Референдум

Темірліктер таңдау жасайды

Темір ауданында ертемен сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасап жатқандар аз емес. Олардың арасында ең алғаш рет осындай саяси науқанға атсалысқаны — 804 адам.
«Атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па?» — деген мәселені дауысқа салатын жалпыұлттық референдум үшін Темір ауданында барлығы 28 сайлау учаскесі жасақталған.
— Ауданда тізім бойынша барлығы 20832 адам референдумға қатысуы керек. Соның 619-ы — вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер.
Алғаш рет дауыс беретіндерге келсек, 2006 жылы туғандар — 358, ал 2005 жылы туғандар — 446 адам. Барлығы — 804 сайлаушы. Дәл бүгін, 6 қазанда 18 жасқа толатын 4 жас та осынау маңызды іс-шараға қатысады деп күтілуде, — дейді аудан әкімі Саламат Аманбаев.
Ауданда жалпыхалықтық дауыс берудің ойдағыдай өтуі үшін 29 сайлау комиссиясы құрылған. 165 адам референдум науқанының талапқа сай ұйымдастырылуын қадағалайды.
— Темір ауданындағы сайлау №368 референдум учаскесіне таңғы сағат 8-де келіп, өз таңдауымды жасадым. Өзім қалада тұрғанмен, жұмысым осында болғасын арнайы тіркеліп, дауыс бердім. Менің ойымша, кез келген адам референдумнан тыс қалмауы керек. Өйткені әркімнің дауысы маңызды.
Әріптестерім де таңмен таласа дауыс беруге асықты. Біздің тілек — еліміз тек өркендей берсін, — дейді мұнайшы Таңат Сайымов.
Айта кетейік, ауданда сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша қажетті кеңес алу үшін сall-орталық құрылған: 87134622576.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button