Ғалым мұрасы зерделенді
Сақтаған Бәйішевтің туғанына — 115 жыл
Академик Сақтаған Бәйішевтің туғанына 115 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Бәйішев университетінде өткен форумға білім алушылар, жас ғалымдар, оқытушылар қатысты.
Ғылыми-танымдық форумда философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан сөз сөйлеп, академиктің ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі туралы айтты.
— Отызыншы жылдары қалыптасқан қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Сақтаған Бәйішұлы комсомол, қоғамдық ұйымдар, партия қызметтерін адал және заман талабына сай белсенділікпен атқарды. «Лениншіл жас» редакциясында жетекші қызметте болып, кейін Марксизм-ленинизм институтын басқарды, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болды. Сол жылдары Сақтаған Бәйішев бірінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ғылымның аса ірі ұйымдастырушысы, әйгілі журналист-публицист, мемлекет және қоғам қайраткері Сақтаған Бәйішев отыз жылдан аса депутат болып, шақырулардың бірінде республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Көрнекті ғалым 300-ден аса ғылыми еңбек, оның ішінде 7 монография жариялады. Республикада экономикалық ғылымды дамытуға және ғалымдардың лайықты ізбасарларын даярлауға сіңірген еңбегі де зор. Бұл әсіресе оның Ғылым академиясының вице-президенті міндетімен қоса, бірнеше жыл бойы Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтын басқарған кезінде жарқын көрініс тапты, — деді ол.
Екі күнге созылған салтанатты іс-шара «Жоғары оқу орындарының бастауыш ғылыми қызметкерлерін даярлау жүйесіндегі тәлімгерлік интеграциясы» форумымен жалғасты. Форумда жас зерттеушілер ғалым С.Бәйішевтің ғылыми мұрасы туралы зерттеу жұмыстарын таныстырып, баяндама жасады.
— Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сақтаған Бәйішұлы қазақ зиялыларына тән ізденістер мен қиыншылықтарға толы күрделі жолдан өтті. Бұл жолда ол өз халқына, өмірдегі мұратына адал болды. Сақтаған Бәйішұлының басшылығымен 60-70 жылдары талай ғылыми еңбек жарық көрді. Бұл күрделі монографиялар қалың оқушы қауымының, зиялылардың ой-өрісін дамытуға ықпал етті, сол кездегі республикадағы экономика ғылымын жаңа белеске көтерді. Талай тағдырдың қиын белестерінен күрескер жолымен өткен қайраткер, ұлағатты ұстаздың азаматтық жолы — бәрімізге мирас, — дейді университет магистранты Нұрлан Алтаев.
Іс-шара барысында кітапхана-баспа департаментінің директоры Ирина Магай С.Бәйішевтің еңбектерін насихаттауға бағытталған кітап көрмесін таныстырды. С.Бәйішев университетінің жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Бақыт Көлбаеваның айтуынша, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына қолдау, бағыт-бағдар беру мақсатында университет қабырғасында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
— Жас ғалымдар форумы — жастар үшін зор мүмкіндік, үлкен қолдау. Өйткені бұл жобаға қатысқан оқытушылардың, жас зерттеушілердің сабақ беру жүктемесі азайтылып, оларға ғылыммен айналысуға мүмкіндік беріліп жатыр. Сақтаған Бәйішев университетінде 6 үйірме бар. Оның үшеуі педагогикалық мамандықтарға арналған. Аталған форумда жас зерттеушілер академик-ғалымның монографиялық еңбектеріне талдау жасады. Форумға алыс-жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, докторанттар қатысып, өз ойларын ортаға салды, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.