Мереке

Мереке күнгі марапат

Елімізде 2019 жылдан бері 10 қазан Кәсіподақтар күні ретінде бекітілген болатын. Атаулы күні өңірімізде кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет еткен азаматтар марапатталды.

Салтанатты іс-шарада облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Қоғамдық дамудың қазіргі заманауи кезеңіндегі кәсіподақтардың басты міндеті — еңбек идеологиясын, әділеттілікті, ынтымақтастықты, жұмысшы адамның қадір-қасиетін насихаттау.Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған«Кәсіподақ әділдік пен дамуға бірлікте» атты стратегиясына сәйкес өзекті мәселелердің бірі — кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру.Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы әдістерінің бірі — ұжымдық шарттар жасасу. Өңірде ұжымдық шарттармен кәсіпорындардың 64 пайызы қамтылды. Кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін жерлерде қамту — 100 пайыз. Жыл басынан бері кәсіподақ орталығы арқылы 168 жаңа ұжымдық шарттың мониторингі өтті, олардың барлығы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес келтірілді.Ұжымдық шарт — кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың негізгі тетігі, — деді.

Оның айтуынша, биыл атқарушы орган, кәсіподақ және жұмыс берушілер арасында 5455 үшжақты меморандумға қол қойылды, бұл — жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 51 пайызы. Аталған шара жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берді, 100-ге жуық кәсіпорын 50 мыңнан астам қызметкердің жалақысын орта есеппен 10-15 пайызға арттырды.

Келер жылы Қазақстанның кәсіподақ қозғалысына — 120 жыл, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толады. Бүгінгі қарқынды өзгерістер дәуірінде біз еңбек қатынастарының барлық қатысушылары арасындағы сенімнің, ынтымақтастықтың және өзара түсіністіктің бұрынғыдан да маңызды екендігін түсінеміз. Тек күш біріктіру арқылы кез келген қиындықты жеңе аламыз және әр қызметкер үшін лайықты жағдайды қамтамасыз ете аламыз.Біздің алдымызда әлеуметтік әріптестік бойынша салалық және өңірлік келісімдерді жетілдіру, облыстық үшжақты комиссия қызметін жандандыру, 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру міндеттері тұр, — деді  Алтынбек Әмірғалиев.

Салтанатты іс-шарада орталық төрағасының қолынан 56 жыл кәсіподақ мүшесі болған ардагер журналист Жақсылық Айжанов Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталса, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы, бастауыш кәсіподақ төрағасы Мырзабай Кенбаевтың кеудесіне «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалі тағылды. Сондай-ақ бірқатар азамат «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін», «Еңбек озаты» медальдарымен, федерацияның Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button