансплантация жасалды. Онда да бұл 2017-2018 жылдары болды. Көп жағдайда туыстары бақилық болған жақынының дене мүшелерін ауру адамға беруге үзілді-кесілді қарсылық танытады. Егер келісім бермесе, біз заңнан аттап, аталған отаны жасамаймыз.

— Бұның анық-қанығын сұрап отырған себебім, 2017 жылы Ақтөбеде осыған қатысты үлкен шу болып, қайтыс болған адамның екі бүйрегін туыстарына хабарламастан басқаларға салу дерегінің тіркелгені белгілі. Сол кездегі еліміздің бас трансплантологіЖақсылық Досқалиев баспасөз мәслихатын өткізген еді…

— Ол кезде заң талаптары басқа еді. Соған сәйкес, егер адам тірі кезінде қарсы болмаса ол қайтыс болғасын дене мүшелері өзгелерді аман алып қалу үшін қолданылатын. Ал қазір бұл өзгерді. «Электронды үкімет» порталы арқылы әр адам тірі кезінде «донор бола аламын» деп рұқсатын берсе ғана, мәйітті трансплантацияға алады. Жалпы, елімізде мәйіттік донорлар өте аз. Жылына 2-3 адам ғана тіркеледі. Осыдан барып біздің қоғамда трансплантацияға көзқарас нашар деп айтуға болады.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, трансплантация бойынша бір операцияға, оған науқасты дайындауға және кейіннен оңалып кетуіне Үкіметтен 8 миллион теңге бөлінеді.

— Оған бір себеп — әлем бойынша «тірі тауарды» — адамның дене мүшелерін сатуды үлкен бизнеске айналдырғандар бар деседі… Мұны анық ақпарат көздерінен оқып отырмыз. Ол туралы пікіріңіз қандай?

— Бұған қатысты сырт жақта не болып жатқанын білмеймін. Бір анығы, Қазақстанда мұндай атымен жоқ.

— Ғаламторда «бүйрегімді сатамын» деген жарнаманы көру қазір таңсық емес…

— Бұл — шындыққа жанаспайтын әңгіме. Өйткені адамның ішкі ағзалары— алып-салып, сата салатын ойыншық емес, бұл — жоғарыда айтқанымдай үлкен зерттеу-тексерістен өтіп барып, сәйкес келсе ғана іске асырылатын шаруа. Және мұндай жағдай шынымен болса, заңмен қудаланады.

— Өзіңіз мәйіттік донор болуға қалай қарайсыз?

— Бұл — құпия мәлімет. Бұған қатысты шешімім «Электронды үкімет» порталындағы жеке кабинетімде сақтаулы.

— Сұхбат соңында,трансплантацияға жауапты ақтөбелік кадрлардың әлеуеті, материалдық-техникалық база туралы біле кетсек.

— Ақтөбе медицина орталығында Оңтүстік Корея, Белорусь Республикасы, басқа да мемлекеттерде тәжірибеден өткен білікті мамандар жұмыс істейді. Трансплантация бойынша операцияға 18-19 медицина қызметкерінің атсалысатынын ескерсек, ұжымымыз үлкен деуге болады. Емделушілермен отаға дейін байланысып, медициналық сараптама жасайтын, оларды дайындайтын, кейіннен бақылайтын мамандарымыз жеткілікті. Сондай-ақ арнайы зертханамыз бар.

Ішкі ағзаларды ауыстыру бойынша операция ақысыз негізде жүргізіледі. Операциядан соң өмір бойы науқасқа берілетін үш дәрі де мемлекеттің есебінен. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде бұл жағынан біраз жағдай жасалған.

Тақырыпқа тұздық

ТЕОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Амановтан бұл мәселе бойынша шариғатта не айтылғанын, жалпы ислам дінінде адам ағзасын ауыстырудың үкімі туралы білген едік…

Трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі бола ма немесе өлі бола ма) кейбір дене мүшесін екінші бір адамға салуға шариғатта рұқсат етіледі. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде, белгілі бір шарттарымен толық орындалуға тиіс.

Бұған рұқсат барына дәлел келтірсек, Алла Тағала Құранда Бақара сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», — деп бұйырған.

Имам Ахмад бин Ханбалдың Муснадында келген Усама бин Шәриктен жеткен риуаятта ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» — деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Оны білгені білді, білмегені білмеді», — деп жауап берді».

Міне, ағзаны ауыстыру — адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі.

Бұл амал Құранда айтылғандай, бір адамды тірілтумен тең. Алла Тағала Мәида сүресі, 32-аятында былай дейді:«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық етпеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең».

Адамның денсаулығына төніп тұрған зиянды жою үшін ағзаны тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болады. Фиқһта ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген.

Ендеше, ағзаны ауыстыруға рұқсат ету қандай жағдайда болсын, сауда-саттықтан аулақ болып, донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеуі шарт етілген.

Тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары: мүшені ауыстыруға аса қажеттілік, зәрулік болса, бұл сәтті әрі пайдалы болатынына толықтай көз жеткізілсе, яғни қажетсіз қинау болмауы керек. Өйткені кейбір ағзалардың басқа дене мүшелерді қабылдамау ықтималдығы бар. Сондай-ақ донордың ағзасын алу отасы ағза беруші адамға ешқандай зиян тигізбейтініне немесе өмір тіршілігіндегі амалдарына кері әсерін бермейтініне медицина мамандарының нақты тұжырымы болуы тиіс. Мысалы, жүрек ауыстыруға донор рұқсат берсе де харам болады. Себебі науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары емес. Исламда өзіңе де, өзгеге де зиян келтіріп, залал тигізуге болмайды. Ең бастысы аталған амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз іске асуға тиіс. Дене мүшелері сатылмауға тиіс.Ең кемі үш адамнан құрылған әділ, сенімді әрі оларға ота жасауда келіп-кетер пайдасы тимейтін дәрігер мамандардан құралған комиссиясының ота жасалмай жатып, емдеудің бұл амалы реципиентке нақты пайдасы тиетінін және донорға келешекте денсаулығына, өміріне зияны тимейтіні жайлыжазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донор мен науқасқа беруі шарт. Айтпақшы, ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы керек. 

Ал өлінің ағза мүшелерін тірі адамға ауыстыру шарттарына келсек, донордың рухы тәнінен ажырап, бүкіл денемүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Адам тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана қайтыс болады. Егер осы шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері алынса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.  Бұл істе де адам көз жұмғанмен, оның дене мүшесі науқасқа анық жарайтыны, ол тірі кезде бұған рұқсат бергені аса маңызды. Барлық жағынан дұрыс болса да мәйіттік донорды қорлауға жол берілмеуі қажет: адамның денесі босап қалатындай, дене мүшелері көп алынбауы тиіс. Мұнда да ұрпақ таратуға қатысты органдардың ауыстырылуына қатаң тыйым салынады. 

Міне, осы сияқты пәтуаны Мысырдың бұрынғы мүфтилері де шығарған, атап айтқанда, 1959 жылы Хасан Мамун, 1966 жылы Ахмад Хариди, 1979 жылы Жәддул Хақ Али Жәддул Хақ, 1989 жылы Мухаммад Сайд Тантауи шығарған. Сол сияқты «Әл-Азһар» университетінің бас шейхы Ахмет әл-Тайып да пәтуа берген.  

Қаз-қалпында…

«ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛГЕНДЕЙ БОЛДЫМ…»

Мақаланы дайындау барысында трансплантацияны өткеріп, «жаңа» дене мүшемен қалыпты өмірге қайта оралған бірнеше ақтөбелікпен сөйлестік. Барлығы да ота сәтті өткенімен, өмір бойы ерекше күтінетінін, дәрі қабылдайтынын айтты. Яғни сырқатты толық жеңу, баз баяғы тіршілікке қайта келу мүмкін емес… Содан болар, көпшілігі аты-жөнін жариялауға қарсы болды. Тек ақтөбеліктерге волонтер ретінде жақсы таныс жас педагог Нұрбек Жалғасбаев қана ақтарылып сұхбат берді.

Ауру белгілері осыдан 7 жыл бұрын пайда болды. Өзімді жайсыз сезініп, ішім ауырып, қайта-қайта есімнен танып қалатын болдым. Дәрігерлер нақты диагнозын қоя алмай, біресе соқырішек, енді бірде басқа деп, операция жасады. Онымен жағдайым сол күйі өзгермеді. Тек ультрадыбыстық зерттеу жүргізгеннен кейін сол жақ бүйрегімнің солып қалғанын, бұның туабітті болғанын айтты… Әрине, мен бұнымен келіспедім. Сөйтіп, бір ғана бүйрекпен жүре бергендіктен, денсаулығым одан сайын нашарлай бастады. Екі аяғым сыр беріп, жүрегім ауырды, дәретке баруым қиындады… Еліміздегі трансплантацияға кезекке тұрып едім, оның өте баяу жылжитынын, мүмкіндіктің тым аз екеніне көзім жетті. Уақыт жоғалтпайын деп 2023 жылдың жазында халықтан көмек сұрадым. 3 айда қажетті қаражатты жинап, Беларусь Республикасының Минск қаласында медициналық тексеруден өттім. 5 ай бойы қарады. Кейін сол жақта операция сәтті өтіп, бүйрегімді ауыстырдым. «Қалай болар екен?..» деп, бойымды үрей биледі. 13 мамырда 6,5 сағат операциядан соң өмірге қайта келгендей болдым. Барлығына 40 миллион теңге жұмсалды. Мені қолдаған халыққа рақмет!

Қалпыма келу қиынға соқты, 3 ай үйден шықпадым, қатты күтіндім. Әлі де дәрігерлерге қаралып, ем-домын алып жүрмін. Қазір жоспарлы тексерістен өту үшін ауруханада жатырмын.

Осы орайда дәрігерлер маған күн сайын 12 дәрі ішуді тапсырғанын, соның тек 3-еуі ғана тегін берілетінін айтқым келеді. Қалғанын өзім сатып аламын. Мамандығым бойынша физика пәнінің мұғалімі болсам да, жұмысқа орналасу жағынан мәселе бар. Мектеп директорлары диагнозымды білген бойда «кейін хабарласамыз» деп шығарып салады… Осы екі мәселені газет арқылы айтып, атқарушы биліктен көмек сұраймын. Басқалар сияқты еңбек етіп, жақсы өмір сүргім келеді, — дейді Нұрбек.

Ал есімінің тек Меруерт екенін айтқан ақтөбелік қазіргі таңда донор күтіп жатыр. 36 жастағы келіншек 8 жылдан бері бауыр органына мұқтаж.

Диагнозым — бауыр циррозы. Екі балам бар, соларды өсіріп, адам қатарына қосылғанын көргім келеді. Стационардан қажетті емді алғанмен, уақытша ғана жақсы боламын. Денем ісіп, қатты әлсіздік мазалайды. Кейде сөйлеудің өзіне қиналамын, сенесіз бе? Ешкімге қиянат жасамаған, адал еңбек еткен адам едім, неліктен бұндай күйге ұшырағанымды білмеймін… Менің жағдайымды ешкімге бермесін, бұны басынан өткергендер ғана түсінеді. Сәт сайын Аллаға сиынып, ауруымнан айықсам екен деп тілеймін. Соған үмітім зор, — деп тұтқаның арғы жағынан жылады Меруерт…

Бір мәселе — екі түрлі тағдыр… Кейіпкерлеріміздің тездетіп сауығып кетуін тілейміз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button