Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлерге арналған тренинг

Медиация

Ақтөбеде «Әлеуметпен өзара іс-әрекет жасау және қоғамдық қатынастар саласындағы жанжалдарды реттеу кезінде мемлекеттік қызметкерлерге арналған коммуникативтік дағдылар мен медиативтік технологиялар» тақырыбы аясында семинар өтті. Мемлекеттік қоғамдық қызметкерлерге арналған семинардың мақсаты — қала және аудан орталықтарында медиацияның қызметін жетілдіру.

Қоғамдық қарым-қатынас саласында медиацияны дамытуға бағытталған іс-шара екі күнге созылды.

Семинарға қатысқан мамандар көпшілікпен байланыс орнатудың ережелеріне тоқталды.

Облысымызда медиацияны жетілдіру мақсатында көптеген жоба қолға алынып жатыр. Соның басым бағытының бірі — қала мен аудандардағы медиацияның біліктілігін арттыру. Этносаралық медиацияны дамытуға, мемлекеттік қызметкердің көпшілікпен байланыс қызметін арттыруға бағытталған семинар-тренингке  жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының 25 өкілі қатысты. Халықтың көтерген мәселесін тыңдап, оларға тиісті жауап беретін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы үшін осындай тренингтердің маңызы зор. Олар қоғаммен тиімді қарым-қатынас жасау үшін қажетті коммуникативтік дағдыларды дамытуды, басқа адамдармен ауызша қарым-қатынас дағдыларын дұрыс қолдануды, іскерлік қарым-қатынас саласында өзін-өзі дамыту жоспарын әзірлеуді, жанжалды жағдайларда байыпты мінез-құлық танытып, әдепті сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың жаңа деңгейін үйренді, — деді Батыс Қазақстан медиация орталығының директоры Әлия Құртаева.

Семинар-тренингке қатысушы Ермек Әділбекұлының ауылшаруашылығы басқармасында қызмет атқарып жүргеніне биыл екінші жыл екен.

—  Қоғамда орын алатын жанжалды мәселелерді ескере отырып, оң шешім қабылдау, екінші тараптан қойылатын сұрақтарға дұрыс жауап беру — біздің басты міндетіміз. Бүгінде біз тәрізді жас мемлекеттік қызметкерлерге осындай семинар-тренингтер өте қажет. Өйткені тұрғындар тарапынан келетін сұрақтарға оңтайлы келіссөз жүргізіп, тиісті жауап беруде жауапкершілікпен қатар, жақсы диалог орнатып, байсалдылық танытқан дұрыс, — деді ол.

Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік, бастамашылық, әрекеттестік қасиеттерін дамытуға бағытталған іс-шарада мол тәжірибе жинадық дейді қатысушылар. Олар іс-шара соңында арнайы сертификатқа ие болды.

 Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button