Басты жаңалықтар

Ақтөбенің ауасы, електің суы…

Облыс экологиясын қалай жақсартамыз?

 Бүгінде Ақтөбе еліміз бойынша экологиясы нашар облыстардың төрттігіне кіреді. Бұл орайда тұрғындарды қоршаған ортаның жағдайы қатты алаңдатады. Өңірде ірі өнеркәсіпорындары көп, олар да ауаның ластануына бірден-бір себепкер болып отыр. Біз өңірдегі экологиялық мәселелер мен оларды шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтан сұрап білген едік…

— Соңғы кезде «Қазгидромет» мекемесі «Ақтөбе қаласында ауа ластанады, қолайсыз метеожағдай күтіледі» деген хабарламаны жиі тарататын болды. Жалпы, өңірде ауаның ластануына не себеп болып отыр?

— Өздеріңізге белгілі, Ақтөбе қаласында Шанхай, Тұрғындар қалашығы шағын аудандарында күкірт сутегінің иісі қатты сезіледі. Бұған себеп — ауа ластағыш заттардың шекті мөлшерлі концентрациясы 1,5 еседен 7-8 есеге дейін өсетіні. Биыл қаламызда бұл көрсеткіштің бірінші рет он есеге көбеюі тіркелді. Ол жөнінде біз облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы хат жібердік.

Қазіргі таңда өңірімізде ауа сапасының нашарлауына әбден тозығы жеткен, осыдан 40 жыл бұрын салынған кәріз жүйесі мен қала шетіндегі құдықтар мен құбырлардан шығатын жағымсыз иіс себеп болып отыр. Кәріз жүйелері сын көтермейді, қызметін толық атқармайды. Биыл Еуропа қайта құру және даму банкімен арадағы меморандумға сәйкес, қаражат бөлініп, кәріз тазарту жүйелерінің құрылысы басталуы керек. Қазір облыс әкімдігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде бірқатар мәселе шешіледі деп сенеміз. Біріншіден, Елек өзеніне кетіп жатқан кәріз суларын тазарту тиімділігі артады. Екіншіден, иісті жоюға септігін тигізеді. Жалпы, бұл мәселенің көтерілгеніне он жылдан асты. Бүгінге дейін қалалық әкімдік қаладағы жағымсыз иісті жою үшін залалсыздандыратын арнайы препараттарды қолданып келеді. Бұл ауа ластайтын заттардың шекті мөлшерлі концентрацияның бірнеше есе азаюына септігін тигізіп отыр. Алайда жыл сайын оларды пайдаланғанмен, мәселе түбегейлі шешілмейді. Осы орайда биыл біз «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасын» жасақтадық. Осы жол картасына сәйкес қаладағы №11 кәріздік насос станциясында коллекторлардан келетін газды жинап алып, кәдеге жарату көзделіп отыр. Бұл — дүниежүзілік тәжірибеде бар жоба. Қазір арнайы жоба жасақталып жатыр. Сондай-ақ аталған жол картасында 44 іс-шара жоспарланған, оның 17-сі жергілікті бюджет қаражатынан, қалғаны ірі кәсіпорындар мен республикалық бюджет есебінен шешіледі. Мұндағы басты бағыт — атмосфералық ауаны қорғау, қатты-тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, суларды тазарту. Мысалы, Елек өзенінің Жайық өзеніне құйғанша зиянды заттармен ластануында үш мәселе бар. Оның біріншісі — Алға химия зауытынан бор қалдықтарының таралуы. Бұл жерде 26 миллион тонна бор бар. Сол бор Елек өзеніне әсер етеді. Мәселен, шекті мөлшерлі концентрацияның 1,5-2 есеге дейін көбейген кездері анықталды. Екінші мәселе, өткен ғасырдың 50-жылдары Ақтөбе хром қосындылары зауыты салынған тұста суға алты валенттік хром қосындыларының ағуы тіркелген. Соның кесірінен Елек өзеніне алты валенттік хром тікелей ағып, суды ауызсу ретінде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Біз олардың сынамаларын үнемі бақылап отырамыз. Үшінші мәселе — Қурайлы елді мекені тұсына көктемде Ақтөбе қаласынан шыққан кәріздік су құйылады. Міне, осы үш мәселе бүгінде өте өзекті.

— Биылғы су тасқыны кезінде Елек өзені арнасынан асты. Бұл тұрғыда мәселе туындаған жоқ па?

— Біз бұл кезеңде су сынамасын алдық. Бұл еріген қар суы болғандықтан зиянды заттардың шекті мөлшерлі концентрациясы өз деңгейінен асқан жоқ. Яғни, су көп болған сайын оның ішіндегі зиянды заттардың мөлшері азаяды. Сондықтан ешқандай қауіп болған жоқ.

— Облыста табиғатты пайдаланушы ірі кәсіпорындар көп, олар қоршаған ортаны қорғауға қандай үлес қосып жатыр?

— Ақтөбе облысының бір ерекшелігі, еліміздің батыс өңіріндегі басқа облыстарға қарағанда, мұнда мұнай-газ өндіріліп қана қоймайды, тау-кен өндірісі де жақсы дамыған, металдың түрі көп, қиыршықтас шығарылады. Соған байланысты олардың экономикаға пайдасымен бірге қоршаған ортаға әсер ететін жүктемесі жетерлік. Сондықтан бұл кәсіпорындар жыл сайын экологиялық бағытта рұқсат алған кезде арнайы табиғатты қорғау іс-шараларын жасақтайды. Біздің департамент сол шаралардың уақтылы жүзеге асырылуын бақылап отырады.

Қазіргі таңда Экологиялық Кодекс талаптарына сәйкес атмосфералық ауа — ең бірінші сезілетін фактор. Сол үшін облыстың 8 ірі кәсіпорны зиянды заттардың көздеріне автоматтандырылған қоршаған ортаны бақылау станцияларын қондыруға тиіс. Яғни біз онлайн режимде зауыттардың құбырларынан шығып жатқан зиянды заттарды қарап, бақылап отыруымыз қажет. Бұл — Экологиялық Кодекстің жаңа талабы. Оны, атап айтсақ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен өндіру комбинаты, Мұғалжар ауданындағы «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ақтөбе жылу-электр орталығы, «ҚазақОйл» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компаниялар қондыруға міндетті. Қазіргі таңда аталған бақылау станциясын «ҚазақОйл» компаниясы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ғана қондырды. Мұндай станцияларды еліміз бойынша барлық өңірдегі 90-нан астам ірі кәсіпорын қондыруға тиіс. Оның министрлікпен арнайы бекітілген ережесі бар. Онда тұрақты көздерден шығатын зиянды заттардың мөлшері 500 тоннадан асқан жағдайда осындай станциялар қондырылуы керектігі жазылған. Бұл жоба көп қаражатты талап етеді. Қазір облыста бұл бағыттағы жұмыстар кешіктіріліп жүзеге асырылуда. Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы әлі күнге дейін бұл бағытта тек тендерлік жұмыстарды ғана жүргізіп жатыр. Негізі жоспарға сәйкес өткен жылдың 1 қаңтарына дейін компания жобаны жүзеге асыруға тиіс болатын. Алдағы уақытта біз заңмен көзделген талаптарға сәйкес бұл компанияға тиісті шаралар қолданатын боламыз.

Биыл өңірімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Осы бағытта сенбіліктен басқа қандай шаруалар жүргізілді?

— Биыл облыс бойынша барлық ауданда екі ай бойы санитарлық-тазалық шаралары өткізілді. Біздің департамент мамандары осы шараларға белсене атсалысты. Апта сайын сенбіліктерде қызметкерлерімізге қаланың бір-бір көшелері бекітілді. Соңғы «аялдама» ретінде біз сенбілік аясында Жеңіс саябағы мен Әуе қалашығындағы саябақты қоқыстан тазаладық. Одан бөлек жыл сайын Экология министрлігінің тапсырысына сәйкес «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы арнайы ғарыштық түсірілім жасайды. Мәселен, 50 шақырымдық жерді түсірген кезде далалық жердегі заңсыз тұрмыстық қалдықтардың орналасуы тіркелді. Былтыр осындай бақылау жұмыстары аясында 292 орын анықталды. Осындай орындардың 91 пайызы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп тазартылды. Айта кету керек, бұл орайда тиісті бақылау шараларын жүргізбеген Алға, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшылары жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, былтыр облыс бойынша 303,7 мың тонна қатты-тұрмыстық қалдықтар жиналса, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 18,7 пайыз болды. Ал биыл облыста қатты қалдықтарды қабылдайтын 12 полигон жұмыс істеп тұр. Оның 5-еуі — коммуналдық. Олар Ақтөбе, Алға, Шалқар, Хромтау қалаларында, Кеңқияқ кенті мен Қобда ауданында орналасқан.

Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі жол картасы аясында 2021 жылы жергілікті бюджет қаражатына Мәртөк және Байғанин аудандарында қатты- тұрмыстық қалдықтар заманауиполигондардың құрылысы аяқталған. Қазір полигондарды аудандардың балансына беру рәсімі жүріп жатыр. Мәселен, биыл Мәртөк ауданындағы полигон аудан балансына берілді.Сондай-ақ облыстық бюджет қаражатынан Бадамша және Шұбарқұдық кентіндегі екі полигон бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Монтаждау жұмыстарын жүргізуге әр полигонға алдын ала 160 000,00 мың теңге қажет. 2021 жылы Ойыл, Ырғыз, Комсомол, Қарабұтақ елді мекендері үшін қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салудың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленді, жобаға мемлекеттік сараптама жүргізуге бюджеттік өтінім дайындалды. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді.

— Жоғарыда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өңірде тұрмыстық қалдықтар заңсыз орналасқан жер учаскелерін анықтағанын атап өттіңіз. Биыл бұл бағыттағы шаралардың нәтижелері қандай?

— Жалпы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы геопорталы 2018 жылдан бастап облысымыздың 50 шақырым аумағындағы жер учаскелерінде заңсыз орналастырылған қалдықтар туралы ақпарат беріп келеді. Мәселен, Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумақтары ғарыштық түсірілімде толық қамтылған, сондай-ақ Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандары аумағының шамамен 30-40 пайызы да кіргізілген. Былтыр ғарыштық түсірілім нәтижесінде заңсыз орналастырылған қалдықтар бойынша 292 жер учаскесі, сондай-ақ қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинақтау, пайдалану бойынша заңдастырылған полигондардың шекарадан шығуы бойынша 25 жер учаскесі анықталды. 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 267 жер учаскесі бойынша қалдықтар жойылды. Ал биыл аталған компания геосервис сайтына заңсыз орналастырылған қалдықтар бойынша ғарыштық түсірілімнің ақпаратын ұсынбады.

Сәуір айынан бастап департамент облыс бойынша заңсыз орналасқан қалдықтардың жер учаскелерін анықтау бойынша біршама жұмыстар жүргізді. Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 4 жер учаскесінен заңсыз қалдықтар анықталып отыр.

Анықталған жер учаскелері бойынша біз жергілікті атқарушы органдарына тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде тапсырмалар бердік. Сонымен қатар экология департаменті мен табиғатты қорғау полициясы тараптарынан қалдықтарды және ағынды суларды заңсыз тасымалдау және оларды орналастыруға арналмаған жерлерде шығару фактілерін анықтау, олардың жолын кесу үшін рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Бұл бағыттағы рейдтік шаралар жыл аяғына дейін жалғасады.

Осы тұста айта кету керек, егер тұрғындар қандай да бір экологиялық заңбұзушылыққа куә болса, оның ішінде рұқсат етілмеген аумақтарға қоқыс қалдықтарын шығару және ағынды суларды төгу деректерін көрсе, дереу фото, бейне дәлелдемелерін жинақтап, 102 телефонына немесе департаменттің жауапты қызметкерінің 8-701-644-89-58 ұялы телефонына хабарласуына болады. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы Кодексінің 344-бабының 2-бөлігінің талаптарына сәйкес жеке тұлғаларға қалдықтарды арнайы емес жерге шығарғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш және осы Кодекстің 344-бабының 3-тармағына сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін жеке тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне санаттарына қарай айлық есептік көрсеткіш одан да көп қарастырылған.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button