Қазына қаржысына көз тіккендер…
Семинар
Облыста білім беру ұйымдарының директорлары, квазимемлекеттік сектор меңгерушілері және бас есепшілердің қатысуымен мемлекеттік бюджет қаражатын игеру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде семинар өтті.
Жиында талқыланған жемқорлық мәселесі, әсіресе оқу-ағарту саласында жиірек кездесетіні ашық айтылды. «Республикалық бюджеттің басым бөлігі білім саласына бағытталғанымен, оған бөлінетін қаржы қажетті жеріне жетпей жатыр», — дейді мамандар.
Семинарда қаржылық құқықбұзушылықтар туралы баяндамалар да әзірленген. Басталған жобалардың аяқсыз қалып, ұлттық қорға түсетін түсімдердің дер кезінде жетпей жатқаны жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов айтып өтті.
— Бюджеттен бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуға тиіс. Сыбайлас жемқорлық — қоғамға қауіпті дерт. Қоғамда құқықтық, қаржылық сауатсыздықты жоюға бағытталған түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Осы ілгерілеуді көре отырып, керісінше, құқықбұзушылыққа жол беруіміз — үлкен қателік. Жемқорлық ел экономикасына орасан зор нұқсан келтіреді, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық қазынашылық департаментінің басшысы Рахым Мыңбаевтің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 50 қылмыстық іс қозғаған.
— Өткен жылы №48 орта мектебінің бас есепшісі істі болып, 400 миллион теңге қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Өңірдегі тағы бір білім беру ұйымының есепшісі жемқорлық дерегі бойынша тергеліп жатыр. Қаржылық заңбұзушылықтар Қазынашылық департаментіне жолданған құжаттардан байқалды. Қазір облыс бойынша 740 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетеміз. Оның 71-і республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджеттен қаржыланады. Жыл басынан бергі 9 айда 85 мыңнан аса қаржылық құжат түсті. Соның 3,6 пайызы дұрыс рәсімделмегені үшін қайта қайтарылды, — деді М.Төлегенұлы.
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы жемқорлық агенттігінің тексерісі барысында республика бойынша 6,5 миллиард теңге тәркіленген. Оның 1 миллиардтан астамы Ақтөбе облысының үлесінде екені белгілі болды.
— Биыл облыстық департамент 50 қылмыстық істі тіркеді. Оның 42-сі жемқорлық фактісі бойынша анықталды. Аталған іс бойынша 46 адам ұсталды. Соның ішінде 4 лауазымды тұлға — қалалық және аудандық мекеменің басшылары. Күдікті тұлғалардан 700 миллион теңгенің мүліктері тәркіленді. Анықталғандай, бюджет қаржысы белгісіз мақсаттарға жұмсалып келген. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің бір электронды шот фактуралары арқылы бірнеше төлем жасағаны белгілі болды. Ондай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін саланы цифрландыру қажет. Ақпараттық жүйенің қызметін пайдалана отырып, келесі жылдан бастап биометриялық сәйкестендіру технологиясын енгізу жоспары бар. Көлеңкелі экономиканың салдарынан білім беру ұйымдарында орталықтандырған есеп жүйесі де енгізілгені мәлім. Алайда жалақы төлеу кезінде бұл жүйе тиімсіз. Алдағы уақытта орталықтандырылған есеп жүйесінің жұмысын жеңілдететін автоматтандырылған жүйе іске қосылуы керек, — деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініңАқтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.