Тағзым

Балалардың сүйікті дәрігері еді

Тұңғыш

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шеніне дейін Ойыл сынды облыс орталығынан шалғай, теміржолы жоқ, дала жолы нашар өңірлерде әлеуметтік жағдай жан төзгісіз еді. Жылдың жазғытұрғы, күз бен қысқы маусымдарында сырттан қонаққа келген жолаушылардың аяқ астынан сырқаттанып, дәрігерлік көмек ала алмай, не еліне кейін қайта алмай, жай соқыр шегі түйіліп, өмірден өткен оқиғалары кездесіп тұрды. Осы тұста Алматыдан шығатын сатиралық «Ара» журналында «Өлгің келсе, Ойылға бар» деген тілдей мақала жарияланып, облысты дүрліктіргені есімізде.

Бұл—Ойылдың басындағы жағдай еді. Ал оның арғы жағында тоқсан шақырым жерде жатқан біздің Қараой сынды ауылдардың халі мүлде мүшкіл болатын. Ұжымшарда медициналық орын ашылғанмен, тұрақты дәрігер болмады. Жоғары білімді дәрігерден ол кезде ауылдық жердің дәмесі де жоқ. Ақтөбенің медициналық училищесін бітіріп, уақытша жіберілген орта буын фельдшер дәрігер қыздар мерзімі аяқталғасын қалаға қайтып кетіп отырды. Ол кезде біздің ауылдан дәрігер болуға талаптанғандар болмады. Жоқ, талаптанғандар бірен-саран болған да шығар. Алайда олардың жолы болмады ма екен? Әйтеуір, мединститут қол жетпейтін арман көрінетін. Ауыл жастары одан гөрі өңір үшін үйреншікті әрі пайдалы мал маманы болуды қалайтын. Асып кетсе мұғалімдік оқуға баратын-ды. Осы қалыпты бұзған, кейін осы ауылдың тұңғыш жоғары білімді  дәрігері атанған Болат Аймағанбетов еді.

Ол Қараой орта мектебінің жоғары сыныбында оқып жүргенде жазушы болуды армандады. Осы өңірде туып, дәулескер күйші, өзі де жанынан күй шығаратын өнерімен, атағы алты алашқа танылған Сәулебай атасы туралы кітап жазуға талаптанып, деректер жинап жүрді. Себебі екі үйдің бірі болып, өмір бойы аралас-құралас тума, көрші отырған күйші атасының әулетін жақсы біліп өсті. Кіші зайыбы Мойынша әжесін көріп қалды. Келіні Жәмиланы шеше дейтін. Немересі Кеңестің бала жастан ақылын тыңдап, мектепте ұстаздық еткенде дәріс алып, өзіне үлгі тұтты. Тіпті қаршадай бала қалың дәптерін қолынан тастамай, күйші атасының інісі әрі атқосшысы болған Төлеш ақсақалмен әңгімелесіп, естеліктерін жазып жүрді.

Оқуға зерек, іске тиянақты, ізденгіш ұлды мектептің әкімшілігі, қатар-құрбылары да тез аңғарды. Оныншы сыныпқа көшкенде мектептің жалпы оқушылар комсомол ұйымының хатшылығына сайлады. Ұстазы Құлдыбай құрған Қараойдың домбыра оркестрінің белді мүшесі болды. Болаттың өнерлі болмайтын реті жоқ еді. Арнаулы музыкалық білімі болмаса да, бірнеше саз аспаптарында ойнайтын ұстаз ағасы Кеңес Сәулебаев — облыстық көркемөнерпаздар фестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал өз ағасы Жолдығали Аймағанбетов 1958 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көркемөнерпаздар додасында Қазақстаннан барып, атақты Ахмет Жұбанов дирижерлік еткен құрама домбыра оркестрінің белді домбырашысы еді. Сол тарихи сурет шаңырақтың төрінде ілулі тұратын. Осыларды көріп, «Өнер тұқым қуалайды» деген халқымыздың байламына шүбәсіз сенетінсің.

1971 жылы Қараой орта мектебін бітіріп, қолына негізінен бестік баға, ара-тұра ғана бірер төрттік ұшырасатын аттестат алған сәтте Болат қандай оқу орынына барса да, түсетініне сенімді еді.

Ол бастапқы арманын өзгертіп, көпшіліктің жүрегі дауалай бермейтін Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын таңдады. Абитуриент институттың аса күрделі емтихандарынан мүдірмей өтті. Алты жыл табан аудармай оқып, 1977 жылы аталған институттың толық курсын педиатрия мамандығы бойынша бітіріп шықты. Институтты бітіргеннен кейін бір жылдай Алға қаласындағы орталық ауруханада педиатрия мамандығы бойынша интернатурадан даярлықтан сәтті өтті.

Қамқор ана

Осы кезде баласының қамын ойлап, қадамын қолдап, анасы Қалау Алға қаласына көшіп барып отырды. Оның алдында үлкен ұлы Жолдығали Алматыда халық шаруашылығы институтында оқығанда да солай істеген-ді. Өйткені ерінен отыз үш жасында бес баламен жесір қалған ананың бүкіл мақсаты — балаларын жеткізу, өз аяғына тұрғызу болатын. Онжылдықты толық бітірмесе де, арнайы мамандығы болмаса да, өз қатарынан ілгерілігі, зеректігі аңғарылып тұратын аса зиялы, көркем адам еді. Сондай ақыл-парасатының, ұқсату шеберлігінің арқасында кеңшардың, орта мектеп жанындағы интернаттың әр жылдарда қоғамдық тамақтандыру қызметінің тұтқасын ұстап тұрды. Солай маңдай терін сыпырып жүріп, таза еңбекпен қыздары Ынташ, Нұрзия, Ұлдайды да қатарға қосты.

Жолдығалиы оқу бітіріп, облыстық атқару комитетінің еңбек ресурстары басқармасына қызметке тұрып, Ақтөбе қаласына табан тіреген кезде бала-шағасын жауып жұмылып, қаланың Мәскеу аталған бөлігінен үй салып алды. Мейлінше қазақы, қонақжай адам-ды. Қалаға түрлі шаруамен келген жетікөлдік, жекенділік ауылдастары, байғаниндік құда-жекжаттары сол үйден өретін. Ене тәрбиесін көріп отырған келіндері де оларға қабақ шытпайтын.

Болатты облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығы бойынша 1978 жылы тамыз айында Ойыл ауданының Жетікөл учаскелік аурханасына балалар дәрігері етіп  жібергенде, жас отбасына қамқор болып, жолға салуды көздеп, қамқор ана қайтадан ауылға — кенжесінің қолына  келді.

Туған жерінде жас маман жиырма жылға жуық балалар дәрігері болып қызмет атқарды. Жақсы маман екенін дәлелдеп, білікті дәрігер ретінде көпшілікті тәнті етті. Ауылдастары балалары сырқаттанғанда әуелі бір Тәңірге сиынып, сосын Болатқа сенді.Талай жантәсілім-хал үстінде жатқан сәбиді емдеп, аман алып қалғанына куә болды.

Өтпелі кезеңнің салдары

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде елде жағдай қиындады. Әсіресе шалғай ауылардың тұрмысы төзгісіз ауыр бола бастады. Қатардағы дәрігердің айлығы мардымсыз еді. Бес бала бағып отырған отбасына ауырлық түсті. Осы тұста жалпы дәрігерлік мамандықтың қадірі түскені сондай ауылдағы, қаладағы әріптестері жан бағу үшін басқа кәсіпке, көпшілігі бизнеске, сауда-сатыққа ауысып жатты. Болат та отбасы үшін бір жеңілдік болама деп,1997 жылы өз өтінішімен жұмыстан босап, Орал облысына қоныс аударды.Соның өзінде өзі қалаған мамандығын тастамай, Шыңғырлау ауданының Полтавка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болып тағайындалды.Өйткені ол жиырма жылдың үстінде тәжірибе жинақтаған, аса білікті, жақсы дәрігер еді.1986 жылы екінші категория, 1991 жылы бірінші категория балалар дәрігері атағын алған-ды.

Өзінің мамандығын арттыру мақсатында Алматы, Ақтөбе медициналық институттарында білімін жетілдіру курстарынан өткен-ді.

Сол кездің талабы бойынша институт бітіргенде медицина қызметінің әскери лейтенанты атағын алған кеңес әскерінің запастағы офицері болатын.Дәрігерлік қызмет атқарған жылдарында бірқатар марапаттарға да ие болып үлгерген-ді.Әлі де жеткенінен жетері, шыққанынан алдағы шығар тауы биік еді.

Өкінішке қарай, 2000 жылдың қаңтарында мезгілсіз өмірден өтті. Соның алдында ғана жиырма күн бұрын үлкен ұлы Қайратын үйлендірген еді.

Қысқа ғұмырында мағыналы өмір кешкен Болат Аймағанбетов зайыбы Күләнмен екеуі Қайрат, Қасым, Ринат есімді ұл, Айсел, Ақмарал есімді қыз тәрбиелеп өсірді. Өзі үлкен ұлының үйленгенін ғана көрді.

Алдағы жылдың басында өмірден өткеніне ширек ғасыр толады. Осы уақыттың ішінде тірі адам тіршілігін жасады. Қазақ «Шешесі жоқ — бүтін жетім, әкесі жоқ — жары жетім» дейді. Болаттың артында қалған балалары да жетімдік көрмей, аналарына сүйеніп жетілді. Бүгінде ұл-қыздары өмірден өз орнын тауып, немерелері өсіп-өніп жатыр.

Ақ халатты абзал жан, талай баланың сүйікті дәрігері Болат Аймағанбетов, егер тірі болғанда, осы қарашаның жиырма үшінде 70 жасқа толар еді…

Бірақ олай болмады.  Еске алғаннан басқа не шара бар, бір кем дүние деген осы…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button