Мәдениет

Өнерлі өрге жүзер

Байқау

Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында өткен «Өнерлі өрге жүзер» республикалық байқауының облыстық кезеңіне шығармашыл, дарынды жастар қатысты. «Мың бала» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған байқауға 8 ауданнан келген оннан астам оқушы өнер көрсетті.

— Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен отбасы құндылықтарын насихаттауда көптеген жобалар қолға алынып жатқаны белгілі. «Мың бала» жобасының жастарды патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде, отбасы құндылықтарын сақтауға баулуда маңызы зор. Бұл жолғы іс-шараның мақсаты — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту, — дейді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Марғұлан Нұрмағанбетов.

Іс-шара барысында түрлі ұлт өкілдері өз өнерін ортаға салып, өзара бақ сынасты. Солардың бірі — Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің білім алушысы Қанат Хитрук.

Бұл — менің облыстық деңгейде ұйымдастырылған байқауға алғаш қатысуым. Ұлтым — украин. Отбасымызда қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанамыз. Ауқымды іс-шарадан мол тәжірибе жинақтап, жаңа достар таптым. Осындай облыстық байқауда кәсіби өнер адамдарының алдында өнер көрсетудің өзі мен үшін жетістік. Маған күш-жігер беріп, қолдаған ата-анама, оқытушыларыма алғысым шексіз, — дейді қатысушы.

Байқаудың бас жүлдесі Нелли Югайға бұйырды. Ол қараша айында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды. Қатысушыларға ұйымдастыру алқасының дипломдары және естелік сыйлықтары табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button