Басты ұстаным — ашықтық пен адалдық
-
- Мемлекеттік қызмет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Парламент Мәжілісінің отырысында мемлекеттік қызметке орналасудағы кедергілерді жою, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына міндеттер қойған болатын.
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біршама жұмыс қолға алынып, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік грантпен оқу орындарын тәмамдаған үздік түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық әсіресе ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізетін болады.
Мұнымен қоса, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерім көрсеткен түлектер оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде өңірдегі жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалатын болады және «Б» корпусының жоғары лауазымдарына агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Сонымен қатар екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіліп, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда атқарып отырған лауазымынан босатылатын болады.
Мемлекеттік қызметті цифрландыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Былтыр «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту бойынша біршама жұмыс жүргізілді. Аталған жүйенің сыртқы порталы құрылды. Онда мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды.
Нақтырақ айтатын болсақ, «Е-қызмет» жүйесінде біршама ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізілді. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алуды автоматты түрде жүйе өзі жүргізетін болады, ең бастысы, конкурстық рәсімнің жаңа форматы, әңгімелесуді қоспағанда, үміткерлерге кез келген уақытта және кез келген жерден конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта осы жаңа іріктеу жүйесі пилоттық сынақтан өткізілетін болады. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 1 наурызынан бастап 5 мемлекеттік органда өтеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты да негізгі бағыттарымыздың бірі болып қала бермек. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында 34 тексеру шарасы жүргізіліп, 724 заңбұзушылық анықталды және оларды жою бойынша 69 ұсыныс енгізілді.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқықбұзушылықтарға жол беру фактілері жыл сайын азайып келеді. Мысалы, мемлекеттік органдардағы тәртіптік тәжірибені талдау тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметшілер санының, өткен жылмен салыстырғанда, 18 пайызға азайғандығын көрсетті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған мемлекеттік қызметшілер саны, 2021 жылмен салыстырғанда, 3 есеге азайғанын және Әдеп кодексі нормаларын бұзу фактілерінің де едәуір төмендегенін көруге болады.
Жалпы, тиісті деңгейде қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың оңтайлы іске асырылуы қызметшілерге тікелей байланысты. Осы орайда биыл Президенттік жастар кадр резервіне азаматтарды кезекті іріктеу өтетін болады. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған жастар кадрлық резервін қалыптастыру білімді де білікті жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталғанын айту керек және дарынды жастардың бұл жобаға деген қызығушылығы артып келеді.
Дегенмен осы уақытқа дейін кейбір мемлекеттік органдарға бірнеше резервшіден тағайындалған болса, кейбір мекемелерге резервші мүлдем тағайындалмаған. Осыған орай, резервшілердің салалық топтарын қайта қарастыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар өңірлік жастар кадр резервін құру жоспарланып отыр. Бұл іріктеуге 35 жастан аспайтын, жоғары білімді, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қатысатын болады. Бұл резервті өңірдегі жастарға «әлеуметтік лифт» деп түсінуіміз қажет. Қазіргі кезде өңірлік резервке қатысты түзетулерді заңға енгізу мәселелері пысықталып жатыр.
Жалпы, мемлекеттік қызметті өткеру мәселелеріне қатысты тағы да бірнеше маңызды нормалар қарастырылып жатыр. Мәселен, Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл қайтып келе алмайды.
Басқа өңірге ротация арқылы тағайындалған мемлекеттік қызметшіге үй жалдауға төлем енгізу күтілуде.
Мұнымен қоса, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны жүзеге асыру үшін уақытша келісімшарт бойынша қызметкерді жұмысқа алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады.
Қорытындылай келгенде, мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын таппақ және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін одан әрі арттыруға қатысты шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Талант МЕДЕТ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы.