Жетістіктерге жетелейтін жеті міндет
Елбасы Парламенттің алдында ел өмірін жақсартуға бағытталған басымдықтарды айқындап берді
1 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысты регламентке сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жүргізді. Ол алтыншы шақырылымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашып беру үшін сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес VI шақырылымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашық деп жариялаған Елбасы депутаттарды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтады.
— Сіздер жазда өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен жете таныстыңыздар. Халықты не толғандыратынын, қандай мәселелер бар екенін көзбен көріп, біліп келдіңіздер. Ол барша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қызметтеріңізге қажет. Кезек күттірмей қолға алынуға тиіс маңызды жұмыстар жеткілікті, — деп жалғастырды өз сөзін Мемлекет басшысы.
— Қос палатаның бірлескен отырысында басымдықтарды айқындап, бірден іске кірісуіміз керек. Стратегиялық нысана белгілі. 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылу — біздің айнымас межеміз. Осы жолда дәйекті саясат пен кешенді шаралар жүргізіп, мақсатты түрде алға басып келеміз.
Мен Бес әлеуметтік бастамамды жария еттім. Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеп, оны жүзеге асыруға қажетті барлық заңнамалық алғышарттарды жасады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер беріле бастады.
Қосымша 20 мың білім гранты бөлінді.
70 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық аяқталды.
Жаңа жылдан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есе азаяды.
Жеке іс бастауға берілетін шағын несиелер көлемі 62 миллиард теңгеге көбейді.
«Сарыарқа» газ құбырының құрылысына дайындық жұмыстары аяқталып қалды.
Осылайша, мен жариялаған әлеуметтік жаңғыруды іске асырудың негізі қаланды, — деді Елбасы.
— Депутаттық каникул кезінде сіздер өңірлерде болып, тұрғындарды толғантқан практикалық мәселелермен тереңірек таныстыңыздар.
Алтыншы шақырылымдағы депутаттық корпус жоғары кәсібилік және Үкіметпен өзара үйлесімді іс-қимыл танытты.
Үшінші сессиясының қорытындысы бойынша Парламент талқылауларға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан 87 заң қабылдады.
Осы жылдар бедерінде дәйекті реформалар жолымен біз биліктің барлық тармақтарының өзара іс-қимылын теңдестіре отырып, мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыра түсудеміз.
Экономика мен қоғамды тиімді жаңғырту үшін жағдайлар жасалуда.
Өткен жылдан біз экономиканың әлемдік орта өсу қарқынынан асып түсе бастадық. ІЖӨ өсімі 4 процентті құрайды, инфляция 5,9 процентке дейін төмендеді, инвестициялар 24 процентке өсті.
Экономикалық өсімнің қозғаушы күші шикізаттық емес сектор — өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету саласы болды.
Осындай жағдайларда мен жариялаған Бес әлеуметтік бастаманы сапалы жүзеге асыру маңызды.
Қысқа мерзімде Парламент пен Үкімет тарапынан қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қалыптастырылды. Бұл 6 миллион қазақстандықтың өмір жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Осылайша ел өсіп-өркендеуінің шешуші шарты болып табылатын біздің азаматтарымыздың бірлігі нығая түседі, — деп атап өтті Президент.
Елбасы әрі қарайғы ілгерінді әлеуметтік-экономикалық даму үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажеттігіне тоқталды:
— Бірінші. Маңызды мәселелердің бірі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту болып табылады. Табыстарынан ешқандай аударым жасамайтын және соған сәйкес зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған халықтың бір бөлігі бар. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді оңайлату үшін біртұтас жиынтық төлем енгізу ұсынылып отыр. Оны төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендерге медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысуға мүмкіндік береді.
Осы өзгерістерді үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдау талап етіледі. Бұл — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшіп отырған жағдайда аса көкейкесті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерімен қатар, жаңа кепілді медициналық көмек моделін енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін, медицина ұйымдарында корпоративтік басқару жүйелерін жетілдіру және т.б. қарастырылған заң жобасы жасалды.
Ол қазір Парламентте жатыр. Оны қарауды созбауды өтінемін.
Екінші. Тұрғын үй қатынасы саласы әрбір адамның тікелей мүддесін қозғайды. Құрылыс қарқынды дамып жатқан тұста ТКШ-да шешілмеген мәселелер бар. Бұл азаматтар тарапынан наразылық тудыруда.
Қызмет көрсетуші компаниялар мен тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз ету, олардың қаржыны қайда жұмсап жатқандарын бақылау талап етіледі. Жалпы үй шаруашылығын басқарудың түсінікті де тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет осы жылы Парламентке енгізетін тиісті заң жобасы жасалды.
Үшінші. Табиғи монополия саласында инфрақұрылымдарды жаңарту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша міндеттер тұр.
Парламентте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы бар. Ол монополистердің өз қызметтерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруын, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуын ынталандыруға бағытталған.
Төртінші. Қуатты экономиканың негізі — бұл, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес. Оның экономикадағы үлесін 2050 жылға қарай 50 процентке жеткізу — стратегиялық мақсат.
Бүгінде бұл сегментте 1 миллионнан астам субъект жұмыс істейді және елдің белсенді халқының 30 проценттен астамы қамтылған. Болашақта шағын және орта бизнес экономикада басты жұмыс беруші болуы тиіс.
Үстіміздегі жылдың мамырында мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша кең ауқымды түзетулер дестесіне жария түрде қол қойдым.
Алға ілгерілей беру қажет.
Бизнес ортаны әрі қарай дамыту үшін Үкімет тарапынан заңнамалық өзгерістердің жаңа дестесі енгізілетін болады.
Кәсіпкерлікті дамытуға туризм саласы үлкен серпін қоса алар еді. Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жасау тапсырылды. Ол қаржылай және қажетті заңнамалық базамен бекітілуі тиіс.
Туристік қызмет мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістерді үстіміздегі жылдың соңына дейін қарастыру қажет.
Бұған қоса, Парламентте мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша маңызды заң жобасы жатыр. Ол сатып алулар үдерістерін оңайлатуға, екінші жағынан — олардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасын қабылдау жемқорлық тәуекелдерді төмендетіп, қаржыны басым міндеттерді жүзеге асыру үшін босатуға және бизнес ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Парламентке сондай-ақ қылмыстық заңнаманы экономикалық қызмет саласында әрі қарай ізгілендіру мәселесін қарастыру қажет. Бұл арада ынталандыру мен жазалау арасындағы тиімді тепе-теңдікті табу маңызды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнама тұрақты болуы тиіс, оның үстіне, құқықбұзушылық сипатына жауапкершіліктің сай келушілік принцпін бұлжытпай сақтау қажет. Үкімет осы жылы аталған міндеттерді шешуге бағытталған заң жобасын енгізетін болады.
Бесінші. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру талап етіледі. Бұлар сақтандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, кредиттік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты.
Заңнамалық түзетулердің тиісті дестесі Парламентте жатыр. Оны үстіміздегі жылдың соңына дейін қарастыруды өтінемін.
Алтыншы. Біз қоғамдық сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастырамыз. Оның аса маңызды міндеттерінің бірі тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен танытуды қамтамасыз ету болып табылады.
Осы орайда айтарым, тиісті заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Оны қабылдау озық әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи және киелі нысандарды тиімді дамыту мен қорғауға ықпал ететін болады.
Жетінші. Үстіміздегі жылдың маусымында Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, Түркістан облысы құрылды. Киелі Түркістан қаласында жаңа облыс орталығын құру өзін-өзі басқаратын жеке әкімшілік орталық ретінде өлкенің тарихи маңызын қайта жаңғыртудың символы болып табылады.
Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды. Ол — еліміздегі ең киелі жерлердің бірі.
Тарлан тарихымызда талай тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихына мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан.
Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүстік өңірдің дамуы жаңа облыс орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты.
Сонымен бірге республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкенттің тыныс-тіршілігі де назарда болуға тиіс.
Таяу уақытта Парламенттің қарауына қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заң жобалары енгізілетін болады. Олар жедел қарастырылып, қабылдауды талап етеді.
Құрметті депутаттар!
Бүгін мен атап өткен жұмыстардың барлығының түпкі межесі — елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әрі қарай дами түсу. Осы мақсатқа жетуіміз экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани бірлігіміздің мызғымауына тікелей байланысты.
Бұл орайда халық қалаулыларына да зор жауапкершілік жүктеледі. Елдің үдесінен шығып, Қазақстанды тұрақты және қарқынды дамыту жолында жемісті жұмыс істеңіздер, — деп түйіндеді Елбасы депутаттарға арнаған сөзін.
Соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарды кезекті парламенттік сессияның ашылуымен тағы да құттықтап, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасына Парламенттің төртінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Сондай-ақ Парламенттің алдына қойған барлық міндеттерді екі палата депутаттары абыроймен атқаратынына сендірді.
Бірлескен отырысқа еліміздің Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
«Егемен Қазақстан»
3 қыркүйек 2018 жыл.