Мәдениет

Кенжебайдың ән кеші

Өнер

Қалалық мәдениет сарайында халықтық «Атамекен-Асылым» ардагер аталар мен аналар ансамблінің әншісі Кенжебай Ережеповтің «Темір жолым — өмір жолым» атты шығармашылық кеші өтті.

Кенжебай Ережепұлы 1953 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Қасқақұлан ауылында туған. Ол кезде Арал теңізінің кемеріне келіп тұрған кезі болатын.

Теңіздің толқынын тыңдап өскен бала Кенжебай әнші болуды армандап, мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласады.Бірлігі бекем, берекесі мол ауылдың тіршілік өзегі — теңіздің бекіресі мен қаязы еді.

1970 жылдары теңіз суы тартылып, жергілікті тұрғындар жан-жаққа үдере көшеді. Осы көштің ішінде Кенжебай да бар болатын. Мектеп бітіргеннен кейін арман болған Алматыға баруға талаптанады, бірақ аурушаң әкесінің «қасымда бол, балам» деген бір ауыз сөзі үшін қалып қояды.

Сосын Қазалы стансасындағы теміржол училищесіне түсіп, тепловоз машинисі мамандығын алып шығады.Атырау облысы Мақат ауданындағы локоматив депосына практикаға барған баланың қабілетін байқаған басшылары өздеріне тұрақты жұмысқа алады.

Қолы бос кезінде аудандық халық аспаптар оркестрінде жеке дауыста ән шырқайды. 1978 жылы Гавана қаласында өткен Бүкіләлемдік фестиваліне қатысып, дипломмен марапатталады.

1982 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жұмыс бабымен ауысады. Өнерден қол үзбеген Кенжебайдың Бейнеу ауданының «Алтыбақан» фольклорлық ансамблімен Алматы қаласында ән шырқағаны, республикалық телеарналардан көрсетіледі. 2004 жылы Маңғыстау облысы бойынша өткен ардагер өнерпаздарының байқауында бас жүлдені иеленеді.

Өнер мен жұмысты қатар алып жүрген азаматтыаудан басшысы Құрмет грамотасымен марапаттайды. Мемлекеттік мерекелерде бірнеше рет медальдармен марапатталған Кенжебай  2016 жылы зейнеткерлікке шығып, Ақтөбе қаласына көшіп келеді.

—  Қалалық мәдениет сарайында ардагерлерден құралған халықтық «Атамекен-Асылым» ансамблінің тұрақты мүшесімін.

Осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Қаракөз Сағынова мен концертмейстері Мәлік Халықовтың бастамасымен көптеген игі іс-шаралардың ұйытқысы болып келеміз.

Бүгін өзімнің шығармашылық ән кешімді беріп жатырмын. Өнерімді бағалап келген барша қауымға алғысым шексіз,— деді ол.

Кеш соңында әншіге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button