Референдум

Ануар бірінші болып дауыс берді

Ақтөбелік блогер, «Asar-ume» қайырымдылық қорының Ақтөбе қаласындағы модераторы Ануар Сандыбаев референдумда алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.
Ол Ақтөбе қаласындағы «Сазды» мәдениет үйінде орналасқан №90 учаскеде дауыс берді.
— Мұндай саяси науқанға қатысу — азаматтық парызым. Алғашқылардың бірі болып өз таңдауымды жасадым, — дейді Ануар Сандыбаев.
№90 учаске төрағасы Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, бұл учаскеге 1900 адам тіркелген. Оның 8-і — денсаулығына байланысты үйден дауыс береді.
— Учаске таңғы сағат жетіде мемлекеттік Гимнмен ашылды. Біздің үчаскеде тіркелген белгілі блогер, ерікті Ануар Сандыбаев ең бірінші болып дауыс берді. Сағат 07.25-гі жағдай бойынша, 15 адам дауыс берді. Дені — жастар. Жастарымыздың еліміз үшін осындай маңызды күні өз таңдауларын жасап, белсенділік танытып жатқаны қуантады. Бірінші болып дауыс бергендерге шоколад, шәй сияқты шағын сыйлықтарымызды үлестірдік, — деді Светлана Оңғарбаева.
Бұл учаскеде дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін «Сазды» мәдениет үйі өнерпаздары концерттік бағдарлама әзірлеген. Учаске төрағасының айтуынша, бұл жерде түске таман ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button