Мереке

Ертегідей жаңа жыл

Қала

Жекпе-жек сарайында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Ақтөбе қаласы әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті. Спорт сарайы бейнебір ертегі әлеміндей ерекше безендіріліпті.
Мерекелік іс-шараға барлығы 400 бала қатысты. Жаңажылдық кеште балалар әдемі безендірілген  шырша жанында көңілді ән айтып, қызықты ойындар ойнады. Сондай-ақ оқушылар қазіргі мультфильмдердің кейіпкерлерімен бірге би билеп, ән айтты. Аяз ата мен Ақшақардың тілектерін тыңдады. Балалар бір-бірінің қолын ұстап, шыршаны айналып ән салды. Осылайша олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерін көрсетті.

Іс-шарада Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет балаларды Жаңа жылмен құттықтады.

Қайырлы күн, қымбатты балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл — жаңа мүмкіндіктер мен жаңа бастамалардың уақыты, ол әрқайсысымызға жаңа арман мен мақсаттар алып келеді. Бұл мереке барша халқымызға бақыт, денсаулық, ырыс және бақ берсін!

Біз барлық балалар асыға күтетін мерекесі  — Жаңа жыл қарсаңында осындай әдемі ғимаратта жиналып отырмыз. Шырша мерекесіне бүгін 400 бала келді.

Қымбатты балалар, сіздердің араларыңызда озат оқушылар, өнерлі балалар көп. Сіздерге біздің бейбіт елімізде білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан мектепте жақсы оқып, болашақта үздік маман иесі атануларыңыз керек.

Әрқайсысыңыздың армандарыңыз орындалып, Жаңа жылға жаңа жетістіктер мен қуаныштармен аяқ басыңыздар! — деді қала әкімі.

Азамат Бекет балалармен бірге шырша шамын жақты. Бұдан кейін балақайлар қала әкімінің қолынан мерекелі сыйлық алып,естелік суретке түсті.

Сазды орта мектебінен келген Дария Естай бұндай іс-шараға бірінші рет қатысып тұр екен.

— Жаңажылдық кеш ерекше ұнап жатыр. Бұндай кешке бірінші рет қатысып тұрмын. Маған ертегі кейіпкерлерімен бірге билеу өте қызық болды. Мен өте қуаныштымын, — деді Дария.

Кеш соңында балақайлар Аяз ата және Ақшақармен  бірге суретке түсті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button