Мереке

Жарқын мереке

Президент шыршасы

Ақтөбедегі Жекпе-жек сарайында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Президент шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балалары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда және спортта жетістіктерге жеткен оқушылар қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін мерекелік іс-шара театрландырылған қойылыммен басталды. Ерекше безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегілер мен мультфильмдердің кейіпкерлерімен, Аяз Ата, Ақшақармен кездесті. Сиқырлы атмосфера мен жаңажылдық декорациялар қатысушыларға ұмытылмас сәттер сыйлады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров балаларды төрімізге озғалы отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Құрметті, жас достар!  Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке — Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Сендерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шырша естеріңде қалатын ерекше кеш болады деген сенімдемін. Сендерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыңдар деп сенемін.

Білім мен еңбек сендерді биік белестерге бастайды. Болашақта ата-ана, ұстаз еңбегін ақтап, халық мақтанышына айналатын саналы ұрпақ, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Отанымыздың мақтан тұтар азаматы болыңдар, – деді ол.

Мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылар түрлі байқаулар, әуезді әндер және көңілді билерімен қызықты ойын-сауық бағдарламасын өткізді. Балалар ойындарға белсенді қатысып, мереке туралы өз әсерлерімен қуана бөлісті.

— Президент шыршасына  бірінші рет қатысып отырмын. Қалалық физика-математика мектебінің оқушысымын. Мектепте қоғамдық іс-шараларға белсене араласамын. Облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерімін. Кеш өте жақсы өтті. Аяз ата, Ақшақар, Алдар көсе және басқа да ертегі кейіпкерлерімен билеп, көңілді кешті бірге өткіздік. Мемлекет басшысының атынан сыйлық алдық. Бұл күнді ұмытпаймын, — деді Абай Баймұратов.

Айта кетейік, Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы 180 бала қатысты. Оларға Президенттің құттықтау хаты, энциклопедия, тәтті сыйлықтармен қоса, 120 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Мерекелік шыршаға қатысушыларды іріктеуге қатаң талап қойылған. Президент шыршасына бір рет қатысқан оқушы екінші рет қатыса алмайды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button