Саясат

Ермұхамбет Ертісбаев: Үгітті ұқыпты жүргізіп, «сыпырғыштың» аңысын аңдуға кеңес беремін

Ертісбаев Парламент сайлауы мен жаңа Үкіметке қатысты болжам жасайды

Президент кеңесшісімен құрған саяси әңгіме-сұхбатымызда біз заңды түрде басталып кете қоймаған, бірақ, шындығына келгенде, Мәжілістің келесі шақырылымындағы депутаттық мандатқа ие болу мақсатында толық қуатымен іске кіріскен үгіт науқаны туралы сөз қозғадық.

Ертісбаев, әрине, біздің сауалымызға жауап берумен шектеле қойған жоқ, «ертең» яғни 2012 жылдың 15 қаңтарынан соң қалай өмір сүретініміз тақырыбындағы болжамдарын да ұсынды.

— Сайлауалды үгіт насихаты әлі бастала қойған жоқ, дегенмен партиялар өз съездерін өткізіп тастады және болашақ парламент қызметіне қатысты өздерінің қандай негізгі артықшылықтары болатынын белгілеп алды, ал Мәжіліске енетіндер сайлаушыларға арналған «көзірлерін» ашты. Сіз, сөз жоқ, сайлауға бет алған партиялардың жаңа үгіттік қимылын барлап та үлгердіңіз. Қандай әсер алдыңыз?

— Рас, сайлауалды үгіт науқаны әлі ресми түрде басталған жоқ, бірақ оппозициялық баспасөз сайлауалды бағыттағы үгіт-насихат материалдарына әлден-ақ лық толып болды. Өткен аптада мен «Свобода слова», «Взгляд», «Голос республики» және «ДАТ» газеттерінің мазмұндарын мұқият зерттеп шықтым. Не айтуға болады? Сол баяғы таныс әуендер — мемлекетпен бітіспес қырқысқа түскен платформа, еш дәлелді қабылдамау және ештеңені мойындамау. Қысқасы, тәуелсіздіктің 20 жылы бойы біз неоконструктивті оппозиция деп келгеніміздің бәрі осында.

— Оқырманға тайға таңба басқандай анық ұғынықты болуы үшін нақты мысалдар келтіре аласыз ба? Әйтпесе сізді де сөзуарлыққа салынды деп кінәлайтыны белгілі…

— Мысалы, ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың «ДАТ» газетіне берген сұхбатын алайық. Тұяқбайдың, мәселен, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы айтқандарын барлап көрсек, материалды толық игермегені анық аңғарылып-ақ тұр. «Ауылдағы стратегиялық жағдай мен отандық ауыл шаруашылығын қайта өркендетудің қажеттігі» туралы сол баяғы ескі зар. Қарапайым ғана бір сұрақ қойғың келеді: «Сонда биыл 24 миллион тонна астықты кім жинады?» Қазақстандық фермерлер өз елімізді ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрімен толық қамтамасыз етіп отырғанын Тұяқбай біле ме екен? Соңғы он жыл ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өсімі бір пайыздан алты пайызға дейін артқандығынан оның хабары бар ма?

Тұяқбай Жер кодексін жоюды және ауыл шаруашылығына қатысты жерлерді мемлекет билігін көшіруді, нақтылап айтқанда, кеңестік-коммунистік жүйені қайта тірілтуді талап етеді. Жарайды, олай болса, тек фактілер мен жалаң цифрларға ғана тоқталып көрейік. 1956 жылы (тың жерлерді игерудің шырқаған шағында) біз 18 миллион гектарға егілген бидай алқабынан 19,2 миллион тонна астық жинаған екенбіз. Ал биыл 13,8 миллион гектар алқаптан 24 миллион тонна астық алдық. Сонда ЖСДП лидері қандай күйреу туралы әңгімелеп отыр? Өтірікті соғып отырғаны жұрттың көзіне анық көрініп тұрған жоқ па. Егер ол өз позициясын тікелей телеэфир кезіндегі пікірталас кезінде тағы да қайталайтын болса, бұл мемлекеттің, өз елінің атына кір жағу болады да шығады. Бізде идеологиялық жұмыстар, әсіресе, халықты ақпараттандыру тым шатқаяқтап тұр. Ал, расына келгенде, соңғы он жыл ішінде ауылдардағы кедейлік қамытын кигендер 10 есеге азайды және ауылдық жерлердің мүддесіне жұмсалатын шығындар әлдеқайда өсті. Тұяқбай барлық ауыл шаруашылығы өндірісін салықтан толық азат етуді, одан әрі жеңілдетілген салық режимін енгізуді талап етеді. Бұл — нағыз популизм!!! Неге? Себебі әуелі ауылдардағы нақты жағдайды, яғни мына жайларды білген мақұл: ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, бұған қайта өңдеуді қосқанда, 2001 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 4,2 есеге өсті немесе 458,6 миллион доллардан 1 миллиард 946 миллион долларға көбейді. Сонда осындай табыстардан неге салық төленбеуі тиіс деген сауал пайда болады? Тұяқбай сондай-ақ ауыл шаруашылығын қаржыландыруды бес есеге ұлғайту қажеттігін айтады. Неге тұп-тура бес есе екендігі және түсініксіз. Оның экономиканың аграрлық секторы саласындағы долбарлары да кірсе шыққысыз қара орман. Егер Тұяқбай мемлекеттік сайттарға, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтына кіре салса ғана, әлгідей желігіп алған, шын атауымен айтқанда, сауатсыздыққа толып тұрған позициясын тықпаламас бұрын, он рет ойланып, жүз рет толғанар еді. Оқырмандар үшін мынадай деректер бере кетейін: 10 жыл ішінде бұл саланы субсидиялау 205 есеге өсті. 205 есеге! Бұл цифр 2000 жылы 216 миллион теңге болса, 2010 жылы 44,4 миллиард теңгеге жетті.

Қазақстан жоғары сапалы дайын ұнды экспорттау жөнінде әлемде бірінші орын алады. Дүние жүзінің 40-тан астам мемлекеті Қазақстан бидайын сатып алып отыр. Қазақстан, міне, осы ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілігін танытты. Егер алдағы парламент сайлауында әлдебір саясаткерлер «ауылдардағы мүшкіл жағдайлар» туралы ұран салатын болса, бұл өтірік және бөспесөз, фактілердің тонын теріс айналдыру деп ұғыңыз.

— Владимир Жириновскийге мынадай сөзді таңады: «Біз отанымызды сүюіміз керек және халықтың бойынан табыла қоятын жаман қасиеттер арқылы түрлі ойындар ұйымдастырып отыруға тиіспіз. Оппозицияның маңдайына жазылғаны — осы». Осы мінездеме біздің оппозицияға сәйкес келе ме? Біздің оппозиция біздің тірлігіміздегі басты проблемалар арқылы ойын ұйымдастыруда табысқа жете ала ма? Ал келе жатқаны айтылып жүрген жаңа әлемдік дағдарыс пен біздің елімізге де келіп жеткен экстремизм енетін проблемалар бізде тіпті де аз емес…

— Бір есептен бұл мінездеме біздің оппозицияға да жат емес. Қалай болғанда да, мен өз архивімді ақтарыстырып, біздің оппозицияның лидерлері 2007 жылғы парламенттік сайлау кезінде, сол Тұяқбай 2005 жылы президенттікке үміткер болған шақта не айтқандарын қайта қарап шықтым. Баяғы бір әңгіме. Жоқ, мен бізде бәрі керемет, ешқандай кемшілігіміз жоқ деуден аулақпын. Елді жаңғырту барысындағы келеңсіз көріністер, өкінішке қарай, жетіп артылады. Дегенмен сайлауалды стратегияны көлеңкелі құбылыстарға ғана негіздеу — қазақстандық электораттың, яғни заңды құрметтейтін, толерантты һәм басым көпшілігі билікті қолдайтын электораттың психологиясынан хабары жоқтықтың көрінісі.

Енді экстремизм мәселесіне келсек, ол әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан пайда болады, ал дағдарыстың алғашқы толқыны, Үкімет бұл дағдарысқа қарсы кең масштабты және тиімді шаралар қолданғанына қарамастан, халықтың жоқ-жітіктеу тобын қатты састырды. Байлар мен бақуаттылар жұмсайтын шығындарын азайтты, ал халықтың тұрмысы нашарлай түскен кедейлеу топтары үрейге басты, ашынды. Ал экстремистер, әдетте, маргинал топтардың арасына ұя салуға ыңғайлы болатыны белгілі, бұлар, негізінен, әлеуметтік және жеке басының мүддесін қорғауға шамасы келмей жүрген жұмыссыз және білімсіз жастар. Бұлар басқаларға қарағанда ұлттық және діни экстремизмге бейімделуге оңтайлы тұрады. Саяси экстремизм мен терроризм — идеялар мен саясаттың мәмілеге келмейтін көзқарастарын ұстану мен сондай қимылдарға бару.

Қазір біздің кейбір оппоненттеріміз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстанда терроршылар пайда болғанына қуанып та жүрген сияқты. Яғни билік осыған жеткізіп тынды деп есептейді. Бұл да — кезекті күйе жағу мен өтірік сөз. Саяси экстремизмнен ешкім де сақтандырылмаған. Бұл экстремизм тіпті дамыған елдерден де табыла береді.

— Сіз «террорлық қимылдарға биліктің өзі оң батасын беріп отыр, халықты қорқытып-үркітіп, алдағы парламенттік сайлауда жеңіске жетуді билік осылай қамтамасыз етпекші» деген әңгімелерге қандай баға бересіз?

— Бұл да — Еуропада тығылып жүрген мемлекеттік қылмыскерлер лақтырып отырған кезекті жалған сөз, Біздің кейбір отандық қайраткерлеріміз де осы болжамды қағып ала қойыпты. Жауапкершілігін мойныма ала тұрып айтайын: бұған биліктің жоғары сатысындағылардың ешқайсысы да мүдделі емес, мұндай қылмысты авантюраға бару ешқашан талқыланған емес және қандай жағдайда да бұл әрекетке ешкім де бармайды. Бұл, әрі-беріден соң, биліктің өзіне тым қауіпті ғой. Қорқыныш кеулеп кетсе, электорат биліктің партиясына дауыс бере ме? Қисын қайда? Тіпті мұндай жағдайда олар бұл үрейден құтқаратын басқа партияның пайдасын ойламай ма? Одан арғысын айтайын, қазіргі қазақстандық жұрт — негізінен, білімді, сауатты, заңға бағынатын, былайша айтқанда, жан-жақты ойлай алатын халық. Олар жабайы өсекті нақты қауіптен ажырата алады, айталық, Қазақстанның Ливиядан немесе көршілес Қырғызстаннан айырмашылығын талдай біледі, салыстыра алады.

— Бәлкім, осы электоралдық науқанда билік пен оның партиясы бұдан бұрынғы төрт жыл бойы естімеген сынын еститін шығар. Айтар сөздер қатталып қалды ғой. Егер ұмытпасақ, электоралдық кезеңде оппозиция аса белсенділік көрсете алмады, ал үгіт науқаны басталысымен-ақ кім-кім де заңмен кепілдендірілген басылымдық көлемдер мен эфирлік уақыттарға ие болады. Сөйтсе де кінәлау басталып та кетті. Сіз билік пен оның партиясының өкілі ретінде қандай жауап қайтара аласыз? Мысалы, Болат Әбілов «Кеден одағы, Бірегей экономикалық кеңістік — егемендікті жоғалту, Ресей бізді жұтып қояды, ал мына сайлау — егемен Қазақстандағы соңғы сайлау, 2015 жылы бізді бірегей парламент, бірегей үкімет күтіп тұр» дегенді айтты, басқа да ауыр кінә тағулар жетіп жатыр…

— Болат Әбілев те, «Руханият» партиясы да, бідің басқа оппоненттеріміз де

қазіргі қоғамдық дамудың басты үрдісі жаһандану екенін түсінбейді, тіпті түсінгісі де келмейді. Жаһандану дегеніміз — әлемдік экономикалық, саяси және мәдени интеграция мен унификациялық процесс. Оның негізгі ұшығы — әлемдік еңбек бөлінісі, тұтас планета масштабындағы миграция, экономикалық және технологиялық процестер, сондай-ақ әртүрлі елдер мәдениеттерінің өзара ықпалдастығы мен өзара кірігуі. Шындығына келгенде, әлемдік рынокты ірі трансұлттық конгломераттар бөліп алып отыр — Америка, Азия (Қытай, Жапония, Корея, Сингапур), Үндістан мен Таяу Шығыс, Еуропалық одақ. Ал Ресей мен бұрынғы кеңестік мемлекеттер бәсекелестік күресте, онда да қуатты әрі тиімді Еуроазиялық одақ құрғанда ғана одан әрі тіршілік ете алады. Мұны сонау 1994 жылы бір ғана адам, сол кезде осы Еуроазиялық одақ құруға ұсыныс жасаған Нұрсұлтан Назарбаев қана түсіне алды.

Протекционизм (тамыр-таныстық, ағайындық — ред.) саясаты ешқайда және ешқашан қандай да бір ұлтқа игілік әкелген емес. Керісінше, протекционизм ылғи да ұлттың шегіншектеуіне соқтырды. Ал біздің таңдауымыз да көп емес: Кедендік одаққа кіру арқылы бәсекеге қабілетті болу, Ресей мен Беларусь рыноктарына белсенді түрде ену, өз индустриялық-инновациялық экономикамызды мығым қалыптастыру, қазақстандық тауарларды сыртқы рыноктарға шығару. Әйтпесе Болат Әбілев ұсынатын екінші жол бар — ұлттық ұядан шықпау, сөйтіп тарихтың тасасында жүре беру.

— Бәлкім, Әбілевтің «ұлтшылдығы» технологияны терең меңгерген «ақылды» адамдардың ұсынысымен енгізілген саяси тактика шығар? Ол «Руханияттың» партиялық тізіміне енген Мұхтар Шахановтың даусын «тартып ала» ала ма?

— Ақылды сұрақ. Менің қарағандылық және алматылық таныстарым (Әбілев екеуміздің ортақ таныстарымыз) менен «мына Болатқа не болған» деп сұрайды. Ол неліктен Ресеймен бірегей экономикалық кеңістікте болуға, интеграцияға, Кеден одағындағы еркін саудаға, тауарлардың емін-еркін көшіп жүруіне, капиталға және құрылған одақ шеңберіндегі адамдарға қарсылық білдіре береді? Ол Қазақстан Республикасы Конституциясынан орыс тілін алып тастауды неге қостайды? Жауап біреу-ақ: бұл — адам өзінің бағдарламалық ұстанымдарында мәмілеге келмейтін көзқарас ұстанғанда пайда болатын саяси экстремизм. Конъюктура мен популизмнің саяси түрдегі сөнуі. Айта кетейін, электоралдық есепті қарапайым түрде ғана шығаруға болады. Барлық «нұротандық» электорат «Нұр Отанға» дауыс береді (бұл, кем дегенде, 5 миллион сайлаушы). Рас, бізге қарсы үн қататын электорат та, оның ішінде ұлттық-патриоттық бағыттағы электорат та бар, бірақ олар басқаға емес, халыққа расымен-ақ жаны ашитын Мұхтар Шахановқа дауыс береді. Ал орыс тілді электоратқа келсек, олар қандай жағдайда да әйтеуір ЖСДП-ға дауыс бермейді. Сол себепті де Әбіловті ЖСДП тізіміне енгізу — өте үлкен тактикалық кемшілік. 15 қаңтардан соң саясаткерлер мен эксперттер оппозицияның стратегиялық қателіктерін жарыса айтатын болады.

— Мерзімінен бұрын сайлау болатыны туралы сіз бұрыннан-ақ айтқансыз, бірақ сіздің пікіріңізге қарсы дәлелдер де білдірілген. Дегенмен жағдай осылай болып отыр. Бірақ президенттік сайлау тәрізді бұл «мерзімінен бұрын» өткізілетін сайлаудың уақыты да кезекті сайлаудан тым қашық емес еді ғой. Мұндай вариантты ұсынған депутаттардың пікірлеріне жұрттың бәрі бас шұлғи қойған жоқ. Осы мерзімінен бұрын сайлау өткізудің қандай тактикалық негізі болды?

— Қазақстандықтардың басым көпшілігі тәрізді «Нұр Отан» партиясының жеңісіне анық сенетіндіктен мен мына жайды айтамын. Дағдарыстың екінші толқынының алдында жаңа үкімет және жаңа парламент бұрынғыша билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді, жаңа дағдарысты жеңіп шығудың, ел мен халықты қорғаудың барлық жолдарын қарастырады. Әрине, 15 қаңтар — табиғаттың ең суық шағы. Бірақ мен Отан тағдырына, алаңдайтындар, тұрақтылықты, ұлтаралық келісім мен бірлікті, әлемге белгілі саясаткер — Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізді одан әрі жаңғыртуды қолдайтындар сайлау учаскелеріне келетіндіктеріне сенімдімін.

— Болашақ үкіметтің құрамында министрлер мен әкімдер — «Нұр Отан» партиясының мүшелері ғана емес, Парламент Мәжілісіне сайланатын басқа да партиялардың мүшесі болатындығы туралы болжамға қандай пікір айтар едіңіз?

— Мен мұндай мүмкіндік жоққа саятыны туралы болжам айтуға мәжбүрмін. Себебі басқа партиялардың ешбір өкілі Президентке және еліміздің халқына жаңа үкіметте жұмыс жасай алатындығын көрсете алған жоқ. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші. Патриоттар партиясы тізімінде тұрған Ғани Қасымов пен Мэлс Елеусізов 3 сәуірдегі президент сайлауына қатысып, қазақстандық электораттың 3 пайыздан төмен ғана даусын жинағаны белгілі. Бұл партия жеті пайыздық белестен асып өте алмайды. Осындай себептермен, айта кетейін, экономиканың жетекші салаларын мемлекет меншігіне беруді талап ететін, сөйтіп халық шаруашылығын шым-шытырыққа айналдыруды ұсынатын Қазақстан Коммунистік халық партиясы да сүрінеді. «Руханият» ұлтшылдыққа иек артады, бірақ Шаханов пен Мәмбеталин Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабы ұлтаралық өшпенділікті оятуға тыйым салатынын ұмытпауы керек. Мен оларға үгітті ұқыпты жүргізуді және (парламентке ұнамайтын сөзді айтқаным үшін кешірім өтінемін) «сыпырғыштың» аңысын аңдуға кеңес беремін. Екінші орын үшін «Ақ жол» мен «Әділет» белсенді түрде бәсекелеседі. Егер мазмұн жағынан алатын болсақ, бұл партиялардың терең ойластырылған, сауатты, салмақты бағдарламалары және өз электоралдық жақтастары бар. «Ақ жолдың» 14 пайыздық әлеуметтік рейтингін көрсеткен жыл ортасындағы көрсеткіш сақталатын болса, бұл партиялардың парламентке өту мүмкіндіктері көптеу.

Қалай айтқанда да, басқа партиялардың да ойлануларына уақыт жеткілікті. Сайлауалды науқаны кезінде нақты  бағдарламалар жасақтап, тізімге сауатты, маман адамдарды енгізу керек. Ал жалпы алғанда, коалициялық үкімет жасақтау — әзір тіпті де бола қоймайтын шаруа…

 

Петр КАРАВАЕВ,

Астана.

(«Литер» газеті, 2011 жыл)

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button