Облыстың үздік педагогтері марапатталды
Облыс әкімі Асхат Шахаров мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы мұғалімдерге қажырлы еңбектері, шыдамдылықтары және өскелең ұрпақтың дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс айтты.
Асхат Шахаров сонымен қатар білім беру ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, олардың көпжылдық тәжірибесі мен өнегесі жас мұғалімдерге шабыт беретінін, көпке үлгі екенін атап өтті.
Әкім еңбегі еленген ұстаздарды Ы.Алтынсарин, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген білім қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапаттады. Бірқатар мұғалім облыс әкімінің Алғыс хаты және сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ салтанатты марапаттау рәсімінде жыл сайын өтетін байқауда жеңіске жеткен мұғалімдерге құрмет көрсетілді. Оларға «Ақтөбе облысының үздік мұғалімі» және «Ақтөбе облысының еңбек сіңірген мұғалімі» атақтары берілді.
Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара Өнер орталығында «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Оған облыстың білім саласының ардагерлері мен ұстаздары шақырылды.
Мерекеде камералық оркестр концерт залының фойесінде өнер көрсетіп, іс-шараға келгендерді шаттыққа бөлеп, ерекше көңіл күй сыйлады.
Сахна төрінде өңір басшысы ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі педагогтердің еңбегі зор екенін атап өтті.
М.ТАБЫН.