Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Орталық азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі арта түседі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімінде қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер және Франция президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысуға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар келді. Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері енгізілген.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияның панельдік сессиясында «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйледі. Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани да пікірталасқа спикер ретінде қатысты. Іс-шараға америкалық дипломат, Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Натан Хаас модераторлық етті.
Іс-шара қызу пікірталас форматында өтті. Спикерлер модератордың сұрақтарына жауап беріп, Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ойларын ортаға салды.
Мемлекет басшысы өңірдің алатын орны туралы айта келе, Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі арта түсетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси басымдығы және еліміздің Ресеймен, Қытаймен, Еуроодақпен, АҚШ-пен, сондай-ақ, Ауғанстанмен өзара қарым-қатынастары туралы әңгімеледі.
Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі арнайы тақырып ретінде талқыланды. Мемлекет басшысы есірткі тасымалына қарсы күрес жөніндегі шараларға, Қазақстанның терроризмге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне, «Жусан», «Русафа» операцияларының қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға өзінің президенттігінің басымдықтары, еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Осы ретте Президент экономиканы әртараптандырудың, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударды. Сессияның соңында Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясы аясында Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдомен, Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен, Кувейттің премьер-министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен, Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Хосе Анхел Гурриамен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус және Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесулер өткізді.
Сондай-ақ, Мюнхенге сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы ірі компаниялардың басшыларымен, белгілі америкалық сарапшы, «Eurasia Group» зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен, «Siemens AG» компаниясы атқарушы директоры Джо Кэзермен кездесті.
akorda.kz сайты материалдарынан алынды.