Мәдениет

Концерттер өзек болған кітап

Тұсаукесер

Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы Достық үйінде ҚР Театр қайраткерлері және ҚР Журналистер одақтарының мүшесі Нұрлыбек Жұбатқанның «Қатираның құрт зауыты» деп аталатын сатиралық кітабының тұсаукесері өтті.

Түрлі қоғамдық құрылыстар мен қилы мінезді адамдар аман тұрғанда сын садағына ілігерлік оқиғалар да, сықақ болуға лайық кейіпкерлер де жоғалып кетпейтіні белгілі. Қайта сатира жаңаша тон киеді, кейіпкерлердің тілі жаңа заманға лайық су жаңа терминдермен байи түседі.

Оның үстіне автор кітабының алғашқы бетіне «Бұл сатиралық шығармалар жинағымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық ұлы мерекесіне арнаймын. Еліміздің еңсесі биік, мәртебесі жоғары болсын» деп жазған екен.

Міне, осындай себептермен аталмыш жинақтың тұсаукесері еліміздің үлкен тойының қарсаңында өткізілді.

Жылап отырып айтуға лайық фактілер мен келеңсіз оқиғаларды ащы күлкі арқылы жеткізуді мақсат тұтқан жинақ туралы әуелгі сөзді белгілі сатирик жазушы Төрежан Мәндібай айтты. Ол қаламдас інісіне шын жүректен шыққан тілегін білдіре отырып, қазіргі қазақ әдебиетінде қай кездегідей де сатириктер аса көп еместігін, Нұрлыбектің осы топқа қосылуы қуанышты мысал екенін айтты.

Бұдан соң сахна төріне басқа да тілек қосушылар шықты. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова, ҚР Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының хатшысы Арыстан Аймағамбетов, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, Ақтөбе қаласындағы №34 қазақ орта мектебінің директоры Аманжол Қорғанбаев, әнші, композитор Қанат Айтбаевтар кеш иесіне ыстық лебіздерін жеткізді, сатиралық жинақтың көкейкестілігі туралы сөз қозғады. Тұсаукесерде сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Амантай Өтегенов жолдаған Құттықтау хат оқылды.

Кітап «Сатиралық әңгімелер», «Интермедиялар» және «Балаларға арналған қойылым» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Сахнада орындауға лайықталып жазылған, әрі бұған дейін де сол сахна арқылы көпшілікке әбден таныс болған дүниелерді оқырман қауым тағы да қызыға оқып шығатыны даусыз.

Расында да жинақтағы шығармалардың «Барсакелместегі базар», «Мал базардағы мәдениет», «Кімнің бұқасы күшті», «Сыйсыз сыйлық», «Тоқырауға ұшыраған той» деп келетін атауларының өзі-ақ оқырманды еріксіз тартып тұрады. Сөз алғандар автордың осындай көптеген туындыларынан кемшіліктерді көргіштігі мен сол көргендерін әзіл-оспақ объектісіне айналдырудағы шеберлігі шын байқалып тұратынын әңгіме өзегі етті.

Осындай ақжарқын шақ үстінде кітап авторы және республикамызға танымал «Екі езу» театрының басшысы Нұрлыбек Жұбатқанға ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қол қойған «Мәдениет қайраткері» куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды. Бұл да адал еңбектің бағаланғандығы еді.

Бұрынғы концерттерін былай қойғанда, «Екі езу» биылдың өзінде Қазақстанды шарлап біраз жортты. Астана мен Алматыға, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына барды. Және бұл сапарларын еліміздің 20 жылдық тойына орайластырып, Ақтөбеден әр айдың 20-сы күні аттанып отырды, сондай-ақ әр облысқа 20 концерттен қойды.

Нұрлыбек Жұбатқанның бұрын жарық көрген «Ауылдағы айтқыштар» жинағынан соң басылып шыққан бұл екінші кітабының тұсаукесері, міне, осындай да қосымша көрікті қызметтермен нұрланып тұрды.

А.АСАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button