Жаңалықтар

Әскерге аттанған сарбаздарға Бауыржан Момышұлының кітабы табысталды

Күзгі шақыру

Еліміздің Қарулы күштері қатары 50 жас сарбазбен толықты. Ақтөбелік жастардың  тағы бір легі Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды. Сарбаздарды шығарып салу салтанаты Ақтөбе қаласының Орталық саябағындағы Ту тұғыр алаңында ұйымдастырылды.

Әскери-патриоттық іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, әскери саланың ардагерлері мен жас сарбаздардың туыстары, мектеп оқушылары қатысты. Мемлекеттік Гимнмен басталған іс-шарада Жолдас Батырған әскерге аттанушылар мен олардың жақындарына облыс әкімі Асхат Шахаровтың және өз атынан ризашылығын білдірді.

Отанды қорғау — әрбір ер-азаматтың парызы.  Сіздер ел аманатын арқалап, Отан алдындағы әскери борыштарыңызды өтеуге аттанғалы тұрсыздар. Отанды қорғау арқылы сіздер өз отбасыларыңызды, ата-аналарыңызды, бауырларыңызды қорғайсыздар. Біз әлемде аумағы жағынан тоғызыншы орын алатын мемлекетте өмір сүреміз. Қасиетті қазақ жерінде туып-өстік. Оның ішінде киелі Ақтөбе өңірі — әуелден батырлар мекені. Ақтөбе — батыр бабамыз Қобыландының жамбасы тиген жер. Бұл жерде ардақты апамыз Әлия дүниеге келді. Міне, сол батырларымыздың бүгінгі жалғасы — сіздерсіздер, — деген ол болашақ сарбаздардың ел қауіпсіздігін нығайту жолында аянбай қызмет ететініне сенім білдірді.

Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары полковник Мейрамбек Сақыптың айтуынша, күзгі шақырылымда облыстан 550 жасты Қарулы күштер қатарына қосу көзделген. Бұл іс жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда еліміздің Қарулы күштер қатары ақтөбелік 175 сарбазбен толықты. Бұл жолы тағы 50 сарбаз облысымыздың 30238 әскери бөлімінде қызмет ететін болады. Олар бір жыл әскери борышын өтейді. Өмірін әскери саламен байланыстыруға ниетті сарбаздарға кейін келісімшарт негізінде әскери қызмет етуіне мүмкіндік бар. Ол үшін сарбаздарға әскери қызметтер ұсынылады, — деді  Мейрамбек Сақып.

Салтанатты іс-шарада Қарулы күштер ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы

бойынша төрағасы, әскери сала ардагері Қажымұқан Сәтенов те жас сарбаздарға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін айтты.

Салтанатты жиын барысында биылғы су тасқыны кезінде көмек қолын созған әскерилерге Қорғаныс министрлігі тарапынан естелік сағаттар сыйға тартылды. Ал Қазақстан армиясының қатарын толықтырған 50 жастың барлығына бүгінгі күннен естелік ретінде қазақтың батыр ұлы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының кітабы табыс етілді.  Ұйымдастырушылардың сөзінше, кітап сыйлау — жастардың әскери рухын көтеріп, Отанды қорғауда жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған қадам. Бұған дейін әрбір жас сарбазға ұялы телефон сыйға тартылған болатын.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button