«Ақтөбе» — 100!

Өңір айнасына айналған «Ақтөбе» газеті

Аймақтық ақпарат алаңының көшбасшысы, өңір жылнамасын жазып келе жатқан облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына биыл 100 жыл толып отыр.

Бір ғасыр бойы өңірдің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің айнасы болған бұл басылым талай буынның көзқарасын қалыптастырғаны анық.

Осы ретте «Ақтөбе» газетінің тұңғыш санынан бастап бүгінге дейінгі жолын, оның өңір өміріне, тарихына қосқан үлесін бағалаған оқырманның пікірі өте маңызды. Бүгінгі оқырман газеттің сапасы мен мазмұнына қатысты не дейді? Газетке деген сенім мен сүйіспеншілік қандай? Осы орайда өңір тұрғындарымен сөйлескен едік…

«Ұжым болып жазылдық»

Бір ғасыр бойы өңір жылнамасын жазып келе жатқан басылымның тұрақты оқырманы әлдеқашан қалыптасқан. Жеке адамдардан бөлек, жергілікті газетті қолдайтын үлкен-кіші ұжымдар да жетерлік. Әсіресе ұлттың ұстыны мен ұжданы  — ұстаздардың баспасөзге жазылудағы белсенділігі ерекше екенін айтпай кетуге болмас.

Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназиядиректоры Жанар Есенғосқызының айтуынша, білім ошағындағыұстаздар 2025 жылға баспасөзге жазылу науқанына белсенді қатысқан.

— Мектеп-гимназия2021 жылы қаңтар айында ашылды. Бүгінде 2500 оқушы білім алады.Балалар үш ауысымда оқитындықтан, бізде қызметкерлер саны да жетерлік. Педагогтер «Ақтөбе» газетінің 100-ден астам данасына жазылды, жыл сайын баспасөзге жазылу науқанына белсене қатысамыз. Мектеп кітапханасында облыстық басылымның әр саны реттеліп, тігіндіжасалады, — дейді Жанар Есенғосқызы.

Сондай-ақ мектеп директоры бала кезден «Ақтөбе» және «Егемен Қазақстан» газеттерін тұрақты оқып өскендігін айтты.

Ол жыл сайын облыстық газетке жазылатынын, бұл тәрбиелік мәні бар іс екенін атап өтті. Сонымен қатар ол мектепте «Жанталас» балалар театры жұмыс істейтінін, олар қойған қойылымдардың бәріне де мәдениет саласының қызметкерлері, қаламгерлер, журналистер шақырылатынын айтты:

— «Ақтөбе» газетінде көп жыл еңбек еткен,  бүгінде «Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаевты құрметті қонақ ретінде шақырдық, ол — біздің балалар театры сахналық қойылымдарының алғашқы көрерменінің бірі.Жас актерлер ақынмен естелікке суретке түсіп, пікірлесті. Мұндай кездесулер оқушылардың мәдениетке, өнерге деген қызығушылығын арттырады. «Ақтөбе Медиа» компаниясы басшылығы, «Ақтөбе» газеті ұжымы ұдайы оқырманмен байланыс жасап отырады, — дейдімектеп директоры Жанар Есенғосқызы.

«Ақтөбе» газеті тек 100 жылдығы аясында  ғана емес, жыл сайынғы дәстүр бойынша белсенді әрі тұрақты оқырманын марапаттап отырады. Осындай кезде қаншама педагог Алғыс хаттарға ие болды. Мұғалімдердің айтуынша, бұл — мұғалімдер үшін үлкен қолдау. Ұстаздар біліктілік санаттарын қорғайтынкезде мерзімді баспасөзге жазылғаны, сол уақытқа дейінгі марапаттары, Алғыс хаттары — бәрі есепке алынады екен.

Облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті — жас оқырманның саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін тәрбие құралы.Осы ретте мұғалімдер оқушыларға сабақтың тақырыбына сай жергілікті басылымдардан ізденуге тапсырма беретінін де айтып отыр.

«Қолымда газеттің 50 жылдықтағы нөмірі бар»

Қобда ауылының тұрғыны Жауғашты Жұмағалиев — 100 жыл бойы жарық көріп келе жатқан «Ақтөбе» газетінің көп жылдан бергітұрақты оқырманы. Жасы сексеннен асқан ақсақалға хабарластық.

— 2025 жылға баспасөзге жазылу басталып кетті. Осыған орай «Ақтөбе» газетінде «Облыстық басылымдарға жазылыңыз да, жүлдеге ие болыңыз!» деген хабарландыру шықты. Соны оқыған соң, жазылу бөлімінің мамандарына газетке жазылғанымды растайтын түбіртекті салып жібердім.

Мен облыстық басылымды 1967 жылдан бері жаздыртып аламын. Қолымда «Коммунизм жолы» газетінің 1974 жылғы басылымның 50 жылдық тойына арналған нөмірі бар. Сол нөмірдің бірінші беті құттықтауларға толы, 50 жылдығында газет «Құрмет белгісі» орденін алыпты. Өңір айнасына айналған «Ақтөбе» газеті тамаша басылым ғой. Әр нөмірін басынан аяғына дейін оқып шығамын.

Жалпы,газет-журналдарды жинап, сақтап жүретін адаммын. Осы жасыма дейін бірде-бір газет-журнал не кітап жыртып көрген адам емеспін, бәрін сақтап қоямын. Бала күннен газет-журнал, кітап оқуға үйір боп өстім. Қазір үйімде 1500-нан асатын кітап қоры жинақталған жеке кітапханам бар. Ауылдың кейбір ақсақалдары кітапты менен алып оқиды, — дейді Жауғашты Жұмағалиев.

Ақсақал облыстық «Ақтөбе» газетімен бірге,ай сайын шығып тұратын«Үштаған» журналында жаздырып алады екен.

Жақында «Ақтөбе» газетінің қызметкерлері Қобда ауданына барып, кездесу өткізген болатын. Жауғашты ата сол кездесуде сөз алып,бұрынырақта шыққан мақалалар туралы айтты:

—Бір жылдары «Ақтөбе» газетіне«Соттың шешімін сиыр бұзды» деген фельетон шықты. Сондай-ақ «Өлгің келсе, Ойылға бар» деген сын мақала, «Түн күзеткен төртеу», «Шіркін, ақша жолда жатса…» деген фельетондар есімде қалыпты. Қазір де осы тектес сын мақалалар, өткір сөздер жазылса дейміз. Бір жылдары «Коммунизм жолы» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым.Сол уақыттарда ауылдық тілшілерді жинап, семинар өткізілетін еді, — дейді Жауғашты Жұмағалиев.

Бүгінде ақсақал зайыбы екеуі төрт баланы аяқтандырған, бір баласымен бірге тұрады. Әлі де аудан көлеміндегі жиындардан қалмай, өзекті мәселелерге қатысты пікірін білдіріп отырады екен.

Қоғамға ой салатын басылым

Қурайлы аулының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Жүгінісов — «Ақтөбе» газетін үзбей оқитын оқырманның бірі. Оның айтуынша, биыл 100 жыл толып отырған «Ақтөбе» газеті — облысымыздың саяси және қоғамдық ахуалын объективті түрде жеткізіп, өңірдегі жаңалықтарды халыққа уақтылы хабарлап отыратын негізгі басылымдардың бірі және бірегейі.

— «Ақтөбе» газетін жастайымыздан оқып келе жатырмыз. Облыстық басылым күнделікті хабар-ошардан бастап, саясат, білім, денсаулық саласының жаңалықтарын, тарих пен әдебиет, өнер мен спорт жаңалықтарын да қамтиды. Оқырман хаттары да топтастырылып беріліп отырады.

Өңір жылнамасын жазып отырған басылым әсіресе елді мекендердің тыныс-тіршілігін, ауыл тұрғындарының бастамалары мен жетістіктерін көрсетеді. Қазір Қурайлыда тұрып жатқандықтан, ауылымыз туралы жылт еткен хабарды кейде өзіміз де жазып, қуанышымызбен бөлісіп жатамыз.

Газет арқылы тек Қурайлы ауылында ғана емес, бүкіл облыс аумағында қандай іс-шаралардың атқарылып жатқаны, жаңа бастамалар мен жаңалықтар туралы ақпараттар жеткізіліп отырады. «Ақтөбе» газеті — қоғамға ой салатын басылым. Мәселен, елді мекендердің тұрмысын жақсартуға арналған түрлі жобалар туралы газеттен оқыған біздің ауылдың азаматтары белсеніп, ауылымызды көркейтуге үлес қосты. Редакция қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында оқырман әрқашан өз уақытында қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Жұмыстарыңызға сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін. Газет оқырманы көп болсын! — дейді Сансызбай Жүгінісов.

Газетіміздің тұрақты оқырманының бірі — Хромтау ауданы Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйінің директоры Токин Жанаберген. Ол баспасөзге жазылу науқаны аясында:

— Алаш алыбы Ахмет Байтұрсынов «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі»деп айтқандай, «Ақтөбе» газеті жақсы жаңалықтардың жаршысы болып, қашанда елдің, халықтың игілігіне ғана қызмет етіп келеді.

Аптасына екі рет шығатын облыстық газет 1924 жылдан бастап үнемі облыстың тыныс-тірлігінен хабардар етіп қана қоймай, әртүрлі сала бойынша сараптама материалдарды жариялайды. Облыстық басылымда Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар тұрақты түрде жарияланады.

Сонымен қатар әрбір ауыл, ауданға газет тілшілері іссапармен барып, тілшілері «көшпелі редакция» ұйымдастырып, ауыл жұртының хал-ахуалын назардан тыс қалдырмайды.

Газет ұжымында көптеген қаламы қарымды тілшілер қызмет етіп жүр. Бүгінде газет редакциясында жұмыс істеп жүрген жас тілшілер алдыңғы толқын қалыптастырған ізгі дәстүрді жалғастырып келеді. Газет оқырманы көбейе берсін!— деген жылы лебізін редакциямызға жазып жолдапты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button