Референдум

Қала әкімі дауыс берді

№30 қазақ орта мектебінің ғимаратында орналасқан №46 сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастады.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жергілікті уақыт бойынша 9.00-де аталған сайлау учаскесіне отбасымен бірге келіп, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді.
— Қала бойынша 343000 сайлаушы тіркелді. Бүгінде 175 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Барлығы талапқа сай жабдықталған. Тұрғындардың келіп дауыс беруіне ешқандай кедергі жоқ.
Мен еліміздің болашағы үшін дауыс беруді азаматтық борышым деп білемін. Сондықтан қала тұрғындарын рефендумға қатысып, белсенділік танытуға шақырамын. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын ата-әжелеріміз таңғы 7.00-де келіп өз таңдауын жасап жатыр, жастарымыз да белсенді.
Референдум — еліміз үшін маңызды шара. Алдымызда үлкен оң өзгерістер күтіп тұр. Ақтөбе жұрты ауызбіршілік танытып, өз таңдауын жасайды деп сенемін.
Қала учаскелерінде бүгін 1418 комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Таңнан бастап жұмысқа ерте кіріскен барлық комиссия мүшелеріне алғысымды айтамын, — деді Азамат Бекет.
№46 референдум учаскесінде тіркелген сайлаушылар саны — 2007. Бірінші рет дауыс берушілер — 21. Ал 20 адам үйден дауыс береді. Комиссия мүшелері оларға сағат 12.00-де барады. №46 референдум учаскесінің төрағасы Айман Жанғасиева сайлаушылардың қатысу белсенділігі жоғары екенін атап өтті.
— Қала тұрғындары таңертеңнен бері белсенді дауыс беріп жатыр. Екі сағат ішінде жүзге жуық адам таңдауын жасады. Бұл дауыс беру процесін 5 бақылаушы қадағалап отыр. Комиссия мүшелері өте қарқынды жұмыс істеуде, ешқандай заңбұзушылық әрекет тіркелген жоқ, — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Ақтөбеде сағат 7.00-де 175 сайлау учаскесі ашылды. Қаланың 343 000 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде 1650 адам үйден дауыс береді. Алғаш рет дауыс беретін жастардың саны — 5419.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button