Байырғы кәсіптің бүгіні мен келешегі
Конференция
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу кәсібі: тарихи тәжірибе, қазіргі күйі және даму перспективасы» атты І республикалық ғылыми-конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 20-дан аса қатысушы келген. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова конференцияға қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Қолөнер шеберлерінің тері илеу кәсібіндегі тәжірибелерімен танысуға келгентарихшылар мен этногрофтар, өлкетанушылар мен мәдениеттанушылардың қатары көп.
— Бұл — қазақтың дәстүрлі қолөнерін сақтау, дамыту және қазіргі кезеңдегі жай-күйіне қатысты шебер-мамандардың тәжірибелерін ғылыми-теориялық жағынан талқылауға арналған облысымыздағы алғашқы бастама. Қолөнер кәсібі аясындағы өзекті проблемаларды шешуге бағытталған ұсыныс-пікірлерін ортаға салуға жиналған барша қатысушыға сәттілік тілеймін, — деді Алтынай Юнисова.
Дәстүрлі тері өңдеу кәсібінің қайнаркөзін неғұрлым терең зерттеп, оның тарихи негіздерін жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына атакәсіптің құндылықтары мен ерекшелігін тәжірбиелер негізінде жеткізуге бағытталған конференция екі күнге жоспарланған.
— Мақсат — республика көлеміндегі қолөнер шеберлерінің тері илеу кәсібіндегі тәжірибелерімен танысып, олардың атакәсібімізді дамытудағы қол жеткен табыстарын насихаттау.Алғашқы күні шеберлердің жасаған бұйымдары таныстырылып, соған сәйкес ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен қатар «Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу өнері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ғылыми конференцияның қорытынды бөлімі Темір ауданы Шұбарқұдық елдімекенінде шебер Нұрлан Жақыбайдың шеберлік сағатымен аяқталды, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің әдістемелік ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан.
Кітаптың авторлары — қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, өнертанушы ғалымдар Дәулет Шоқпаров, Әйгерім Еспенова, Данияр Байдаралының тері өңдеудің эволюциясы, тарихы мен тәжірибесі, бүгінгі таңдағы нақты қолданысы жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарының жинақтарынан жасақталған. Ұлттық құндылықты сары майдай сақтап, қолөнер дәстүрін атадан балаға насихаттап, дәстүрлі ұрпақ сабақтастығын үзбей келе жатқан,Қазақстан Суретшілер Одағының, дизайнерлер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі
Дәулет Шоқпаров республикалық конференцияға өзінің шәкірті мен ізін жалғаған баласын да ала келген.
—Бұл кітап халықтың қолданбалы өнердегі ірі саласының бірі тері өңдеу өнеріне арналған. Сонау көне заманнан бері Алтай мен Атырау арасын мекен еткен халқымыздың, бірінен кейін бірі алмасып отырған дала өркениеттері тері өңдеудің эволюциясын қалай жалғастырғаны туралы мол мағлұмат жинақталған. Сонымен қатар кітаптан жаңашыл әдіспен тері өңдеу туралы да білуге болады.
Біз Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылынан келдік. Ақши ауылында ұста Дәркембай атындағы республикалық қолөнер музейінің директоры қызметін атқарамын. Әкеміз де қолөнер шебері болған кісі. Осы музей жанынан шеберхана да ашылған болатын. Ол жақта өзіміздің шәкірттеріміз жұмыс істейді. Құндылықтар қоймасына алыс-жақын шетелден келушілер де көп. Бұл атадан балаға аманат ретінде берілген кәсіп болғандықтан, жауапкершілікпен қарап, музей қорындағы жәдігерлерді көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. Осы көрме-конференцияға өзімнің шәкіртім, Мәдениет саласының үздігі Ринат Мүлікбаев пен ұлым Әнуар Дәркембайды алып келдім. Олар өзінің қолынан шыққан туындыларын ала келді. Көлеміне қарай торсық түрлері, ат әбзелдері және ұмыт қалған, кезінде көшпелі халық тұрмысына қажет болған «кесе қап» деген бұйымды да жаңа үлгіде өзгерістер енгізіп алып келді. Ыдыстардың сынбай сақталуы үшін жасалған көне бұйымды заманауи этностильде қолдануға әбден болады, — дейді Дәулет Дәркембайұлы.
Шеберлердің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Бәрі тері бұйымы болғанымен, бірінен-бірі асқан, сан бояулы, әшекей тастармен өрнектеліп, түрлі тігіспен көмкерілген. Мәселен, қобдалық шебер Тіршілік Аятхан көрмеге билер мен батырлардың бейнесіндегі торсықтармен келіпті. 32 жыл бойы И.Тайманов атындағы гимназияда көркем еңбек пәнінен ұстаздық етіп келе жатқан ол тері бұйымдарын жасауды бала күнінен меңгерген.
— Ұмыт қалған дәстүрді жалғап жүргеніме 30 жылдан асты. Үйіме қонақ болып келген, сыйлы адамдарға кәдесый етіп табыстаймын. Арасында сұраныс бойынша тапсырыс қабылдаймын. Көбіне өзіміз де ауылдық жерде тұрғандықтан, далалықта жүрген малымызды қарау үшін атпен жол жүретініміз бар. Торсық сондай кезде ас-суыңды құйып алуға таптырмайтын дүние. Қазір жасалатын ыдыстардан бөлінетін химиялық заттар көп қой. Ал теріден жасалған ыдыс өте пайдалы, әрі зиян емес. Тері бұйымын жасау барысындағы ескеретін маңызды қадам — теріні құрғатып алмай, майлап отыру. Әрине, оған тек малдың майы ғана жарайды. Күнделікті қолданыстағы күнбағыс майы тәрізді май түрлерін қолдануға болмайды, —деген шебер өзінің тәжірибесімен де бөлісе кетті. Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген Нұржан Есхожин теріден ұрмалы аспап түрлерін жасайды екен.
— Глубокое ауданы Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің көркем еңбек пәнінің ұстазымын. Ұсталықпен де айналысамын. Темірден, ағаштан, мал сүйектерінен де түрлі бұйымдар, музыкалық аспаптар жасаймын. Осы ғылыми конференцияға тәжірибемді бөлісуге арнайы шақырту алдым. Бұл көрмеге ешкінің шикі терісінен жасалған ұрмалы аспаптың түрі — даңғыра мен шыңдауылды алып келдім. Терінің үстіне салған суретті де өзім жасадым. Жалпы теріден жасалатын ұрмалы аспап ішкі-сыртқы ортаның ауасына байланысты ылғалды тез сіңіріп алады. Сондықтан ұрмалы аспапты қолданар алдында күннің көзіне қойып алған дұрыс. Сонда дауысы таза, құбылмай шығады, — дейді ұстаз-ұста. Ол қолына ұстаған даңғарасын жол бойы жасап келіпті. Тәжірибесін көрсетуге келген шебер көрмеге қатысушыларға сол жерде жасалу жолын да көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.