Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
Ардақты әлеумет!
Қадірлі жерлестер!
Ынтымағымыз бен игілігіміздің бастауы болған құтты Тәуелсіздігімізге бүгін 33 жыл толды. Бұл – теңдесі жоқ тарихи күн. Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұланасыр той!
Егемендік бізге еркінсу үшін берілген жоқ. Еңсе тіктеген елдігімізді табандап қорғау – санасында сәулесі бар, кеудесінде жұртым деген жұмыр жүрегі бар әр азаматтың міндеті.
Біз егемендіктің мәңгілік үштағаны – байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және бойтұмардай береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз тиіс.
Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы үш он жылдығында күрделі жолдың күрмеуін шеше білді. Даму жолында батыл қадамдар жасалды. Тұрақты әрі, қуатты Қазақстанның негізі қаланды.
Ұлттық мүдде ұранмен ғана шешілмейді. Басалқы сөзге тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген жұртпыз. Сондықтан ел бірлігі – тәуелсіздік тірегі екенін ұмытпауымыз қажет.
Ардақты ақтөбеліктер, ұрпағымыз азаттықтың қадірін біліп өссін! Туымыз көгімізде мәңгі желбіресін! Ұзағынан сүйіндірсін!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi