Мәртөкте жайлы мектеп және жаңа фермалар салынып жатыр
Жұмыс сапары
Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысын көріп, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының іске асырылу барысымен танысты.
Облыс әкімі әуелі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сарыжар ауылында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектепке барды.
Қазіргі уақытта мердігерлік ұйым «Норис и К» ЖШС нысанның қабырғаларын кірпішпен қалау жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша мектеп биыл тапсырылуға тиіс. Құны — 3,61 млрд теңге. Өңір басшысы мердігерге ғимараттың пайдалануға беру мерзімін сақтауды тапсырды.
Сонымен қатар Сарыжарда ұзындығы 340 метр электрмен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, қолданыстағы инженерлік желілер ауыстырылып, іргелес мектептің аумағы абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ Иманов, Әйтеке би, Әл-Фараби, Абай және Жездібай батыр көшелеріндегі жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
— Мектеп құрылысымен бірге электр желілерін, білім ордасына кіреберіс жолдар мен тротуарларды ретке келтіреміз. Жайлы мектеп салу — білім беру сапасын арттыру және балаларымыздың білім алуына лайықты жағдай жасау үшін маңызды қадам. Жаңа мектепте сыныптар заманауи болады, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі, бұл балаларға жайлы және қауіпсіз жағдайда білім алуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті облыс әкімі.
Ауданға сапары барысында өңір басшысы «Айс» ЖШС фермасына да барды.
Қазір фермада мың сауын сиыр бар. Мұнда жылына 12 664 тонна сүт өндіріледі. Өндірісті кеңейтудің бірінші кезеңінде сүт-тауарлы ферма салу және сауын сиырлардың санын 800 басқа дейін арттыру жоспарланып отыр. Құрылыс аяқталуға жақын. Жобаның құны — 5,3 млрд теңге, оның ішінде 3,2 млрдтеңгесі — қарыз қаражаты. Бұл қаржыға құрылыс жұмыстарынан бөлек, сауу қондырғысы мен 800 бас ірі қара мал (сүтті бағыт) сатып алу жоспарланып отыр. Ферма іске қосылса, оның өндірістік қуаты екі есеге артып, жылына 22,6 мың тонна сүт өндіреді. Екінші кезеңде сауын сиырлардың санын тағы 800 басқа көбейту жоспарланып отыр. Осылайша, ферманың қуаты артып, жылына 32,6 мың тонна сүт өндіретін болады. Сондай-ақ ферма ашылған жағдайда қосымша жұмыс орындары құрылады. Нысан 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Асхат Шахаров жемшөп дайындау жұмыстарымен де танысты. Бүгінгі таңда «Айс» ЖШС 1578 тонна жоңышқа, 13,5 мың тонна сүрлем, 4,8 мың тонна шөп және 950 тонна жем дайындап қойған. Шөп жинау жұмыстары әлі де жалғасуда.
— Ақтөбе облысында сүт өндірісі белсенді дамып келеді. Мемлекет басшысының сүт және басқа да ауылшаруашылығы өнімдерінөндіру көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында бірден екі ауыл шаруашылығы құрылымы, атап айтқанда, «Айс» ЖШС және «Рад-Агро» ЖШС жаңа сүт фермаларын салып жатыр. Бұл жобаларды іске асыру халықты сапалы және қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ фермалардың іске қосылуы аймақтың ауыл шаруашылығы экономикасының жақсаруына әсер етеді. Сүт бағытын дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын құрамыз, жергілікті өндірушілердің табысы артады, — деп атап өтті облыс әкімі.
М.ТАБЫН.