Жауынбай аға жолы
Жауынбай Амантаев есімінің Қазақстан тарихы ғылымындағы орны бөлек. Биыл туғанына 110 жыл толып отырған ғалымның артында көптеген ғылыми еңбегі, мол рухани мұрасы қалды.
Байғанин өңірінде дүниеге келіп, жастайынан білім-ғылымға ұмтылған оның өнегелі өмірі кейінгі буын үшін үздік үлгіге айналды.
Өнегелі өмірбаян
Өткен ғасырдың бастапқы кезеңдерінде дүние есігін ашқан буынның алдында замана өзінің талай сын сағаттары мен қиыншылықтарын тосып тұрды. Көршілес орыс жеріндегі түрлі дүрбелеңдер мен атыс-шабыстар шалғай деп есептелетін қазақ ауылдарына да кесірін тигізбей қалған жоқ. Бірақ соның бәрінде де үлкендер алдағы болатын жақсы бір күндерден үмітін үзген жоқ. Болашағы деп саналатын балаларының жұлдыздары жанып, жақсы дәуір кешеді деп ойлады.
Сондай тосқауылдардың сан түрін бастан кеше жүріп, талай қазақ жастары Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам!Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам?» деп алға ұмтылды. Сондай талапты өрендердің бірі Жауынбай Амантаев еді.
Ол 1914 жылы Байғанин ауданының кейінгі Абай атындағы кеңшары аумағында дүниеге келген. Құжаттарда шыққан тегі кедей шаруа деп жазылған.
Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінде 1933-1937 жылдары оқыған. Бұл елде ашаршылықтың азабы айқын білініп, оның арты елдің бас көтерер зиялыларын қуғын-сүргінге салудың кесірлі кезеңдері өтіп жатқан мезгіл еді. Осындай қаулаған өрт пен тасқынды судың ортасында жүріп, ол алдына қойған мақсаты — жан-жақты жоғары білім алу ойын орындауға ұмтыла береді.
Жауынбай Амантайұлы институтты бітіргеннен кейін жолдамамен өзі туып-өскен өңірге келіп, Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарады, оқу ісінің меңгерушісі болып бекітіледі. Бір жылдан кейін Алматыға шақырылып, Халық ағарту коммисариатының мектептер басқармасына инспекторлық қызметке тағайындалады. 1939 жылы оны Жамбылдағы педагогикалық училищенің директорлығы қызметіне жібереді. Жиырма бес жастағы жалындап тұрған жігіт осылайша мұғалім кадрларын даярлайтын оқу орнының тізгінін ұстайды. Оның ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін бағалаған партия органдары басшылығы 1940 жылы Жамбыл қалалық білім беру басқармасы жетекшілігіне жібереді. Ол бұл жерде де тұп-тура бір жыл қызмет атқарады.
Коммунистік партия мүшелігі қатарына 1941 жылдың наурыз айында қабылданып, одан кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің кадрлар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне бекітіледі. Аз ғана уақыт ішінде оның бірнеше жауапты қызметтерде болуы және сатылап көтеріліп отыруы болашағының жарқын, алар асулары аз болмайды деп болжамдауға негіз қалайтындай еді. Шынында да солай болды деуге болады.
Соғыс қызу жүріп жатқан 1943-1944 жылдары Мәскеудегі жоғары партия мектебінде білім алады. Өмірбаяндық деректерінде оның орыс тілін еркін меңгергені, неміс тілін сөздікпен білетіні жазылған. Осы арада айта кететін бір жайт, Жауынбай ағамыздың сол партия мектебінде оқып жүрген кезіндегі пәндер бойынша семинарлық сабаққа дайындалған бірнеше дәптері сақталған екен. Қарап отырсақ, оның ұқыптылығы, жазуының бірқалыпты, тиянақтылығы бірден байқалады.
Жауапты қызметтер және ұстаздық жол
Жоғары партия мектебінен соң Жамбыл облыстық партия комитетіне қайта оралып, енді насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне кіріседі. Бұл елде үгіт-насихат жұмысына барынша көңіл бөлініп, халық арасында партия мен үкіметтің нұсқауларын орындау тұрғысындағы түсіндіру жұмыстары кеңінен қолға алынған мезгіл еді.
Аталған қызметті үш жыл атқарғаннан кейін Жауынбай Амантаевты Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радиохабарларын таратужөнiндегi комитет төрағасы лауазымына тағайындайды. Бұл сол уақыттың өлшемімен алсақ, министр деңгейіндегі қызмет. Яғни жауапкершілігі де жоғары, міндет-мақсаты да ауқымды.
Негізінде қазақ телевизиясының іргетасы 1958 жылы ғана қаланды. Сондықтан бұл уақыттарда аталған мекеменің руханият саласындағы алатын орны ерекше еді. Мәселен қазақ композиторларының, басқа да шығармашылық адамдарының кейіннен халыққа кеңінен таралған музыкалық туындылары, өлең-жырлары, ең алдымен халыққа радио арқылы жететін.Жауынбай Амантаев 1950 жылдан бастап бірыңғай ұстаздық қызметке ауысады. Бастапқыда Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетінің аға оқытушы болып, одан кейін факультет деканы, доцент ғылыми дәрежесімен кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сол уақыттарда ол жетекшілік еткен тарих факультеті студенттерінің оқу үлгерімі, саяси-тәрбие жұмыстарының орындалуы бойынша институттың ауыспалы Қызыл туына бірнеше мәрте ие болып отырған.
Жауынбай Амантаевтың Қазақ педагогикалық институтындағы оқытушылық қызметінің белгілі бір кезеңі бұл жоғары оқу орнын белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Жүнісбек Жұмабеков басқарған тұспен сәйкес келеді.
Ректор өзі де тарихшы болғандықтан, әрі өзінен бір мүшелдей үлкен аға-әріптесін ерекше құрметтегенін білеміз. Оның үстіне Жүнісбек Жұмабекұлының қағазда сақталған: «Сіз өзіңіздің алғашқы еңбек жолыңызды бастағаннан-ақ халық ағарту саласына ден қойып, республикамыздың мектептері үшін мұғалім кадрларын даярлауға ерекше құлшыныспен кірістіңіз. Біз сізді қарапайым оқытушы, жаны да, жүрегі де сергек педагог, тынбай ізденісте жүретін ғалым ретінде құрметтейміз» деуін оның еңбегіне берілген лайықты баға деп қабылдадық.
Ж. Амантаев «Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының Қазақстанда соғыстан кейінгі жылдары (1946-1954 ж.ж.) жоғары білім мен ғылымды дамытудағы күресі» атты тарих ғылымдарының кандидаттығы дәрежесін қорғауға арналған еңбегі Мәскеуден 1955 жылы автореферат түрінде жарық көрген.
Оның көптеген ғылыми мақалалары Мәскеу, Алматы қалаларынан шығатын басылымдарда жүйелі түрде жарияланып тұрды.
Жалпы журналистика ғылымын дамытуға үлес қосып жүрген ғалымдар санаулы-ақ. Бұл ретте «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болған Рамазан Сағымбековтің «Қазақ радиосының құрылуы және дамуы» туралы тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты болуы кезінде үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Ал енді осы ізденушінің ресми оппоненті тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жауынбай Амантаев болғанын айтсақ, бұл да ғалым ағамыздың дүниетанымы аясының кеңдігін байқатпай ма?!
Сондай-ақ тағы бір деректерде Жамбыл педагогикалық институтының аға оқытушысы Жантас Алшымбаевтың тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық еңбегінің жетекшісі Жауынбай Амантаев болғаны айтылады.
Жауынбай ағаның мұрағаттық құжаттарын қарап отырып, мынадай жайға көңіліміз ауды. 1976 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетінің 1951 жылғы түлектері өздерінің ұлағатты ұядан ұшып шыққандарының ширек ғасырлық мерекесіне Алматыда бас қосыпты. Сонда жиналған бұрынғы қырық жеті студенті өздерінің ұстазы Жауынбай Амантайұлына арнайы лебіз білдіріпті.
Сонда былай деп жазылған екен: «Отанымыздың жас ұрпақтарын шын патриот, адал азамат етіп тәрбиелеуде, марксизм-ленинизм ілімдері мен дүниетанымын қалыптастыруда бізге терең білім, өнегелі тәрбие беріп, совет педагогы дәрежесіне жеткізген еңбегіңіз үшін көп-көп рақмет. Шәкірттеріңіздің партия мен үкіметіміздің алға қойған міндеттерін ойдағыдай орындайтындығына кәміл сеніңіз!».
Біздің байқағанымыз, оның шәкірттерінің көш басында тарих ғылымдарының докторы, профессор, қазақ халқының тарихи этнографиясын зерттеуге зор үлес қосқан белгілі ғалым Халел Арғынбаев тұр екен. Басқа түлектердің де өзіндік жеткен биіктері бары байқалады.
Міне, бұл — ұстаз еңбегінің жемісі. Алдынан тәлім-тәрбие алып, қанаттанып ұшқан студенттерінің араға жиырма бес жыл салып, өздері де ел тізгінін ұстап, білікті маман болған тұстарында кешегі күнге ізетпен бұрылып, ілтипат танытуы Жауынбай аға үшін мәртебелі бір мерей болса керек.
Алпыс жылдық мерейтойымен құттықтаған тарих факультетіндегі әріптестері ғалымның ғалым-зерттеуші, біліктілігі жоғары лектор-маман, тамаша ұйымдастырушы, өз ұстанымы бар қоғамшыл азамат, сонымен бірге жүрегі жылы, кеңпейілді жан екенін атап көрсетеді.
… Айтпақшы, ақтөбелік ғалым, профессор Зәкіраддин Байдосов бір әңгімесінде өзінің жас кезінде келешек өміріне Жауынбай Амантаевтың ықпал еткенін, жанашырлығы болғанын үлкен алғыс сезімімен айтқаны бар-ды.
Біздің білуімізде ағаның қамқорлығын көрген жандар тіпті де аз болмаса керек…
Жақсылармен жүздесу
Мен Алматыда оқыған студенттік кездерде Жауынбай ағамен жүздескен, әңгімесін тыңдаған, тәлімін алған сәттерім аз болған жоқ.
Ол кісі өз үйіне қадірлі қонақтар шақырған кезінде маған хабар беретін. Ондағы менің міндетім — келген кісілерге қызмет көрсету. Солай дегенмен де, асыл ағаның арғы жағында үлкендерді көре берсін, тағылымдарын тыңдасын деген де ой жатқан сияқты.
Ағаның үйінде мен белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сақтаған Бәйішевпен екеуінің керемет сыйластығын байқадым. Екеуінің жас айырмашылығы бес жылдай болатын, бірақ қатар құрбыдай, сенімді достай бір-бірін қадір тұтатын. Жандарында қызмет жасап жүрген маған да мейіріммен қарап, ақыл-кеңестерін айтып отырушы еді.
Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Орынбек Жәутіков те Жауынбай ағаның жақын араласатын адамдарының бірі болды.
Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сайым Балмұханов, Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының ректоры болған Хайдар Арыстанбеков, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Нығметулла Киікбаев, тағы да басқа танымал тұлғалардың бір-біріне деген құрмет-ілтипаты ерекше еді.
Ағамыздың тағы бір қасиеті — елдің балалары деп ылғи сұрастырып, оларға қамқорлық жасап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. 1969 жылы Байғанин ауданы Абай атындағы кеңшарының Алматыда оқитын студент жастарының ол кісіні ортаға алып, фотоға түскеніміз қазіргі уақытта біздің қолымызда сақталып қалған қымбат жәдігер.
Институттың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, белгілі ғалым-филолог Серік Қирабаев: «Сіз тарихшы болғаныңызбен, біздің кафедрамен де ұзақ жыл тығыз байланыста еңбек етіп келесіз. Біз сізді болашақ мамандардың білікті бағыт берушісі, ұтымды ұйымдастырушы, абыройлы ақыл-ойдың иесі деп білеміз», — деп тілегін білдіріпті.
Сол жылдарда Жауынбай ағаның филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаевамен, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Пионер» журналының редакторы болған Төкен Әбдірахманов секілді көрнекті ғалымдармен жарасымды сыйластықта еңбек еткені осындай ынтымақтастықтың шынайы болғанын дәлелдей түседі.
1978 жылы Қазақ педагогикалық институтының 50 жылдығы құрметіне осы жоғары оқу орнының үздік оқытушылары мен профессорлар құрамына әр түрлі марапаттар жасалды. Сол қатарда доцент Жауынбай Амантаев «КСРО ағарту ісінің үздігі» атағына ие болды.
«Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», басқа да мерекелік медальдармен, 1968 жылы республикамыздың ең жоғарғы марапаты — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
* * *
Жауынбай ағамыз Күлтай жеңгемізбен бірге алты перзент өсіріп, тәрбиеледі. Жеңгеміз де мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, училищеде оқытушы болып, ағарту саласында жемісті еңбек етті, көптеген шәкірттердің болашағына жол салып берді.
Балаларының үлкені Света 1941 жылы дүниеге келген, ядролық физика саласында қызмет етті. Физика-математика ғылымдарының кандидаты.
Жеңісбек Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдіктерді қорғау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, бастығы қызметтерінде абыройлы еңбек етті.
Одан кейінгі Ғазиза ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болды, жоғары оқу орындарында сабақ берді.
1948 жылы туған егіз ұлдары Ерік пен Серік те өз мамандықтары бойынша еңбек етті. Еріктің мамандығы — математик, ал Серік — биолог болатын, ол кейінгі жылдары Алматы қалалық экологиялық инспекциясында қызмет жасады.
Кенже баласы Берік Қазақ мемлекеттік университетінде лаборатория жетекшісі болды.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта Жауынбай ағаның өмірінің жалғасы болған төрт ұлы да өмірден өтті, олардың ұрпақтары Амантаевтар әулетін алға алып барады деп сенеміз.
Олардың отбасы сол кездерде бұрынғы университет орналасқан Киров көшесіндегі 187 үйде тұрды.
…Жақсының жарығы өшпейді…
Шалғайдағы Байғанин өңірінен шығып, Қазақстанның ағарту саласында аянбай еңбек еткен, білім-ғылымды дамытуда өзіндік орны бар Жауынбай Амантаевтың елеулі есімін бүгінгі жас ұрпақ та білсе деген оймен осы ойларымызды ортаға салған едік…
Рахат САҒЫНДЫҚОВ,
ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері,
Байғанин ауданының құрметті азаматы.