«Ақтөбе» — 100!

Жүз жасаған жәдігер

(Әріптестерді әспеттеу)

Бұл Ақтөбе мазасыжоқ кент еді,

Демалмайды тіпті жел мен желкемі…

(Ертай Ашықбаев)

«Ақтөбе» газеті жүзге кепті… Өтіп бара жатқан уақыт. Сонау студент кезімізде Бердібай Кемал екеуміз өндірістік практикаға барған сәтімізде «Ақтөбе» алпысқа енді келіп жатқан-ды. Яғни бүгінгі жампоз жазушы Асқар Алтайдың жасында еді. Содан бері қырық жыл өтті. Бұл басылым өмірімізде елеулі із қалдырды. Сол тұстағы ұйымшыл ұжымды басқарған білікті басшы НұрқайырТелеуовтің келісті командасындағы Таңатар Шаңбатыров, Әкімжан Оралбаев, Идош Асқаров, Қуан Тектіғұлов, Төребек Досқалиев, Төлеміс Меңдіғалиев, Әмір Оралбаев, Кәдірбай Бекмағанбетов, Амангелді Смағұлов, Сексенбай Күлімбетов, Ертай Ашықбаев, Сатыбалды Сәуірбаев, Нұрмұхамед Дияров, Сағындық Ниянқұлов, Зияш Телеуова, Жұлдызбай Әндіров, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, тағы басқа аға буын әріптестерімізбен бірер ай бірге қызмет атқардық.

«Штаттың хабарынан білмей қорқып…»деп Ақтөбенің ақтаңгері, Алаштың ардақтысы Әбубәкір Кердері айтқандай, жетекшіміз Әмір Оралбаевтың табандылықпен талап етуімен, Нұрқайыр аға Бердібай екеумізді штатқа алды. Мен бұл басылымда өмірімдегі алғашқы және соңғы фельетонымды жаздым. «Ғажайып түс»деп аталады. Бір-ақ тұтам, бар-жоғы жүз елу-ақ жол дүние. Ленин ауданындағы (қазіргі Қарғалы) «Авангард»колхозының қысқа дайындығы туралы өткір әжуа сипатындағы бірдеңе еді. Общым, обал-сауапты біліңкіремейтін есерлеу кезіміз, бәрін де сойып салдым. Баспасөзді көзімен де, сөзімен де қатты қадағалап отыратын сол кездегі пәрменді партия үшінші курстың үрпекбас баласының шикілеу шымшымасына кәдімгідей мән бергенге ұқсайды. Ленин аудандық партия комитеті шұғыл түрде бюро мәжілісін өткізіп, менің фельетонсымағымды талқылап, «Авангард»колхозының төрағасы Аверченконы орнынан алыпты да тастапты. Ал керек болса… Міне, саған, ойнайсың«Ақтөбенің» азуымен… Өзі де орынтағы былқылдап, сұрқы қашып сүмірейіп жүрген біреу де, әйтпесе ашқұрсақ студент байғұстың ширығып әрі ширатылып отырып жазған шимай-шатпағының не қауқары бар дейсің?! Жазуға барғанымда көзі ілмиіп, күртесінің жағасын көтеріп ап, кежегесі кейін тартып тұрған-ды. Одан кейін фельетонға мүлде жолағаным жоқ, фельетон түгіл, сын мақаламның өзінен осы уақытқа дейін бір адам зардап шегіп көрмепті.

Ол кезде Ақтөбе облыстық газетінің аты «Коммунизм жолы» еді. Коммунизм зым-зия жоғалды, жолы жаңарды, бірақ салт-дәстүрлері жалғаса берді. Енді, міне, ғасырлық той… Айтпақшы, Ақтөбе университетінің журналистика бөлімінің алғашқы түлектері оқу бітіргенде екі жыл қатарынан мемлекеттік емтихан комиссиясын басқарған екенбіз ғой. Сөйтіп, ақтөбелік ақпарат өкілдерінің өсіп-өркендеуіне де азды-көпті тілеулес болыппыз. Солардың дені осы басылымда шыңдалды. «Ақтөбе»— Ақтөбенің айнасы. «Ақтөбе»— Ақтөбенің көзі мен құлағы. «Ақтөбе» Ақтөбенің абыройын аспандатты. Біреуі тырнақшаның ішінде, екінші сыртында жүр демесең, екеуін бір-бірінен бөліп қараудың жөні жоқ. Ерекше шайыр Ертай көкемнің жоғарыдағы Ақтөбе туралы аруздары екеуін де еркін кейіптей береді.

* * *

Бүгінгі «Ақтөбені» ойға алғанда, өзімді етене жақын тартқан екі адамым еске түседі. Біріншісі — қазақша және орысша екі газеттің де бас редакторы болған Әмір Оралбай ағам. Екіншісі — оңайлықпен өздігінен ешқайда аттап баспайтын мені осы «Ақтөбеде» практикадан өтуге жетелеп (дұрысы — желкелеп) ертіп келген досым Бердібай Кемал. Рухтары шат болсын! Ей, Бердібай, ақ Бердеш, «акимат» пен ақиқаттың арасында асыр салып жүргеніңде анда-санда соғып қуат алып тұратын арайлы «Ақтөбең» жүзге кеп жатыр…

* * *

Мерекелеріңіз құтты болсын, айбарлы ақпаратшылар, әлеуетті әріптестер! Аман болыңыздар! «Ақтөбенің» жасына жетіңіздер!

 Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button