Мереке күнгі марапат
Ұлттық валютамыз — Теңге күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде өңірдің қаржы саласы қызметкерлері марапатталды.
Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен қазынашылық департаменті бірлесе өткізген жиында мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан құттықтады.
— Ең алғаш теңге енгізілген сәт әлі көз алдымда. Ұлтымыздың Сүйінбай, Абай, Шоқан секілді ұлылары бейнеленген теңгемізді көрген кезде қандай әдемі валюта деп сүйсінгенім есімде қалды. Бүгінде төл теңгеміздің атаулы күнінде еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлері де кәсіби мерекесін атап өтеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді Жолдас Батырхан.
Жиын барысында қаржы саласының бір топ маманы марапатталды. Солардың бірі — «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қият Жұмабаев. Ол аудитор қараған әр актінің артында, жауапкершілік, адамның тағдыры тұратынын атап өтіп, сала қызметкерлерінің еңбегіне леп, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғысын айтып, әріптестерін мерекесімен құттықтады. Тағы төрт қызметкер ел экономикасының дамуына, тәуелсіздігімізді нығайтуға және Ақтөбе өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен игі қызметі үшін облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов әріптестерін құттықтап, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Анар Ерғалиеваға Жоғары аудиторлық палатаның «Қаржы сақшысы» медалін табыстады. Тағы бір топ маман Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады.
***
Қаржыгерлер күні қарсаңында еңбекте жетістікке жеткен облыстағы банк саласының мамандарына да құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов мереке иелерін құттықтап, қаржы саласында атқарған қызметтері үшін алғыс білдірді.
— Айтулы мереке күні сіздерге қаржылық тұрақтылық, өсу, кәсіби жетістік тілейміз. Алдағы жұмыстарыңыз еліміздің экономикасын дамыту мен нығайтуға және қаржылық әлеуетін көтеруге бағыттала берсін, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.