Басты жаңалықтар

Қарабұтақта  ас берілді

Әйтеке бидің туғанына — 380 жыл

Әділдік пен бірліктің ұйытқысы

Қарабұтақ ауылында Әйтеке би Бәйбекұлының рухына ас берілді. Дана бидің 380 жылдығына арналған іс-шараға шетелден және еліміздің  әр аймағынан келген қонақтар қатысты.

Қарабұтақ ауылының іргесінде қырыққа жуық киіз үй тігілді. Алаңға арнайы сахна құрылып, спорттық сайыстар өтетін орындар жасалыпты. Мерекелік  іс-шара «Әйтеке тарихы» атты әдеби-композициялық қойылыммен басталды.

Бұдан соң  сахнаға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов шықты. Дүйім жұртқа облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтауын жеткізген Абзал Әбдікәрімов:

Әрдайым әділдік пен азаттықты айбар қылып ұстаған даланың данагөй данышпаны, қазақтың арын арлап, жоғын іздеген Әйтеке биді философ,  мемлекет қайраткері деп білеміз. Небәрі 25 жасында кіші жүздің бас биі болып, Әз Тәуке хан құрған билер кеңесінің мүшесі болған Әйтеке бидің сол алмағайып заманда атқарған қызметі — ұрпаққа өнеге. Бабамызды ұлықтау мақсатында Ақтөбе өңірінде бірқатар маңызды істер атқарылды. 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ескерткіш орнатылды. Ал бүгін Қарабұтақ өңірінде 380 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатыр, — деді.Ақтөбе мен аудан орталығынан келген өнер иелері ән айтып, күй тартты. Сөзін Орал Байсеңгір, әнін Нұрталап Жүсіпов жазған «Әйтеке би — данышпан» әні алғаш рет орындалды.«Текті сөздің термесі» атты жыршылардың басқосуында би есімі  ұлықталды. Ақтөбелік Демеубай Жолымбетов, Қызылорда облысы Арал ауданынан келген Айбек Тәңірбергенов, Жеткерген Жиенбаев, Асқар Жоламанов секілді жыршылар тыңдаушының құлақ құрышын қандырды. А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің студенттері мен «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттерінің өнері жұртшылықты сүйсінтті. Күннің салқындығына қарамастан,келушілердің көңілкүйі көтеріңкі болды. Қазан асылып, дастарқан жайылып, киіз үйге кіргендерді  үй иелері ерекше құрметпен қарсы алды. Киіз үйлердің ішін  ұлттық нақышта сәндеген. Жігіттер қазақ батырларының киімін киіп, есік алдында тұрды. Барлығы келушілерге ерекше әсер сыйлады. Мәселен, Аралтөбе ауылының тұрғындары құрған киіз үйдің ішінде аудандық музей қызметкерлері көрме ұйымдастырды. 1993 жылы Әйтеке биді еске алуға арналған іс-шарада жасалған бұйымдарды әкелген. Сондай-ақ Әбілқайырхан мөрінің көшірмесі де қойылыпты. «Қазақ аналары —дәстүрге жол» тобының кимешек киген әжелері шашу шашып, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс қойды.

— Мақсатымыз — жастарға үлгі көрсету, қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін үйрету. Қазір топтың құрамында елуден астам әже бар. Ең үлкені менмін. Жасым 75-тен асты. Он бала тәрбиелеп өсірдім. Әлі күнге дейін құрақ құрап, іс тігемін. Құдай қуат берсе, осы өнерді балаларыма, кейінгі жастарға үйретіп кетсем деймін. Бүгін баба рухына  арналып ас беріліп жатыр. Азаматтардың ытнымағы, ауызбіршілігіне сүйсініп отырмыз, — деді ақ жаулықты әже Зүбарзат Қалиева.

Ал Тұғыр Кенжесұлы батырдың ұрпақтары тіккен киіз үйге құрметті қонақтар жайғасыпты. Үй алдында батыр тұлғалы азаматтар сауыт киіп, шоқпар ұстап  ерекше сән беріп тұр.

Әйтеке би бабамызға арналған іс-шараға бірнеше ай бойы дайындалдық. Төртқарадан тарайтынТұғыр атамыздың жеті баласынан тараған ұрпақтары бірігіп киіз үй тігіп, мал сойып ас беріп жатырмыз. Бұндай іс көппен бірге бітеді. Сырттан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, игі шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатырмыз. Батырлардың киімінен бастап, ұсақ-түйекке дейін мән беруге тырыстық, — деді ұйымдастырушы Нұрболды Жайманов.

Киіз үйдің төрінде әрісі Даниядан, берісі Өзбекстан мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар отырды. Даниядан келген Қажыакбар Аюби атақонысқа алғаш рет табаны тигенін айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Ата-бабамыздың осы жерден кеткеніне 100 жылдай уақыт болып қалды. Үлкендер қазақ екенімізді, руымызды ұмытпасын деп атамның есімін Аюби қойған. Тарқатып айтсақ, руым — аю. Яғни шөмекейден — аспан, одан аю тарайды. Ата-бабамның табаны тиген жерге ұрпағы жүз жылден кейін келіп отыр. Толқып, бір жағынан қуанып жүрмін. Атам Базарбай Бұхарада оқыған сауатты кісі болған. 1930 жылдары қуғынға ұшырайды. Қызылдар жағына өткен туысымыз «ертең кеште алып кетеді, бұл жерден кет» дейді. Содан атамыз бір түнде ағайын-туысын жиып Өзбекстанға қарай көшеді. Сол жақта Үшқұдық деген ауылға тоқтайды. Алайда империяның саясаты тыныш отырғызбайды. Жағдайы қиындай түскен соң сол жылы атамыз Тәжікстанның үстімен, Әмударияны кесіп өтіп Ауғанстанға табан тірейді. 1979 жылы Кеңес үкіметі Ауғанстанға кірді. Екі жыл соғысты көріп, 1981 жылы  Иранға қоныс аудардық. Бірақ ол елде құжат бермеді. Жағдайымыз өте нашарлап кетті. 1988 жылы оқыған ағамыздың арқасында Данияға көшіп кеттік. Содан бері сол елде тұрамын. 15 жасымда алғаш рет Даниядағы мектепке бардым. 1994 жылы Қазақстанға бірінші рет келдім. Содан бері елмен байланысымыз үзілген жоқ. Әйтеке би бабамыздың 380 жылдығы өткізілейін деп жатыр деген хабарды естігенде қуандым. Конференцияда Ауғанстан қазақтарының әлі күнге дейін зерттелмей жатқанын айттым. Тарихты зерттеп жүрген ағаларымыздың алдына осы мәселені қойдым. Деректерге сүйенсек, 1825 жылы ағылшынның екі ғалымы Ауғанстаннан Бұхараға дейінгі жерді аралаған. Сонда Ауғанстан қазақтарының ауылының үстімен өткенін, тіпті итінің үргеніне дейін жазған. Демек,  17-ғасырда қазақтың шекарасы Әмудариядан Ауғанстанға дейін тірелді. Айтсақ, дерек өте көп, қазақ тарихын жаңадан жазу керек. Бұған дейін біздің тарихты басқа ұлт, мемлекеттер жазып келді. Біз өз тарихымызды, түп-тамырымызды білгенде, жас буын өзін таныған кезде ғана рух тіріледі. Елде жоғары технология дамуы үшін халықта бірінші рух болуы керек, өзіне сенуі керек, — деді ағынан жарылған Қажыакбар Аюби.

Ата-бабасының жерін аңсап келген қонақ ұйымдастырушыларға ыстық лебізін білдірді. Қазіргі күні Данияда 400-ге жуық қазақстандық тұратынын, Наурыз секілді мерекелерді қазақтар жиналып, тойлайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Ұлытау өңірінен келген «Бұланты шайқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Медеу Қайрақтыұлы аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Жиында мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, профессор Алтай Тайжанов және өзге де қонақтар сөз сөйледі. Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев қонақтарға алғысын айтты. Баба рухына Құран бағышталды. Ауданның жомарт азаматтары өнер иелеріне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Астың көркін спортшылар қыздырды. Қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру секілді спорт жарыстарынан жігіттер бақ сынасты. Әсіресе түйе палуанды анықтау сәті тартысты өтті. Тоқ бәйге, аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен шабандоздар келді.

Алман бәйге мен тоқ бәйгеде  бірінші орынды Алматы облысынан келіп атын қосқан Ерғали Жетпісовтың шабандозы  жеңіп алды. Жеңімпазға  JAC жәнеChevrolet Monza автокөлігі берілді. Ал құнан бәйгеде Еркін Туртунбаевтың жүйрігі бірінші келді. Жеңімпаз мотоциклге ие болды. Тай жарыста бірінші орын алған скутерге ие болды. Сондай-ақ екінші, үшінші орын алғандарға қомақты ақшалай сыйлық берілді.

Қазақ күресінде ақтөбелік 19 жастағы Әмірбек Рахимов ақтық финалда 2023 жылғы қазақ барысы Мақсат Исағабыловты жеңіп, түйе палуан атанды. Жеңімпазға бір миллион теңгенің сертификаты берілді. Ал гір тасын көтеруден бірінші орынды Рахат Бержанов, қой көтеруден Рахат Нығымет, ал қол күрестен бірінші орынды Бақыт Бауыржан алды. Арқан тартыста бірінші орынды Толыбай командасы иеленді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button