Басты жаңалықтар

Зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Кеңес

Кеше Жастар сарайының мәжіліс залында облыс әкімі Асхат Шахаров облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. 

Жиында алдымен сөз сөйлеген өңір басшысы зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны бөлек, олардың жас ұрпақтың тәрбиелеудегі, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында: «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады»,— деп атап өткен болатын. Сондықтан бүгінгі сіздермен басқосудағы мақсатымыз — алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарды саралау, облыстағы мәселелерді бірлесіп талқылау және ой-пікірлеріңізді тыңдау.

Бүгінгі жиынды шағын идеологиялық кеңес деп те атауға болады. Сол себепті сіздердің айтар пікірлеріңіз бен ұтымды ой-ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды, — деді Асхат Шахаров.

Бұдан кейін кездесуде сөз кезегін алғанМ.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Алтай Тайжанов өңірімізде идеологиялық тұрғыдағы іс-шаралар жиі өткізіліп, жастардың арасында Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы кеңінен насихатталса деген ұсынысын жеткізді.

— Президент құрылтайда ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталған болатын. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Міне, осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу — біздің міндетіміз. Қазір қоғамда әлеуметтік келеңсіздіктер болуда. Дін саласында да шешімін таппаған мәселе көп. Міне, осы олқылықтарды түбегейлі шешіп, Президенттің «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиіспіз, — деді профессор.

Іс-шарада «Бәйішев Білім» корпорациясының бас директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан өңірдегі жоғары оқу орындарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы мен отбасында баланы тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ өңірдің дін саласындағы бірқатар олқылықтар мен жастарға діни білім берудегі кемшіліктер жайында да айтып берді.

Ал белгілі ақын, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегеріМейірхан Ақдәулетұлы облыс әкіміне Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалына жергілікті билік тарапынан көңіл бөлінсе, өңірде құрылған әдеби қордың жұмысын дамытуда, халыққа арналған әдеби кештерді жиі ұйымдастыруда жауапты мекемелер белсенділік танытса деген ұсынысын жеткізді.

— Қазір, өкінішке қарай, көрінген жақсы нәрсенің қадірін кетіре бастадық. Ешкім ештеңе демейтін, бір-біріне жанашырлықпен қарамайтын қоғамға айналып барамыз. Міне, осы тұрғыда халықтың ділін сақтайтын, көпшілікті адамгершілікке үндейтін дүние — әдебиет. Сондықтан біз әдебиетті дәріптеп, жұртты кітап оқуға шақыруымыз керек. Осы отырған барлығымыз — оқыған, зиялы адамдармыз. Сондықтан өзімізден бастап, тәртіпті сақтап, қоғамда болып жатқан оқиғаларға үн қатып, елдің болашағына алаңдаушылық білдіруге тиіспіз. Қазір бізге, ақын-жазушыларға, рухани қолдау керек болса, қоғамға тәртіп пен тағылым қажет, — деді М.Ақдәулетұлы.

Іс-шарада сондай-ақ Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова, еңбек ардагері Любовь Исмағамбетова, т.б. өнер, білім саласына қатысты ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button