Басты жаңалықтар

Қайғылы оқиға қамсыздықтан болады

Қысқа дайындық және қауіпсіздік талаптары

Өткен аптада ғана Қостанай облысының Жітіқара қаласында үй өртеніп, бес бала бақилық болды.Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, пештің кесірінен жер үй отқа оранып, шатыры опырылып түскен…

Осы оқиғадан соң облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және жылыту маусымындағы қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы жазуды жөн көрдік. Біздің өңірдежылыту маусымы жеті айға жуықтайтынын ескерсек, аяз бен боранның қаһарына төтеп беру тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мамандардың айтуынша, осы кезде тұрғындар қауіпсіздік шараларын  күшейткеніжөн. Ендеше, қысқа әзірлік барысы қалай жүргізіліп жатыр? Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті мекемелер қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Өрт кезінде қалай әрекет ету керек?

Қыстың қамы

Қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені әкімдіктің тамыздағы №252 қаулысымен бекітілді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген: төтенше жағдайлар болса, жылдам әрекет ету үшін азаматтық қорғау құрылым күштері мен құралдарынан 1567 адам және 455 техника дайындықтарын пысықтады.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 6 309 шақырым. Осы жолдардың 6-ның республикалық және 3175-нің аудандық маңызы бар.

— Қазіргі таңда департамент тарапынанжолдарды, сондай-ақ инертті материалдар қоймаларын және жылу пункттерін қысқы күтіп ұстауды қамтамасыз ету үшін жауапты ұйымдардың базалары мен техникаларының жай-күйіне комиссиялық қарау жүргізіліп жатыр. Қорытындысы кейін шығады. Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін 129 жылыту бекеті дайындалды.Оның ішінде Самара-Шымкент тасжолының бойында, яғни Қобда, Ақтөбе, Хромтау, Әйтеке би және Ырғыз аудандарында 46 жылыту бекеті қарастырылған.

Сонымен қатар жыл сайын ықтимал қар басатын учаскелер анықталды. Облыс аумағындағы автомобиль жолдарында ұзындығы 780 шақырымнан асатын 100-ден астам қар басатын учаске бар. Қар басатын учаскелердегі қар ұстайтын қалқандардың ұзындығы — 106 шақырым. Яғни қар басатын учаскелердің жалпы ұзындығынан 13,5 пайызы қамтамасыз етілген.Сондай-ақ тасжол бойында, яғни Ақтөбе қаласында, Хромтауда, Қарабұтақ, Ырғыз ауданындағы Қалыбай елді мекенінде және Қандыағашта медициналық-құтқару бекеті бар.Департамент пен Қызыл Жарты Ай қоғамының Ақтөбе филиалы арасында меморандум жасалып, зардап шеккендерге және ыстық тамақ пен шайға мұқтаждарға пакет бөлу көзделіп отыр. Бұл азық-түлік өнімдері трассалық медициналық-құтқару бекеттерінде, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайға барынша бейім аудандарда орналастырылатын болады, — деді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Аслан Арзымбетов. Сондай-ақ ол облыстың автомобиль жолдарында шешілмеген бірқатар проблема барын айтып, олардың негізгілерін атап өтті.

— Біріншіден, аудандарда жүріп өту мүмкіндігі жоғары техника жетіспейді. Сондықтан мүмкіндігі жоғары техниканы Ақтөбе қаласынан шалғай елді мекендерге жөнелтуге тура келеді. Екіншіден, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында жекелеген учаскелерде ұялы байланыс жоқ. Үшіншіден, жол бойында қардан қорғайтын қалқандар өте аз. Төртіншіден, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қар тазалау және инженерлік техникасы жеткіліксіз. Бүгінде бұл мекеменің 100 техникасы бар, талапқа сай әлі 157 арнайы көлік жетіспейді. Сондай-ақ Хромтау және Әйтеке би аудандарының әкімдіктері өткен қыс кезеңінің күрделігін ескере отырып, нақты іс-шаралар қабылдауын ұсынамын, — деді Аслан Арзымбетов.

Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және азайту мақсатында дауылды ескертулер Darmen мобильді қосымшасы арқылы және смс-хабарлама арқылы жүзеге асатын болады. Сондай-ақ әлеуметтік желілер де белсенді пайдаланылады. Ал қысқы кезеңге дайындық шаралары «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде пысықталады.

Мұз үстінде

Былтыр өңірде мұз үстінде балық аулаймын деген бір адам қаза тапты. Суда қайығы аударылған қала тұрғыны да көз жұмды. Бұл деректерді келтірген облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығыИса Байтұрсыновосындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қыста мұз үстіндегі қаупсіздікті қатаң сақтау керектігін айтты.

— Күн суытып, судың беті қата бастады. Балықшылар мұз үстіне шығатын уақытты тағатсыздана күтеді. Біраққыста балық аулаудың біршама қаупі бар екендігін ұмытпау керек. Мұз үстіне шығу — аса қауіпті іс.

Су қоймаларыныңбір жерінің мұзы қалың, енді бір жерінің мұзы жұқа болуы мүмкін.Негізінен,жолдарда, қар күртіктерінің астында, қамыс арасында, жарқабақтардың астында, өзендер мен жылғалардың құйылысында мұз жұқа болып келеді де адамның салмағын көтермейді. Егер өзен бетінде еріген су болса, ол жерлерде жүруге болмайды. Егер мұздың түсі көгілдір болса — берік қатқаны, ақ түсті болса — беріктігі екі есе төмен болғаны. Қауіпсіз болуы үшін жалғыз адамға қалыңдығы 12 сантиметр, ал топ адамға 15-20 сантиметрлік қалың мұз болғаны шарт. Ал трактор өтуге қауіпсіз мұздың қалыңдығы 70 сантиметр, жеңіл көлікке соның жартысындай болуы қажет. Осындай ережелерді үлкендер ескеріп қана қоймай, балаларға да үнемі айтып отырғандары жөн, есінде қалады, — деді Иса Байтұрсынов.

Сондай-ақ барлық сақтық шараларына қарамастан, мұз жарылып кетсе, үрейге берілмей, су ағыны жүретін ойықтың шет жағына жылжу қажет. Ойықтың шетіне жеткен соң, әуелі арқаны тіреп, судағы сол аяқты мұз бетіне шығарып, абайлап арқаға аударылып, өзен жағасына қарай баяу жорғалау керек екен.Құрғақ жерге шыққан соң, жылдам жылынбаса, салқын тиеді.

Мына ережелерді естен шығармаған жөн:жұқа, қатпаған мұз бетімен жүрмеген жөн.Қараңғыда мұз үстінде жүру қауіпті.Өткел жоқ жерден мұз үстімен автомобильмен өтуге болмайды.Мұздың бөлек телімдеріне топталып тұруға болмайды.Мұздағы шұңқырларға, ойықтарға жақын тұруға болмайды.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін…

 Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Запира Аманжолованың айтуынша, осы жылдың 9 айында облыс аумағында 409 өрт тіркеліп, оның материалдық шығыны 212 миллион теңгеге жуықтаған. Мұнда 11 адам көз жұмып, 9 адам әртүрлі дәрежеде жарақаттанған.

— Өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында болады. Облыс әкімдігімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын тұрғын үйлердің тізімдері түзетіліп, 6414 тұрғын үй тіркелді. 6 шілдеде облыс әкімі Асхат Шахаров 2024-2025 жылдарға жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Ал Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы бекіткен «2024-2025  жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрт профилактикасын жүргізудің іс-шаралары» туралы бұйрығына сәйкес тамызда аула-үй аралау кезеңі басталды. Аралау кезеңі екі кезеңге бөлінді: біріншісі 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, екіншісі 15 қыркүйектен 15 қазан аралығында өтті. Бірінші кезеңде жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, еріктілер, жергілікті полиция қызметі мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірлесіп 6414 үйді аралады. 21680 адамға нұсқау беріліп, 25355 жадынама мен парақша үлестірді. 15 тамыздан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының 3300

түтін, көміртегі тотығы және табиғи газ датчиктері орнатылды, — деді басқарманың аға инженері Запира Аманжолова. Сондай-ақ ол өрт тұрмыста

қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтамауынан болатынын, тұрғын үй секторында өрттердің туындауының негізгі себептерінің бірі — электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу екенін айтты. Бүгінгі таңда пәтерлер мен тұрғын үйлерде әртүрлі жанғыш заттар, синтетикалық бұйымдар және әртүрлі тұрмыстық техникалар өрт туындауына себепші болып отыр.Мәселен, 4 мамырда Ақтөбе қаласы Астана ауданындағы бау-бақша ұжымында орналасқан саяжай үйінен өрт шықты. Электр сымдарының дұрыс жұмыс істемеуінен болған өрт 58 шаршы метр аумаққа зиян тигізді.  18 мамырда Мәртөк ауданында жеке үй жанған, өрт алаңы — 90 шаршы метр. Мұнда да өрттің себебі электр сымдарының дұрыс жұмыс істемеуінен басталған. 14 шілдеде Ақтөбе қаласы Алматы ауданында тағы бір жеке тұрғын үй жанған. Қызыл жалын шарпыған алаң —  60 шаршы метр. Өрт себебі жанғыш материалдардың, яғни төсек-орындардыңсөндірілмеген сіріңке, темекі секілді тұтану көзінің ұзақ мерзімді температуралық әсерінен болған.

Негізінен, халықтың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ қатты отынмен, яғни ағашпен және көмірмен жылытылатын тұрғын үйлерге назар аударамыз. Бұл ретте тұрғындар өрт қауіпсіздігі тақырыбына қатысты барлық сұрағын қоя алады, өз кезегінде өртке қарсы қызмет мамандарын тыңдауды сұраймыз. Әрине, иесінің келісімімен біз тұрғын үйді тексеріп, ұсыныстар бере аламыз, яғни өртке қарсы қандай шаралар қабылдау керек екендігін түсіндіреміз. Сонымен қатар біз әр тұрғын үйде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кішігірім және елеулі кемшіліктер бар екенін атап өтеміз, бұл жанғыш беттерде ток өткізгіш бөліктерді бекіту, тұрғын үй-жайлардың ішінде газ баллондарын пайдалану, розеткаларды қайта жүктеу. Ең қайғылы жағдайлар газ баллондары мен газ жабдығымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған кезде болып жатады, — деді Запира Аманжолова. Сонымен қатар ол тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға кеңес берді. Аға инженердің айтуынша, ең алдымен, барлық түтін мұржалары мен желдету арналарын тазалау керек. Бұл маңызды!Егер сіздің үйіңіз жаңа болмаса, сымдарды тексеріп, оны бақылаған жөн. Ақауы бар электр жабдықтарын үйде ұстауға болмайды. Үйде жылытқыштар болса, онда оларды перделерден, төсек жапқыштарынан және басқа да жанғыш заттар мен материалдардан аулақ  ұстаған абзал. Үйден шығар кезде электр құрылғыларын, әсіресе жылыту құралдарын розеткадан ажыратуды ұмытпау керек. Үйде темекі тартпауға, тіпті балконда темекі тартпауға тырысу керек. Нашар сөндірілген темекі тұқылы үлкен өртке әкеліп соғуы мүмкін.Бір тоқ желіге бірнеше құрылғыны қосуға болмайтындығын да ескерген жөн.

Газ толтырылған баллондар

Газ жабдықтары мен газ толтырылған баллондардыпайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамаудың зардабы көп. Қайғылы жағдайдың да болуы осыдан. Былтыросыған қатысты 8 оқиға тіркелді, мұнда Ырғыз, Алға, Қарғалы, Әйтеке би, Мәртөк аудандарында ішінде газы бар баллондар жарылған.

— Біздің облыста әртүрлі конструкциялы газ аспаптарымен жылытылатын тұрғын үйлер бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым оқиғаның алдын алу үшін тұрмыстық газ аспаптары мен баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін ескерген жөн. Газ толтырылған баллондарды гараждарда, пәтерлерде, балкондарда сақтамаңыз. Баллонды тек мамандандырылған пункттерде ғана толтырыңыз. Үйді жылыту үшін газ плиталарын пайдаланбаңыз. Газ шығып кеткен кезде сіріңкені тұтатпаңыз, темекі шекпеңіз, жарық пен электр құралдарын қоспаңыз. Иіс пайда болған кезде дереу газ қызметін шақырыңыз. Балаларға газ аспаптарында жұмыс істеуге тыйым салыңыз. Тұрмыстық газдың шығуы улануға немесе жарылысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан өзіңнің, балаларыңның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін табиғи газ бен тұрмыстық газ аспаптарын пайдалану ережелерін есте сақтау керек, — деді Запира Аманжолова.

Газ плиталары мен пештерді жағу кезінде пайда болатын улы газ қауіпті. Басқарманың мәліметінше, өткен 2023-2024 жылыту маусымында табиғи газдан  улануға қатысты  бір оқиға тіркеліп, 2 адам зардап шекті, оның біреуі қайтыс болды. Аға инженердің айтуынша, уланудың алғашқы белгілері — бас айналу және маңдай бөлігіндегі әлсіз бас ауруы.Адам улы газға уланған кезде әуеліқұлағының естуі нашарлап, көзінің алды бұлыңғыр көріне бастайды. Одан әрі сол жерде жата берсе, жағдай күрделене түседі, уланған адамның басы айналып, есінен танады. Сондықтан улы газға уланған адамға алғашқы көмек тез және білікті көрсетілуі керек.

Жылыту жабдықтарында жиі кездесетін ақаулар: пештің қалауындағы жарықтар, бітелген түтін мұржасы мен жеткіліксіз желдеткіш, дұрыс пайдаланылмаған пеш.

Мамандар тек жарамды жабдықты пайдалануға, газ бен пеш бар жерде міндетті түрде желдеткіштің болуына, көмір жанып болғанша пеш жапқышын жаппауға кеңес береді.

Отпен ойнама!

Өрттің тағы бір себебі:балалардың отпен ойнауы. Биыл өңірде осындай28 оқиға тіркелді.

Мамандар мұндай жағдайларды болдырмау үшін баламен кішкентай жастан бастап өртке қарсы тақырыптарда сөйлесу керектігін, жасөспірімнің бос уақытын кіммен және қайда өткізетінін бақылауды жүзеге асыру қажеттігін айтады.

— Кез келген жаста балалар өздерінің мекенжайын және өрт шыққан жағдайда қай нөмірге қоңырау шалу керектігін білуге тиіс.Өзіңіз жоқта балаларға сіріңкені, оттықты пайдалануға рұқсат бермеген жөн. Кішкентай балаларды жұмыс істеп тұрған электр аспаптарының немесе пештің жанында жалғыз қалдыруға болмайды. Егер баланы үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр болған кезде газ плитаның клапанын жапқан дұрыс. Құтқару қызметтерінің 101 немесе 112 секілді телефон нөмірлері әрқашан есіңізде болсын. Балалардың қауіпсіздігі тек ересектерге байланысты екенін ұмытпауымыз керек, — деді Запира Аманжолова.

Автокөлік өрті

Биыл облыс аумағында көлікке қатысты 135 өрт тіркелді. Былтыр 133 дерек тіркелген. Бұдан өңірдегі көліктегі өрттердің саны жыл сайын артып жатқанын аңғаруға болады.

Автокөлік өрті  негізінен электр сымдарының ақаулығынан,отын жүйесін тұмшалаудан,кейбір бөлшектердің жоғары температурасынан,автокөлікте темекі шегуден,қауіпті жүктерді дұрыс емес тасымалдаудан,автокөліктердің соқтығысуынан,қасақана өртеуден болады.

— Автокөлікте өрт шыққан жағдайда ең әуелі 101, 112 телефондарына дереу хабарласыңыз. Отты өшіру үшін өрт сөндіргішті пайдаланыңыз. Өрт сөндіргішті ең қарқынды жану ошағына бағыттаңыз немесе жалынды брезентпен, құммен немесе борпылдақ топырақпен жабыңыз. Жануды тез жою мүмкін болмаған жағдайда көліктен қауіпсіз қашықтыққа алыстаңыз, себебі отын багы жарылуы мүмкін.Автокөлікте ең маңызды үш нәрсе әрдайым болу керек, олар: дәрі-дәрмек қобдишасы, өрт сөндіргіш және синтетикалық емес қалпақ. Сондай-ақ автокөлікте жарамды өрт сөндіргіш болуы керек. Өрт сөндiргiштi мамандандырылған дүкендерден ғана сатып алу керек, өрт қауiпсiздiгi сертификаттары мен жарамдылық мерзiмi жазылған төлқұжат тексерiледi, — деді Запира Аманжолова. Сондай-ақ ол өрттің туындау мүмкіндігін барынша азайту үшін жеке автокөлікті техникалық жарамды күйде ұстау, зауыттық нұсқаулықтың талаптарына сәйкес пайдалану және қызмет көрсету, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтты. Көлікті техникалық байқаудан өткізу де — қауіпсіздік алғышарттарының бірі.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарын сақ және қырағы болуға, өртті болдырмау үшін өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button