Жаңалықтар

Сұлулық пен ізгілік

Гүлдер фестивалі

Өткен сенбі күні Абай скверінде «Гүлдер әлемі» атты қалалық гүлдер фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шараға 95 ұжым өз жұмыстарын ұсынып, 8 номинация бойынша сынға түсті. 

Гүлдерден жасалған бұйымдарды тамашалауға келген тұрғындарды қала әкімі Азамат Бекет құттықтап, гүл өсірушілердің еңбегімен танысты.

Бұл фестивальді болашақта кең көлемде өткізіп, Ақтөбенің дәстүрлі түрде өтетін айшықты іс-шараларының біріне айналдыруымыз керек. «Гүлдер әлеміне» қызығушылық танытушылар көбейіп жатыр. Аталған фестиваль балаларды табиғатты аялауға тәрбиелейді. Барлық қатысушыға алғыс білдіремін,  — деді қала әкімі.

Гүлдер фестиваліне мектеп, балабақша ұжымдары, гүл өсіруші бағбандар қатысты. Хош иісті табиғи гүлдер де, тұрмыстық қалдықтардан жасалған гүлдер де көздің жауын алады.

Гүлдер фестиваліне жыл сайын қатысамыз. Биыл 4 номинация бойынша

инсталляциялық көрме жасақтап, ертегілер әлеміне саяхат ұйымдастырдық. №35 «Балбұлақ» балабақшасының ата-аналары мен тәрбиешілері гүлдер бағының әсем безендірілуіне өз үлестерін қосты. Тіпті бірі гүл шоқтарын жасаса, бірі балаларын гүл бейнесінде киіндіріпті. Гүл бейнесінде киінген Тұрсын және Ханшайым сынды балабақша тәрбиеленушілерімен естелік суретке түсушілер көп болды. Балаларды әсемдікке баулитын іс-шаралардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс, — дейді №35 «Балбұлақ» балабақшасының тәрбиешісі Зухра Ещмағанбетова.

Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы мектеп ауласында гүл өсіріп, қарағай ағашын күтіп-баптап отыр. Олар гүлдер фестиваліне өз бақшасынан шыққан өнімдерін ұсынды.

Бұл фестиваль жастарды еңбекқорлыққа баулиды. Өткен жылы гүлдер фестивалінде жеңімпаз атанып, ұтқан қаражатымызға 800 түп қарағай ағашын сатып алған болатынбыз. Оның 10-ны мектеп ауласына егілді. Бүгінде  мектебіміздің айналасына көрік беріп, жайқалып өсіп тұр. Одан бөлек 40 шаршы метр жерге көкөніс өнімдерін ектік. Осы фестивальге мектебіміздің бақшасынан шыққан сәбіз, картоп, баялды, асқабақ, тәтті бұрыш секілді көкөніс өнімдерінен жасалған инсталляциялық көрме жасақтадық. Ұжымдық жұмысқа мектебіміздің 130-ға жуық қызметкері, технология пәнінің мұғалімдері, ата-аналар жұмылдырылды. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі, — дейді мектеп директоры Дауылбек Құдайбергенов.

Сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушыларының қолынан шыққан «Ыстық ұя», «Муза» секілді туындылары көпшіліктің көңілінен шықты.

Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының ұжымы да фестивальге ерекше дайындықпен келген.

«Сиқырлы себет» атты гүл шоғынан әзірленген көрмені безендіруге бөлме гүлдерін пайдаландық. Әсіресе канна гүлі ашық күн астында жақсы өсетіндіктен, мектебіміздің ауласында раушан гүлімен қатар, канна гүлін ектік. Бүгінде мектеп бақшасында 250-ге жуық ағаш, алма бағы және шырша өсіп тұр. Ақ, қызыл, күлгін түсті канна гүлін мектебіміздің ботаник мамандары үш түрлі әдіспен егеді. Оны тәжірибе жүзінде мектеп оқушыларына да үйретеді, — дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлу Дәулетова.

Гүлдер фестивалі барысында әндер айтылып, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.

Нәтижесінде «Ақтөбеде жасалған» номинациясы бойынша  «Симоненко» шаруа қожалығы, «Керемет көшет» номинациясы бойынша Галина Ташенова, «Үздік бөлме гүлі» номинациясы бойынша Зәуре Жақыповалар үздіктер қатарынан көрініп, 1-орын иегері атанды. Сондай-ақ «Үздік гүл инсталляциясы» номинациясы бойынша «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық үйі, «Үздік букет», номинациясы бойынша «Жеті аю-2» балабақшасы, «Қаланың мектепке дейінгі ұйымдардың ұжымдық жұмысы» номинациясы бойынша №7 «Арман» бөбекжай-балабақшасы, «Қала мектептерінің үздік ұжымдық жұмысы» номинациясы бойынша Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектебі, «Қаладағы ең үздік колледж жұмысы» номинациясы бойынша Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі жеңімпаз атанып, Алғыс хаттармен марапатталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button